31 мамыр – Қазақстанда Саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күні. Бұл күн 1997 жылы Қазақстан Республикасы Президентінің арнайы жарлығымен бекітілді, деп хабарлайды Malim.kz.
Тарихи деректерге сәйкес, қуғын-сүргін жылдарында Қазақстанда 125 мыңнан астам адам саяси айыптармен қудаланып, олардың 25 мыңға жуығы ату жазасына кесілді. Жазықсыз жазаға ұшырағандардың қатарында ұлт зиялылары мен мемлекет қайраткерлері – Әлихан Бөкейхан, Ахмет Байтұрсынұлы, Міржақып Дулатұлы, Мұхамеджан Тынышбаев, Тұрар Рысқұлов, Мағжан Жұмабаев, Сәкен Сейфуллин, Ілияс Жансүгіров, Бейімбет Майлин және Санжар Асфендияров сынды тұлғалар болды.
Сондай-ақ, Кеңес Одағының әртүрлі өңірлерінен миллиондаған адам Қазақстанға күштеп жер аударылды. Қиын кезеңде қазақ халқы көптеген этнос өкілдеріне пана болып, олардың аман қалуына ықпал етті. Кейін олардың көпшілігі Қазақстанды өздерінің екінші Отаны ретінде қабылдады.
Қуғын-сүргін құрбандары арнайы лагерьлерге жіберілді. Солардың бірі – Ақмола облысындағы әйгілі «АЛЖИР» лагері. Мұнда «халық жауларының әйелдері» деп танылған мыңдаған әйел азапты тағдырды бастан өткерді.
Тәуелсіздік жылдары тарихи әділдікті қалпына келтіру бағытында маңызды жұмыстар атқарылды. 1993 жылы «Жаппай саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтау туралы» заң қабылданып, оның нәтижесінде көптеген азаматтың есімі ақталды.
Бүгінде Саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөніндегі мемлекеттік комиссия өз жұмысын жалғастырып келеді. Мемлекет саяси және құқықтық тұрғыдан ақтаудың жаңа тетіктерін енгізіп, тарихи шындықты қалпына келтіруге күш салуда.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев өз үндеуінде: «Біз жазықсыз жазаланғандардың әрқайсысын есте сақтау арқылы ғана кемел келешекке жол ашамыз», – деп атап өткен болатын.
Зұлмат жылдардың қасіреті мен құрбандарының тағдыры – халық жадында мәңгі сақталатын тарихи сабақ. Бұл күн – өткенге тағзым етіп, тәуелсіздіктің қадірін терең түсінуге үндейтін маңызды дата.