Ақын Несіпбек Айтұлының өлеңдері

Несіпбек Айтұлы (1950-2023) – Шығыс Түркістанның Тарбағатай аймағында туған. Ақын, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері. Таңдамалы жеті томдығы «Фолиант» баспасынан (2015 ж.) жарық көрген эпик ақын.

Malim Админ

  • 01.10.2024

ТАБАЛДЫРЫҚ

Халқыма қадірменді, табалдырық!
Тұрасың әр уақытта алаң қылып.
Үлкендер «Баспа!» дейді,
Аттап өтем,
Сыр бар-ау, ар жағында алар біліп...
Тіршілік қарағанда маған күліп,
Талпындым айналама,
Санам кіріп.
Аттатып кең дүниенің есігінен,
Шығарып салдың алғаш, табалдырық!
Келесің әлі күнге адам қылып,
Өмірдің өзегінен нәр алдырып.
Жасадым ерсі мінез өзім қанша,
Сенен бір байқамадым жаман қылық.
Көрсетіп жігерлілік, табандылық,
Жасқанбай талай жерге барам кіріп.
Үн-түнсіз сол баяғы қалпыңменен,
Алдымда тұрасың сен, табалдырық!
Біреулер жылап қарсы ап,
Қалар күліп,
Біреулер сенген болып, алар күдік.
Әйтеуір барлық сырым саған аян,
Бәріне куәсің ғой, табалдырық!
Үстіңнен өтті қанша заман жүріп,
Сайран сап...
Және тағы салар бүлік.
Өзіңнен дос та аттады,
Қас та аттады,
Бүлк етпей шыдап бақтың, табалдырық!
Алыстан аппақ шамын жағарда үміт,
Уайымның қара құлпын алам жұлып.
Есігін арманымның айқара ашып,
Жебеп жүр, қайда барсам, табалдырық!
Тосыннан үйіріліп қараңғылық,
Тағдырым тастағанда маған құрық,
Жолында асу бермес асқар болып,
Көлденең жатып ал, сен, табалдырық!

 

ТАҢҒЫ ШЫҚТЫҢ ТАҒДЫРЫ

Жарық дүние жалғасындай,
Ай нұрынан тамды сүт.
Қара түннің көз жасындай,
Мөлдіреген таңғы шық.

Сезетіндей көп тұрмасын,
Дірілдейді тізіліп.
Жел тербесе шөптің басын,
Жерге түсер үзіліп.

Бар тіршілік шөл қандырар,
Төгілгенде таң нұры.
Кімді бірақ толғандырар,
Таңғы шықтың тағдыры?..

 

*  *  *

Мазасыз күнді өткергем, түнді өткергем,
Кеудемде бір бұлтым жүр түйдектелген.
Болсам да қазанбұзар қара тентек,
Жүрегім Алатауды іздеп келген.
Еншіге емес жаным ділгір менің,
Басқадай баппен ұшып үлгірмедім.
Кім білсін, тарттым ба әлде алдарыңа
Піспеген көңілімнің бүлдіргенін?..

 

*  *  *

Қайдасыңдар, қайран достар, жанымның гүл шоқтары?
Қайдасыңдар, құрбыларым, жан-жүрегім жоқтады?
Мен қайдамын, таңертеңгі қайда шаттық күлкілер,
Бүгін неге қоңыр үнді қоңырауды соқпады?
Иә, мынау партам емес, аурухана төсегі,
Қайда күнім тай-құлындай асыр салған кешегі?
Шіркін, достар, назарыңнан мен қалайша тыс қалдым,
Жүрегімде басқаға емес, сендерге орын бос еді.
Көңілімнің көктемі еді алаулаған жүздерің,
Тас қабырға тіл қатпайды, мен сендерді іздедім.
Қайдасыңдар, қайран достар, кеттіңдер ме ұмтып,
Осындайда ойларыңа мен неліктен кірмедім?..

 

КӨКПАР

Кім береді тізгінді ақылына,
Дода көрсе төнеді атын ұра.
Қалың топты қақ жарып, ойхой, шіркін,
Серке санын басады ол тақымына.
Қыз-келіншек шоқтай боп төбедегі,
Қаздай бойлап қызыққа кенеледі.
Мұндайда ма, мұндайда әр бозбала –
Көз жазбайтын әр қыздың көбелегі.
Бір сәйгүлік жұлындай суырылып,
Әкетті, әне, намыстың туын іліп.
«Кім екен, ә?» – дегенде топ ішінде
Бір қаракөз күлімдер мұны біліп.

 

ТУҒАН ЖЕР

Туған жер, сенен кетерде
Жабығып, қатты жүдедім.
Ұшырсам саған жетер ме
Көгершін – менің жүрегім?..
Сапарым, бәлкім, шөлдетер,
Күтетін алдан бақ қанша?
Жанымды бір күй тербетер
Жоғымды іздеп тапқанша.
Жылдардың желі қуалап,
Қиырда жүрсем қыр кезіп,
Жатпа сен мені кінәлап,
Кетті деп туған ұл безіп.
Жарасып сұлу жазбенен,
Көктемгі гүлге оранам.
Жарысып аққу-қазбенен,
Бұйырса, бір күн оралам.

Байланысты жаналықтар

Думан Рамазан: Қожа Ахмет Иасауиді әлі толық таныған жоқпыз!

20.12.2024

Әуезхан Қодар. Түрік философиясы

19.12.2024

Мейірхан Ақдәулетұлы. Желтоқсан айнасы және ұлттық портрет

18.12.2024

Қалихан Ысқақ. Менің ағаларым

18.12.2024

Ақын Төлеужан Ысмайылов өлеңдері

17.12.2024

Әуезхан Қодар: Біз Абайдан алыстап кеттік

17.12.2024
MalimBlocks
Думан Рамазан: Қожа Ахмет Иасауиді әлі толық таныған жоқпыз!

Арабтың дүние-танымы мен тілін орынсыз тықпалау, өмір салтын ұстану – жақсылық емес

Әуезхан Қодар. Түрік философиясы

Мейірхан Ақдәулетұлы. Желтоқсан айнасы және ұлттық портрет

Қалихан Ысқақ. Менің ағаларым

Ақын Төлеужан Ысмайылов өлеңдері

Ысмайылов (Исмаилов) Төлеужан Мұхамаджанұлы (1932-1972) - ақын, сатирик, аудармашы. 1932 жылы 15 мамырда Семей облысы (қазіргі Шығыс Қазақстан облысы), Абыралы ауданы, Қайнар ауылында дүниеге келген. 1951 жылы С. М. Киров атындағы ҚазМУ-ды (қазіргі әл-Фараби атындағы ҚазҰУ) сәтті аяқтап, «Жазушы» баспасына редактор қызметіне шақырылады. Қазақстан Жазушылар одағында әдеби кеңесші болып, Павлодар, Петропавловскі облыстық газеттерімен жұмыс жасап, «Лениншіл жас» (қазіргі «Жас Алаш») республикалық газетінде қызмет атқарды.

Әуезхан Қодар: Біз Абайдан алыстап кеттік

Ақын, аудармашы, мәдениеттанушы Әуезхан Қодардың ертеректе жарық көрген сұхбатын назарларыңызға ұсынып отырмыз.