Абай облысы соттарының баспасөз қызметінің хабарлауынша, WhatsApp және Telegram арқылы экстремистік материалдарды таратқан ер адам кінәлі деп танылып, 10 жыл бас бостандығынан айырылды, деп хабарлайды Malim.kz КазТАГ агенттігіне сілтеп.
«Абай облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында интернет-ресурстарды пайдалану арқылы терроризмді насихаттау бабымен айыпталған М. есімді азаматқа қатысты қылмыстық іс қаралды. (…) Жасалған қылмыстың сипатын, рецидивтің бар екенін және жасалған әрекеттің қоғамға жоғары қауіптілігін ескере отырып, сот М.-ға қатаң режимдегі қылмыстық-атқару жүйесі мекемесінде өтеу үшін тоғыз жыл бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады. Бұған дейінгі үкім бойынша өтелмеген жазаның бір бөлігін қоса отырып, сот түпкілікті түрде 10 жыл бас бостандығынан айыру жазасын белгіледі», – делінген хабарламада.
Сот анықтағандай, Семей қаласындағы №20 түзеу мекемесінде отырған сотталушы М. әлеуметтік желілер мен мессенджерлер арқылы радикалды идеология мен зорлық-зомбылықты насихаттайтын діни-экстремистік мазмұндағы материалдарды таратқан.
Тергеу барысында оның WhatsApp және Telegram арқылы азаматшаға қарулы жиһадты насихаттайтын және террористік әрекеттерді ақтайтын бейнежазбалар мен мәтіндер жібергені белгілі болды. Сараптамалар бұл материалдарда терроризм мен діни араздықты насихаттау белгілері бар екенін растады.