Ақын Сәулеш Шәтенованың өлеңдері
Сәулеш Тәжіқызы Шәтенова 1963 жылы 16 тамызда Атырау облысы Жылой ауданында дүниеге келген. Әль-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің Журналистика факультетін бітірген. «Кең Жылой» газетінің бас редакторы. «Аудитория», «Қос ішек», «Ақ шағала», «Жылыой қаламгерлері» тағы да басқа жыр жинақтарына өлеңдері енген. «Сәулелі сәт» атты жеке жинағы шыққан. Республикалық жыр мүшайраларының жеңімпазы. Қазақстан Республикасының Мәдениет қайраткері.

Күнмен таласпа
Қара тасқа таңбаланып қашалған,
Айдан анық ақиқат бар алашта.
«Дөңгеленіп Күн батқанда, – деді анам, –
Ұйықтама, күрең Күнмен таласпа!».
Ай - апамның бейне күміс шарасы,
Мақпал түнде жұлдыздары нақ ақық.
Дейтін апам: «Екі кештің арасы-
Улап-шулап шайтан көшер уақыт».
Түн келеді қара шашын тарқатып,
Жұлдыздардан тана-моншақ тағынған.
Алты алашым туған Айға тіл қатып,
Сосын анау күрең Күнге табынған.
Тәжім етіп Көкке, Айға, Күн, желге,
Қайтқан қаздай бұл жалғаннан өткенбіз.
Құстарға ұқсап көшіп-қонып жүргенде,
Табиғатпен тамырласып кеткенбіз.
Табиғатты алаш Тәңір тұтқанда,
Табиғат та тартты уыздан сыбаға.
Күн күркіреп- дүркіреп шөп шыққанда,
Аймалады жүзімізді Күн-ана.
Дала заңы жоқ алаштан өзге елде,
Бала қыз ек тыңдап өскен шешені.
Күнмен талас ұйықтамаймын, сол кезде,
Жын мен пері түнегіне көшеді.
Күн де батар төбеге ат шалдырып,
Бір сұлулық қонақтатып далаға әр.
Алтындарын ұрпағына қалдырып,
О дүниеге көшіп кетті бабалар.
Бақсы қыз
Ысқышпен қобызынан сарын үзген,
Ілесіп Күн астында сағым ізбен,
Бақсы қыз күй шалады – әні ерек,
Қыпшақы сәні ерек бәрімізден.
Ішекке жанып алып қыл ысқышын,
Қадаған тақияға құс үкісін.
Бақсы қыз қобызымен қосық айтып,
Емдейді жан - ағзаның мың мүкісін.
Дөңгелек жүзі аумайтын сары Күннен,
Бақсы қыз көзді арбайды жарығымен.
Емдейді дерт мүжіген жүректерді,
Биенің саумалындай сарынымен.
Шанағы қобызының жылап-сықтар :
-«Аз ба еді адам жасаған қиянаттар?
Мың ғасырда өшер ме Жер мен көкке,
Жағылған жамандықтар- қара дақтар?».
Осылай нар қобызы зар жылаған,
Бақсы қыз Күндей жүзі албыраған.
Жаралғалы тынбаған тас ғасырдан,
Өксиді кәрі қобыз қалжыраған.
Жер ұғар, аспан ұғар ұқса мұңын,
Ұқсатқан қиқулаған құсқа үнін.
Бақсы қыз сұңқылдайды, төбесіне,
қадаған қауырсын мен құс мамығын.
Сопы ата
Ақ сәлде орап алдамшы анау сағымнан,
Ақ бор төбе ақ бөз мата жамылған.
Айдалаға анда-санда мейман боп,
Алақұйын өте шығар сабылған.
Бұл төбелер жайлы аңызды есіткін:
Бұл төбеде тыйған құлқын-несіпті.
Сопы баба қылеуетке түсіп ап,
Сұм жалғаннан біржола баз кешіпті.
Құзғын - тірлік кетпес үшін үзіп жеп,
Құбылаға бұрған екен жүзін бек,
Адамзаттан екіжүзді аулақтап,
Дүниеден де жылтыраған қызыл бет.
Атам құсап бор төбеден ассам ба?
Сөйтіп барша пенделерден қашсам ба?
Батар Күнге қарап ұзақ телміріп,
Бабалардың фалсапасын ашсам ба?
Шыңырау тұр, ана жерде - мазарат,
Жел жоқтайды әлденені азалап.
Адамдардан алыстаған сайын мың,
Неге ауа да, Жер де , Көк те тазарақ?
Сопы атама мекен болған борлы алап,
Ойға шомып, отырсам ба жол қарап ?!
Құм бетінде уақыттай сусыған,
Бір кесіртке бара жатыр жорғалап...
Әжемнің «көзі»
Ақ жаулығын орай бір тартқан басына,
Бешпетіне қадамақ болып түймесін.
Әжем мені шақыратығұн қасына,
Сабақтай алмай, үш оқталып инесін.
Айналып та толғанып жақсы көретін,
Мен үшін жұлып беруші еді өзегін.
Жып еткізіп жібін өткізіп беретін,
Ал мен оның ине сабақтайтын «көзі» едім.
