Жәркен Бөдешұлының жырлары

Ақын Жәркен Бөдешұлы 1944 жылы 15 мамырда ҚХР-дың Тарбағатай аймағы Толы ауданындағы Жайыр тауында дүниеге келген. Азан шақырып қойған аты – Жармұхаммед. 2021 жылдын 22 cәуірінде өмірден озды. «Алаш» халықаралық әдеби сыйлығының, көптеген жыр мүшәйраларының жеңімпазы. Еліміздегі көптеген баспаларда, Дүниежүзі Қазақтары қауымдастығында, Қазақстан Жазушылар одағында қызмет істеді. «Емендер түнде бүрлейді», «Жұлдызға орын ай бермес», «Бұрылыс», «Құбылыс», «Жұлдызтас» секілді ондаған кітаптың авторы.

Malim Админ

  • 22.08.2024

Жылқы кісінейді

Басып алды меңіреу, түнек көңілді – Ой,

Айналамның бәрі Қорқыт көріндей.

Жұлдыз да жоқ,

Шырақ та жоқ,

Ай да жоқ,

Алатау да бұғып қалды көрінбей.

Қараңғылық мұхитына баттым да,

Кісінеді мені күткен ат қырда.

Санамдағы бір тал қылын тұтаттым,

Шақпағымды жарқ еткізіп жақтым да.

Ақбоз ағып, жетіп келді жаныма,

Мен жармастым жануардың жалына.

 

Қу бас ат

Тірі болсаң Қабанбай мінген қу бас ат,

Құйрығыңнан алар ем-ау ту жасап.

Әлдеқашан кетер едік тоз-тоз боп,

Анамыздан батыр болып тумасақ.

Ақын болып тумасақ.

О, қу бас ат,

Қу бас ат.

Қу бас ат.

Толарсағыңмен тусырылған құмды асап.

О дүниеден кісінеші, күмбірлеп,

Бұ дүниеде қалайын мен мың жасап.

О, қу бас ат,

Қу бас ат.

Таға

Көрікті,

Күшті,

Жап-жас қазақсың.

Көш бастадың қаншама.

Әттең,

Әттең,

Атыңды тағаламапсың,

Жүрер жолың тас болса да...

Р.S.

Жел үргілеп өрген бұлт,

Қайырыла алмас бел асса.

Не ойлайды көрген жұрт,

Атың ақсап келе жатса...

 

Ұйқым келмейді

Мынау бір терең көл дейді,

Мынау бір терең көл дейді.

«Түбіне дейін бойласаң,

Шортандай шоршып ойнасаң –

Кеудеңді шабыт кернейді,

Маржанын соның тергей-ді».

Естігелі бұл гәпті,

Түнімен ұйқым келмейді.

 

***

Капитализм:

Металдың – сыңғыры.

Ақшаның – сылдыры.

Бұғаудың – шынжыры.

Қашағанның – шылбыры.

Мешкейдің – ындыны.

 

Несие

Бұйырса,

Бұл да несібең.

Ақша бәрін шешеді.

(Солай демей не дейік)

Банкіден алған несиең,

Балаңнан бұрын өседі,

Балаңнан бұрын көбейіп.

Аламан сауда жан-жағың.

Күнелтесің құм санап.

Несиеңнің қалғанын –

Немерең берсе

Бұл сауап.

Қарыздың тартып азабын,

Жүрегің сыздап аһ ұрса.

Бақыт деп біл ажалың,

Соттан бұрын шақырса...

Қарызсыз кірсең көріңе,

Жанарыңды ыстық жас шайып.

Пейіштің байтақ төріне,

Отырдым дей бер қасқайып.

 

***

Алматының көктемі кешеуледі,

Наурыздың қар боратты көсем желі.

Тал,

Қайың,

Алма,

Шие,

Шетен,

Мойыл –

Ереуілге шыққандай көше өрледі.

Емеурінін білдіріп иекпенен,

Басу айтты –

Сабырлы, сүйекті Емен...

 

***

Санам сары аяздай,

Миым қырау.

Жүрегім мұзға айналған,

Күйім мынау.

Ықыластың күйіндей күңіреніп,

Қолқасына қобыздың құйылдым-ау.

Мұндайда ошақты үйге тоқтау бақыт,

Алсайшы отқа аунатып,

Шоққа аунатып.

 

***

Тас көшеге желінген,

Екі өкшемде күтім жоқ.

Ұлтан, шеге, желіммен,

Берді етікші бүтіндеп.

Етігім қандай талайлы,

Көңілімді кім жамайды?

Түсінісу

Екі жылқы өзді-өзін,

Кісінесіп, қасынысып түсінді.

Екі пенде көздерін –

Шұқып, ұрып ісірді.

Сұрқы жаман заманның,

Көш секілді қаралы.

