Мереке Құлкенов: Жазушылар арасында рушылдық жоқ

Қазақстан Жазушылар одағының төрағасы Мереке Құлкенов одақтың баспалардан басқа ешқандай мекемеге қарызы жоғын, қаламгерлер арасында рушылдық дерті азайғанын және мемлекеттік сыйлық кезіндегі талас-тартыс туралы айтты. Бұл туралы ол www.kaz.inform.kz сайтына берген сұхбатында әңгімелеген.

Аялдар Күнтуған

  • 08.11.2024

Мереке Құлкенов Жазушылар одағы қоғамдық ұйым болғандықтан, мемлекеттен алатын тендермен, өзара келісім арқылы жасалған жобалармен және одақ ғимараты мен шығармашылық үйін жалға беруден түсетін қаржымен күн көріп отырғанын жеткізген.

– Бізде ондай бюджет деген сөз қиындау. Біз өздігімізден күн көріп отырған ұйымбыз ғой. Жазушылар одағының үлкен ғимараты бар. Соның біраз жерін арендаға беріп отырмыз. Содан ақша түседі. Содан кейін Әл-Фараби атындағы шығармашылық үйіміз бар. Соны арендаға беруден табыс көреміз. «Қазақ әдебиеті», «Жұлдыз», «Жалын», «Простор» деген газет, журналдарымыз бар. Олар министрліктен тендер алады. Осы ақшамен күн көріп отырмыз. Ал «мынандай бюджетіміз бар» деп айту қиын. Нақты айта алмаймын.

Мен одаққа төраға болып келгеннен кейін ел Президенті стратегиялық серіктестік аясында жұмыс істеу туралы тапсырма берді. Сол серіктестік аясында үш жобаны ұтып алдық. Біреуі – Қазақстанның әдеби панорамасы. Екіншісі – ТМД елдерінің архивіндегі қазақ әдебиетінің құнды дүниелерін елге қайтару. Үшіншісі – жас буынды әдебиетке баулу. Осы үш жоба бойынша жақсы жұмыс істедік. Әр облыстан бір-бір адам келіп осында оқу оқыды. 14 облыс пен 2 қалаға жас жазушыларымыз барып, зерттеп, шығармалар жазып жатыр.

Архив туралы айтсақ, Мәскеу, Баку, Ташкент, Ереван, Бішкек архивтерінің бәріне барып, Қазақстан жазушыларымен байланысты дүниенің бәрін сүзіп алып шықтық. Ол ертең 16 кітап болып шығады. Осының бәрі мемлекеттің жасап жатқан қамқорлығы, –  дейді одақ басшысы.

Журналистің мемлекеттік сыйлық алу кезіндегі кейбір қаламгерлердің пікірлері жайлы сұраған. Дауысты ашық санауға не кедергі деген оның сұрағына: «Ешқандай кедергі жоқ. Мемлекеттік сыйлықтың өз комиссиясы бар. Мен де сол комиссияның мүшесімін. Кеше өкпелеп жатыр. Биыл мемлекеттік сыйлықтың иегері болған екі адамның біреуі – ақын Светқали Нұржан, екіншісі – сыншы, әдебиет теориясының үлкен ғұлама ғалымы Құлбек Ергөбек. Оның сыртында 13 адам қалып қойды – белгілі бір дауыс ала алмай қалды. Өкпелеп жазып жатыр. Кеше «Жас Алашқа» шықты. Біздің бір жақсы көретін жазушымыз өкпесін айтып жатыр. Оның өкпесінің 90 процентін біз қабылдамаймыз. Ондай болмайды. Егер ол керемет болып, басқа жұрттан артық тұрса, неге 12 адам оған қарсы дауыс береді? Осындай нәрсе бар. Сол комиссияның үш адамнан тұратын есептеу комиссиясы бар. Сол комиссия біздің даусымызды ұрлап қойды дегенге саятын артық әңгімелер айтылып жатыр. Олай емес. Светқалиға әңгіме жоқ, керемет ақын. Екі турдан да керемет өтті, бәрі дауыс берді. Құлбектің бәйгесіне де ешқандай дау жоқ. Оның ғалымдығына, әдебиетті бір кісідей білетініне, қазіргі қазақ әдебиетіне тигізіп жүрген үлесіне ешкім күмән келтіре алмайды. Ол да жеңіп шықты. Қалғандары дауыс алса қайда қалды? Мен оған не істеймін? Жұрттың бәріне жүгіріп барып, «мынаған дауыс бер» деймін бе? Айта алмайсың олай. Міне осындай өкпе бар», – дейді Мереке Құлкенов.

