Шернияз ақын өлеңдері

Шернияз Жарылғасұлы 1817 жылы қазіргі Ақтөбе облысы Ойыл ауданында дүниеге келіп, 1881жылы Атырау облысы Қызылқоға ауданында қайтыс болған. Аса танымал халық ақыны. Кіші жүз қазақтарының Исатай, Махамбет бастаған ұлт-азаттық көтерілісіне қатысып, оның жалынды жыршыларының бірі болды.

Malim Админ

  • 11.09.2024

*  *  *

Тостағанды қолға алып,
Айқай салған жиырма бес;
Шаншатұғын найзадай
Қылтың еткен жиырма бес;
Шабатұғын қылыштай
Жылтың еткен жиырма бес.
Жиырма бестен өткен соң,
Орда бұзған отыз бес.
Отыз бестен өткен соң,
Қынсыз қылыш қырық бес.
Қырық бестен өткен соң,
Емен шоқпар елу бес.
Елу бестен өткен соң,
Әрмен-бермен алпыс бес.
Жетпіс беске келген соң,
Сексен беске жеткен соң,
Ұлың жүрер ұялмай,
Қызың жүрер тіл алмай,
Сол мезгілде жүрерсің
Белге соққан жыландай.
Сексен бестен өткен соң,
Тоқсан беске кеткен соң,
Шөңге болар түсіңіз,
Жылап тұрар ішіңіз,
Бойдан кетер күшіңіз.
Сол мезгілде болғай - ау
Сыйлайтүғын кісіңіз.

 

*  *  *

Сөз сөйлеймін бөлмелеп,
Әр нұсқадан термелеп.
Сөйлеген сайын кетеді
Қызыл тілім өрмелеп.
Өлген адам тірілмес,
Әркімге келер бір кезек.
Құлағың сал да, тыңдай қал,
Қалағаның сөз болса.
Сөйлемей қалар деп пе едің,
Біздің тұқым елгезек.
Асылдарға ой керек,
Шығаруға сой керек;
Жиырма бестің күнінде
Бозбалаға той керек;
Әр нәрсенің жөні бар
Сұлу қызға бой керек;
Жұртпен теңгеріп тұруға
Әділ төре, хан керек;
Ханның көркін сұрасаң,
Қара орман ел керек;
Жұрт жабылып ішетін
Айдын-шалқар көл керек;
Көл жағалай қонуға
Көкорай шөпті жер керек;
Ел үстіне жау келсе
Көк бөрідей ер керек.
Ер астына мінетін
Бәйге бермес сұр керек;
Ертеден шапса, кешке озған,
Ылдидан салса, төске озған.
Ұзақшыл тарлан, тар мықын,
Қысқа мойын сұр көжек.
Аттан аттың несі кем,
Өзі тарлан көк болса?
Ерден ердің несі кем.
Айтқан сөзіне берік болса?
Хандардан ханның несі кем,
Халыққа әділ ерік болса?
Жалы кетсе мойнынан,
Арғымақ ат шаба алмас,
Нардан туған жампозға
Арыса кіре сала алмас,
Көмексіз болса ер жігіт
Жалғыз теңдік таба алмас,
Жалғыздың ісі оңа алмас,
Көптің ісі жоғалмас.
Асыл сойдың баласы
Тартысқан жерде сөз табар,
Жайқын-жайқын жүйрік бар
Бауырын жазып бір шабар
Азып туған жаманды
Түйе үстінен ит қабар.
Екі сырттан ит болса,
Қой алдырмас қорадан.
Екі жігіт тең болса.
Ат жібермес арадан.
Қарындастың қайғысын
Қарап жүрер даладан.
Заман да келді қырыннан,
Қамыңды же бұрыннан.
Бұрынғы заман билерде
Арзан бір бар ма еді бұзылған?
Сөйлеп жүрген тіл мен жақ,
Құр қалдырмай ырымнан.
Бәрімізге ай ортақ,
Қайырлы болса, бай ортақ,
Жақсы болса, би ортақ,
Көп жасаған көне ортақ.
Жаман адам не керек,
Жақсының елге бәрі ортақ.
Ел жабылып ішуге
Айдын-шалқар көл ортақ.
Ай батқан соң, күн ортақ,
Күн батқан соң, түн ортақ.
Алдыңғы өскен ағаға,
Жақсы болса, іні ортақ,
Жаман болса, кім ортақ?
Сөз тыңдауға мен ортақ
– Ай жігіттер, жігіттер,
Жердің жүзін қарасаң,
Мұнша неге кең болған?
Жеті мүше денеміз
Бір-біріне тең болған.
Төрт аяқты айуандар
Неге адамнан кем болған?
Жарық үшін күн болған,
Тыным үшін түн болған.
Тамашалап қарасаң,
Ай мен жұлдыз, күндіз, түн,
Орман, тоғай, от пен су,
Таң-тамаша, кім қылған?
Құрт-құмырсқа, ұшқан құс
– Бұ да басқа түр болған.
Асқар, асқар, асқар тау,
Етегінен балапан
Басына шарлап шыға алмас,
Бауырынан күзен ін қаза алмас,
Сұңқардан сұлу құс болмас,
Жүні қатпай ұша алмас,
Бидайықтан сұлу құс болмас,
Бағуы сыйлы болмаса,
Ең игісі түк те алмас.
Ағайынның ішінде
Бір жақсысы бар болса,
Түртіп оны көре алмас;
Ол жақсы қолдан кеткен соң,
Басқа қиын іс түссе,
Ел қыдырып таба алмас.
Асқардан ұшқан су бүркіт
Еділдің аңын іле алмас.
Өліп жатқан сұққардың
Жүніне қарға қона алмас.
Кешегі айтқан көп жаман
Бір жақсыдай бола алмас.
Басыңнан ұшса дәулетің,
Айналып қайта оралмас.
Жақсысынан айрылса,
Құр жамандар оңбайды;
Аңдып жүрген дұшпаны
Қанатын тігіп қомдайды.
Батпансынған бай да өлер,
Зулап өтер басыңнан
Баяны жоқ дүниелер.
Болжалды күн болған соң.
Дүниеден кім қалған?
Батыр өткен шабынған,
Жүйрік өткен шабылған
Кербез өткен тағынған,
Сұлу өткен жағынған,
Не жайсаңдар өтпеген
Озған жүйрік табыннан.
Неше шешен ақындар,
Жау жүректі батырлар,
Жас басынан қағынған.
Шалқыған заман бар еді,
Іздегенің табылған.
Малдан есеп берген соң,
Шыр айналып жүрген соң,
Аузы ала алашым
Сол күндерді сағынған.