Ар-намысы адамның,

Ішімді өртеп барады.

 

***

Боз жусан,

Боз бетеге,

Боздақ қыр.

Боздақтарға бай елмін.

Ботасын ерткен боз інген,

Айналайын, көзіңнен –

Екі қабат әйелдің қасына келіп боздап тұр.

Құрсақта жатқан ұлан – ұл,

Тосып жатты құлағын...

Тоғыз ай тоғыз күн

Тоғыз қабат тұрғын үй бой көтерді түстіктен,

(Тоғыз айлық іс біткен).

Жеті балдық күшпенен сілкіп көріп сынады,

Уа, алақай, алақай,

Төтеп берді,

шыдады.

Сыннан өту болды оңай,

Тек зілзала болмағай.

Тоғыз ай, тоғыз күн дегенде,

Толғақ толып кемелге –

Кіндік жібін саумалап

Періштелер қаумалап

Шыр-шыр етіп, шыр етіп,

Түсті, түсті, сәби түсті – еденге...

Құдай жолын оңдағай,

Тек тоғыз балл болмағай.

 

***

Жер көгерді.

Мен қашан көгеремін,

Көгермей ішімде өлді көп өлеңім.

Қарақұмның семіртіп сексеуілін,

Қара нөсер жаудырсам деген едім.

Сыңсыған нуға айналып төңірегім,

Гүлдерді тозаңдатса көбелегім,

Араларым мұртына бал жалатып,

Масаларым мертіксе қанға батып.

Ойлағаным болса осы не дер едім,

Ауырмай, сырқамай-ақ өлер едім.

 

Өліп, тірілу 

Тағдырдың қуғынға сап өкпек желі,

Жоғалып кетсем керек көптен бері.

Ауылға біреу келіп үш жылдан соң,

Шекарада атылып кеткен деді...

Рас-ау, қарыс жерде қаза бар-ды,

Өксітті суық хабар жан анамды.

Туып-өскен ауылым күңіреніп,

Дұға оқып, шығарыпты жаназамды.

Р.S.

Бұл күнде секілдімін бір тірі елес,

Енді менің өлуім мүмкін емес.

 

***

Күн жылынды.

Тоң жібіді.

Жер көгерді.

Былтырғы қайтқан құстар елге келді.

Қарлығаштар тізілді сым бойына.

Терең әжімдеріме тер бөгелді.

Тоғысу

Айдай анық.

Күндей қанық –

Әр ісі.

Ой мен сөздің сіз – шыңырау Әбіші.

Найзағайдың шоғы түссе өртенер,

Мен – Жайырдың жолбарыс жатқан қамысы.

Шыңыраудан қауға салып су алдым,

Шөліркеген қамысымды суардым.

Жолбарыс жырым жосып шығып қопадан,

Ұзақ-ұзақ жортатұғын туар күн.

 

Еншілес екі өлең 

1. Намыс

 Жалған-ай...

Жалғызсырау қандай жаман,

Тарпаңның тамырында қан қайнаған.

Адасқан үйірінен құла бие,

Қосылды құландарға қақ жайлаған...

Көгертіп көктем келді мият құмды,

Жануар оқыс ойнап ұят қылды...

Тағының бетке басқан таңбасындай,

Құйрығы жоқ –

Жалы жоқ –

Тұяқ туды...

Қиналып терледі көл-көсір боп,

Көз жасы құлазыған шөлге сіңбек.

Жасырды жалыменен құлыншағын,

Төркінім – жылқы атаулы көрмесін деп.

 

2. Мінез

 Жылқы текті жануар ғой –

Құс қорек,

Оған біткен күмбір әуен,

Түс те ерек.

Оған біткен мінез бөлек,

Күш бөлек.

Сары жонда бөлініп қалған саяғын –

Үш-ақ күнде жатырқайды тістелеп...

Бұл заманның қабағынан қаймығып,

Сол мінезден қалса керек айырылып.

Әлдеқайдан қаңғып келген есекті,

Үйіріне қосып алды сәйгүлік.

Қыр астында қырағылық көз ілсе,

Ойран салар опасыз жау сезінсе...

Күмбір-күмбір кісінеудің орнына,

Шата қодық аңырайды өзінше...

 

Құс қиялы

Шынжырлаусыз

Томағасыз –

Құспын мен.

Құс болған соң:

Ұштым

Ұштым

Ұштым мен.

Көлбеңдеген көлеңкемді қайық қып,

Жүзіп өттім, дариялар, үстіңнен.

Ұшып өттім таулар, сенің төбеңнен,

Ұшып өттім жер бетімен көнерген.

Көне алмаймын отыруға омалып,

Басқа азаптың бәріне де көнем мен.

Қанатымды сыпыртқы етіп жер жүзін,

Тазалаймын лас, қоңыс,

Сең, мұзын.