Жазушылар арасында жершілдік, рушылдық бар ма деген сұраққа «қазір ондай үрдіс байқалмайды» деп жауап берген.

«Бұрын болған шығар. Қазір жоқ. Қазір болуы мүмкін де емес. Қазіргі геосаясаттың кезінде ру-румен жікке бөлінгеннен ештеңе шықпайды. Қазақстан Жазушылар одағында бір ғана саясат, бір ғана идея бар. Ол – талантқа көмектесу, дарынды қаламгерлерді жарыққа шығару. Кеше біз жас жазушылар жазған үш романды талқыладық. Үшеуі үш жақтың жазушысы. Рушылдық болса, бұлай болмас еді. Оларға демеушілік жасап отырған адамның кім екенін де білмеймін. Құрылысшы жігіт екенін ғана білемін. Үшеуіне үш ай бойы ай сайын 500 мың теңге төлеп отырып осы романдарды жазғызды. Менің орынбасарым Бейбіт Сарыбайдың ұсынысы бойынша осындай жоба іске асты. Нәтижесінде «Абыл мен Қабыл», «Ағыраптағы аты жоқ адам», «Мұтылған» дейтін жақсы туындылар дүниеге келді», – дейді жазушы.

Сондай-ақ, ол кезінде одаққа тиесілі мүліктердің көбін дауламайтынын, тек өзінен бұрынғы басшылықтың жазушылардың шығармашылық үйін 15 жылға жалға беріп жібергендерін түсінбейтіндерін жеткізген.

«Бірінші сол базарды айтатын шығар. Ол баяғыда бітіп кетті. Мен ол базардың мәселесін білмеймін. Басқа Әл-Фараби атындағы шығармашылық үйі өз қолымызда. Ол жерде бір кішкене нюанс бар. Менен бұрынғы адамдар 5 жылға келіп, бірақ 15 жылға келісімшарт жасап кеткен. Соны біз өзгерте алмай жүрміз. Бірақ бәрі бір мемлекеттің меншігінде. Бес жылға сайланды ма, 5 жылға ғана жалға беруі керек қой», – дейді Мереке Құлкенов.  

Байланысты жаналықтар

Қазақстан Жазушылар одағының төрағасы Мереке Құлкенов референдумда дауыс берді

06.10.2024

«Дарын» жастар сыйлығына байқау жарияланды

17.09.2024

Тынымбай екеуімізге сыйлық беруге Алдан Смайыл қарсы болған

21.12.2020

Тынымбай Нұрмағанбетов мемлекеттік сыйлықтың иегері

08.12.2020

Тынымбайға сыйлық бермегендері өте ұят болды

05.11.2020

Мемлекеттік сыйлық туралы қаламгерлер пікірі қандай?

10.09.2020
MalimBlocks
Қазақстан Жазушылар одағының төрағасы Мереке Құлкенов референдумда дауыс берді

Ол референдумның демократияны нығайту жолы екенін атап өтті

«Дарын» жастар сыйлығына байқау жарияланды

Конкурсқа 35 жасқа дейінгі, мәдениет, ғылым, медиа және спортта жетістіктері бар қазақстандықтар қатыса алады

Тынымбай екеуімізге сыйлық беруге Алдан Смайыл қарсы болған

Тынымбай Нұрмағанбетов мемлекеттік сыйлықтың иегері

Тынымбайға сыйлық бермегендері өте ұят болды

Мемлекеттік сыйлық туралы қаламгерлер пікірі қандай?