*  *  *

Көл қылып құйдым талай судай ағын
Сөйлей көр өлмей тұрып, тіл мен жағым
Дүниенің машақатын шектім талай,
Алмасын тірлікте ердің бағын.
Қызыл тіл сөз сөйлесем безерілген,
Заманы жылдан-жылға шегерілген.
Әр жерде алқа көрсем, тұра алмаймын,
Осындай қызыл тілге шеберімнен.
Өзім де сөз айтуға шебер-ақпын,
Сөйлеуге ернім епті емерілген.
...Мал қолда, жан ұяда тұрған шақта,
Тұрады айтқан сөзің жарасып-ай.
Немене айтып-айтпай, Тәңір деген,
Дүние бастан өтіп барасың-ай.

Байланысты жаналықтар

Белгілі журналист Өмірзақ Ақжігіт өмірден озды

21.02.2025

Дидар Амантай – Жоқ іздеген жазушы

18.02.2025

Ақын Ұларбек Дәлей өлеңдері

18.02.2025

Мағжан - Күн перзенті

17.02.2025

Дидар Амантай. Қызыл іңір

17.02.2025

Ырысбек Дәбей. Әкелеріміз айтатын әңгіме

12.02.2025
MalimBlocks
Белгілі журналист Өмірзақ Ақжігіт өмірден озды

Ол бірқатар республикалық, аймақтық басылымдарда жемісті еңбек еткен

Дидар Амантай – Жоқ іздеген жазушы

Ақын Ұларбек Дәлей өлеңдері

Мағжан - Күн перзенті

Дидар Амантай. Қызыл іңір

Ырысбек Дәбей. Әкелеріміз айтатын әңгіме