Абыл ақын өлеңдері

Абыл Тілеуұлы – 1777 жылы туып, 1864 жылы қайтыс болған. Тоқсан жасқа таяу жасаған ол Маңғыстау өңірінде дүниеге келген. Маңғыстау, Атырау өңіріне танымал ақын, жыршы болды.

Malim Админ

  • 10.09.2024

БАСЫНДА МИУА АҒАШТЫҢ САЙРАР БҰЛБҰЛ

Ау, тақсыр, алған жарың жақсы болса,
Көңіліңді дүниеде бір қалдырмас.
Басында миуа ағаштың сайрар бұлбұл,
Жігіттік - өтер, кетер бір қызыл гүл.
Қусаң да қос ат алып бір шалдырмас,
Қамшылап Әбу жылан мінсең дүлдүл.
Қусаң да қос ат алып бір шалдырмас,
Алтайы беріктен қашқан итке алдырмас.
Ау, тақсыр, алған жарың жақсы болса,
Көңіліңді дүниеде бір қалдырмас.
Алғаның жаман болса, басың күтпес,
Кей пенде, Тәңір салса, тастап кетпес.
Жігіттер, болсаң тату, жақсымен бол
Дүниенің асылындай баға жетпес.
Ел болмас мақтаса да кісі еліндей,
Жіп тұсау - жаман жолдас - кісеніңдей.
Қанша жақсы десең де соңғы жолдас,
Бола алмайды әуелгінің мүшеліндей.
Ханымды сен айтасың келіншек деп,
Ханды ханым айтпағай еріншек деп.
Тіліңді халқың алса да, қатының алмас,
Бұзаудай ноқта тартқан шегіншектеп.

 

БАТЫРЛАРДЫ ЖОҚТАУ

Мырзатай өлерінде налып өлді,
Қылышын қия жауға салып өлді.
Өлсе де Мырзатайдың арманы жоқ,
Жастығын өлерінде алып өлді.
Мырзатай өлерінде өрлеп өлді.
Қылышын ит дұшпанға сермеп өлді.
Мырзатай кім-кімнен де батыр еді,
Тіріде жауға намыс бермеп еді.
Бұл жаудан жақсы да өлді, жаман да өлді,
Мырзатай, Дулатұлы Қабан да өлді.
Тигесін ажал оғы, амал бар ма,
Маңдайын еш аудармай, табанда өлді.
Жау шаптыкөрген жан көп көзіменен,
Ер өлді Бүркітәлі, Кежіменен.
Бір пенде алай-былай десек дағы,
Алладан ажал жетті кезіменен...

 

*   *   *

Сексеннің біз де келдік жетеуіне,
Жаманның ергенім жоқ жетегіне.
Біз байғұс қалтақ-құлтақ етіп келдік,
Біздей шал жатып қалды төсегінде.

     

*    *   *

Қар жауар күн-түн оның қабағынан,
Жалбырар байтабасы балағынан.
Көк шұнақ лағы өлсе көгенінен,
Ойлайды азаяр деп жегенінен.
Ол жігіт отын алар, ошақ қазар,
Шықпайды қатынының дегенінен.
Ол жігіт отын алар, ошақ қазар,
Отырып от басында болар мазар.
Сөйлесіп азаматпен ақыл қоспас,
Сөйлесіп қатынымен дертін жазар.

     

*   *   *

Арғымақ атта сын болмас,
Қиған қамыс құлақсыз.
Азаматта сын болмас,
Арты болса тұяқсыз.
Айдын көлде сын болмас,
Жағасы болса құрақсыз.
Асқар тауда сын болмас,
Бауыры болса бұлақсыз.
Ақ киікте сын болмас,
Арты болса лақсыз.
Жеті арнада сын болмас,
Аяғы болса тұрақсыз.

 

MalimBlocks
Есет би өлеңдері

Есет би ХVIII ғасыр соңы мен ХІХ ғасырдың бас шенінде жасаған, өлең сөзде замандастарына дес бермеген би, шешендігімен, ақындығымен көзге түскен. Қазіргі Атырау облысы Қызылқоға аумағында дүниеге келген.