Ине мен жіп жортып бір кетсе селбескен,
Дейтұғын маған: «Көзіңнен сенің айналдым».
Жұмаққа айттап кетті әжем мәңгі келмеске,
Күннен де ыстық құшағын маған жайған мың.
Көзі едім оның, көзіміз біздің ұқсайтын:
Қойдың көзіндей қоңырқай, мөлдір, кішірек.
Деп едім бірде көрпені көктеп, тыстайтын,
Инемді қойдым сабақтай алмай үш рет.
Көзі едім оның қалдырған мына жалғанға,
Батар Күнменен бірге сөнгенде кешқұрым.
Қолдары оның маңдайдан сипар армандай,
Жетіспей маған, кездерде кейбір өксідім.
Көзімін оның көзімнен жарық сөнгенше,
Тербетіп жатыр әжемді бесік – Жер мекен.
Ал ұлым менің қыдыратын болды түн болса,
Маған бір «көз» тауып әкелейін деп жүр ме екен !?
Қойдың көзіндей қоңырқай, мөлдір, кішірек...
ҚЫПШАҚТЫҢ ОҒЫЗҒА ЖАЗҒАН ХАТЫ
Құс ұша алмас даламыздың төсінде,
Құсқа ұқсайтын бабамыздың көшінде.
Мың қаттаулы шежіремізді ұрлаттық,
Бірақ мылқау тарихтың ол есінде.
Ит итектен, жау жағадан алғанда,
Баба біздің мерт болды арманда.
Қызыл Күнмен бірге батып іңірде,
Ақырғы рет қарап еді жалғанға.
Жалғыз куә аспандағы сары Ай,
Сатпайтұғын адал досқа жарымай.
Көз жұмғанда, ұлы Тұран ұрпағы,
Шашылған-ды жер бетіне тарыдай.
Оғыз баурым, біздің парыз мың батпан:
Мылқау тарих қарияға сыр баққан.
Тіл бітіріп, шежіремізді жырлату,
Баба- таулар, Ана- теңіз ұрлатқан.
Еділ, Алтай, Сібір менен Қап тауы,
Жел тонаған шежіремізді сақтады.
Біздің міндет- әз арманын орындау,
Бабамыздың көзін жұмар шақтағы.
Айдай өңдім, жүрегімнің ұқшы әнін,
Егіз тамшы судай саған ұқсадым.
Сағынышын сар далада сарнатқан,
Осы жырды жазған бауырың- қыпшағың.
КОҢУРЭЙ
(Алтай, хакас, қырғыз халықтары арасында
кең таралған көнеден келе жатқан ән)
Алты түмен жылқыны айдап салған жер еді,
Алты қырдан асырып ала шаң қып келеді.
Алтайымда асқақтап, «Коңурэй» деп атаған,
Алты ғасыр тынбастан айтылатын ән еді.
«Коңурэйге» салғанда құрығымен «құр-құрлап»,
Көңіл жетім құлындай шабар еді шұрқырап.
Бұғы үстінде бір бала, бұғы қанын ішкен ол.
Бұғының ай мүйізі тұрар еді сырқырап.
Тілім-тілім жүректі тілгілеп ән барады,
Киесі еді бұл таудың маңыраған маралы.
Түкті жүрек түркілер алтын мен жез киініп,
Аңыздардан жаралып, осы Алтайдан тарады.
Алтайымның шыңдарын қар алар да бұлт шалар,
Алтын Күннің шапағы алтын шаштай таралар.
Алты ғасыр шырқалған ән еді бұл «Коңурэй»,
Алпыс ғасыр әлі де шамырқана шырқалар.
Күллі әлемге бастайды анау таудан түскен жол,
Төрт тарапқа тарады күңірене көшкен ел.
Алты ғасыр шырқалған әннің аты «Коңурэй»,
Бұғы үстінде бір бала, бұғы қанын ішкен ол.
ӨЗІМШІЛДЕР СҮЙЕ АЛМАЙДЫ ЕШҚАШАН...
Сені сүю - тауды сүю такаппар,
Тауды сүйіп көрмеп едім мен бұлай.
Шыңдай биік бойыңа анау парапар,
Болу үшін ұмсынамын енді ұдай.
Шырқ айналған көз ілеспес құйынды,
Бұрын- соңды көрмеген ем құшақтап.
Сені сүю- қиынның да қиыны:
Сол құйынға жөнелесің ұқсап қап.
О, мен жақсы-ақ әйел затын түсінем:
Көрмей қалай тұра алады сені олар?
Қызғаныштың қызыл шоғы ішімнен,
Жүрегімді етер талай жарадар.
Жеріп менен, іздеп қайта- сәт-сайын,
Шырғалаңмен шығарып сан есімді.
Азабың мен тозағыңнан оқсаймын,
Сонда- дағы кеп тұрады кешіргім.
Өзімшілдер сүйе алмайды ешқашан,
Өзімді өзім құрбан қылдым , сірә, мен.
Ерек болмай, өзгелерге ұқсасаң,
Сені ерекше сүйе алмаған болар ем.
Мына өмірге ғашық болып қалғанмын,
Тау тұлғаңа ғашық болу арқылы.
Мың азапқа айырбастап алғанмын,
Бір жарқ еткен жанарыңның жарқылын.