Сілкіп, желпіп адамзаттың санасын,

Айдап шығам ішіндегі жел-құзын.

Көресімді ұшып жүріп көремін,

Ажал жетсе ұшып жүріп өлемін.

Көнбеймін-ау, жалынсаң да көнбеймін,

Тек шындықтың үкіміне көнемін.

Ай,

Жұлдыз,

Бұлт

Бермегесін жемісін,

Жерге қондым жем үшін.

Ей, адамдар, табалама сол үшін,

Ей, адамдар, табалама сол үшін.

 

Соңғы батыр

Қазақта – соңғы батыр Кенесары,

Атанды қоңыр болмай, неге сары?

Көз еті тым сарғайып кетеді екен,

Жауының көрінбесе төбе, шаңы...

Жалына алмас қылыш жанығанда,

Сілкініпті ол мінген жануар да.

Еркіндік,

Бостандық деп тастапты ұран,

Бойында Алты Алаштың қаны барға...

Қазақтың суалғанда құт тұмасы,

Жанарына шер болып бұқты жасы...

Тауында Кекіліктің кесілді де,

Алтынға бағаланды түкті басы...

Қонды да шыққан жаны сары құсқа,

Таң қалды ел, қара бұлтты жарып ұшса...

Тізесі бүгілмеген майданда қап,

Рухы кетті айналып сағынышқа.

Байланысты жаналықтар

Ақын Әлібек Шегебайдың өлеңдері

15.10.2024

Ақын Гүл Зарқұмар өлеңдері

10.10.2024

Ақын Алмас Темірбай өлеңдері

10.10.2024

Ақын Қуандық Шаңғытбаевтың өлеңдері

24.09.2024

Оқырманы көп ақын – Мұқағали Мақатаев

12.09.2024

Жыр құлагері – Ілияс Жансүгіров

09.09.2024
MalimBlocks
Ақын Әлібек Шегебайдың өлеңдері

Әлібек Шегебай, Оңтүстік Қазақстан облысы, Шардара ауданы, Сүткент ауылында дүниеге келген. Республикалық «Жалын» журналында жарық көрген өлеңдер топтамасына Т.Айбергенов атындағы сыйлық берілді. 2002 жылғы Астана қаласында өткен Халықаралық «Шабыт» фестивалінің лауреаты. Шығармашылықтағы жетістіктері үшін 2004 жылы Қазақстан Жастар одағының «Серпер» сыйлығының лауреаты атанды. 2002 жылдан Қазақстан Жазушылар Одағының мүшесі. Бірнеше жыр жинақтарына өлеңдері енген. «Алакеуім», «Әйнекке түскен Ай сәуле», «Ақ қауырсын» атты жыр кітаптарының авторы.

Ақын Гүл Зарқұмар өлеңдері

Гүл Зарқұмар (1974 - 2022) – 15 қыркүйекте Монғолияның Улаанбаатар қаласында дүниеге келген. Монғолия қазақ ақындары арасында өткен Алтын жебе жыр мүшәйрасының (1992ж), Ақтан Бабиұлының 100 жылдығына арналған мүшәйраның (1997ж) бас жүлдегері. Монғолия Жастар одағының алтын медалінің иегері, ақын. 2012 жылы Жалын баспасынан Жүректегі жүзік атты кітабы жарық көрді. Өлеңді монғол тілінде де жазады. 2022 жылы Алматыда қайтыс болды.

Ақын Алмас Темірбай өлеңдері

Алмас Темірбай (1979 жылы 22 қаңтарда туған, бұрынғы Көкшетау облысы, Зеренді ауданы, Ортақ ауылы) – ақын, жазушы, журналист. Республикалық жыр мүшәйраларының жүлдегері, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі.

Ақын Қуандық Шаңғытбаевтың өлеңдері

Қуандық Шаңғытбаев (1925–2001) – қазақтың белгілі лирик ақыны. Ақтөбе облысында туған. Көптеген жыр жинақтарының авторы.

Оқырманы көп ақын – Мұқағали Мақатаев

Қазақтың ақиық ақыны Мұқағали (Мұқаметқали) Сүлейменұлы Мақатаев 1931 жылы Алматы облысы Нарынқол ауданында дүниеге келген. 1976 жылы Алматыда, 45 жасында қайтыс болды. Ол қара өлеңге жаңа леп, қанат бітірді. Өз сөзімен айтқанда, «Күпі киген қазақтың қара өлеңінің үстіне шекпен жапты».

Жыр құлагері – Ілияс Жансүгіров

Ілияс Жансүгіров (1894-1838) – ақын, драмашы, прозашы. Қазақ жазба поэзиясын қалыптастырушылардың бірі. 1894 жылы Алматы облысының Ақсу ауданында дүниеге келген. Биыл ақынның туғанына 130 жыл толды.