Амангелді Құрметұлы: 3 күн емес, 3 жыл...

Ресей - Украина соғысы әлі тоқтамай тұр

Malim Админ

  • 24.02.2025

Осыдан 3 жыл бұрын, 2022 жылдың 24 ақпанында бәріміздің назарымыз Украинаға ауған-ды. Күні бойы медиа мен телеграм арналарынан көз алмадық. Өзгені қайдам, өз басым іштей үрейленгенмін. «Ресей кез келген сәтте көршісіне бас салуы мүмкін екен-ау. Тізімде біз де бар шығармыз»,-деп үрейленгенмін.

Сөйте тұра украиналықтардың жанталаса қорғанған сәттеріне куә болғанбыз. Киев көшелерінде қару-жарақ, молотов коктейлдерін таратқан, Гостомель түбінде жеңіл зениттік кешенмен құлатылған ресейлік тікұшақтардың видеосын көргенбіз. 2022 жылдың 25 ақпанында әйгілі Ан-225 ұшағының қиратылғанын да медиадан естігенбіз. «Киевті үш күнде алып қоя ма?»,-деп қауіптенгенбіз. Батыс сарапшыларының өзі «72 сағат қана төтеп береді» десіп жатқан кез еді. Бірақ, украиндар отан үшін от пен оқтан тайсалмады, барын салып шайқасты. Ал бүгін сол соғыстың басталғанына 3 жыл толды. Киев 3 күнде құламады. 2014 жылдан бері есептесек, Ресей тек Луганск облысының аумағын ғана толық басып алыпты. Өзгесіне иелік ете алмады. Керісінше украиналықтар байырғы орыс жерінің 600 шаршы шақырымдай бөлігін бақылауында ұстап отыр.

Былтыр соғыстың басталғанына 1000 күн толғанда біраз статистика жазыппыз. «2024 жылы ресейліктер әр шақырым үшін 44 адамын құрбан етіп жатыр»,- деп. Одан бері де біраз дүние өзгерді. Әрі соғыста мерт болғандарды түгел есептеу қиын. Екі жақ та өз қолайына жағатын мәлімет ұсынады.

Ресейліктер майдандағы шығын жайлы ресми мәліметті соңғы рет 2022 жылдың қыркүйегінде жариялаған. Одан кейіп тыйылды. Дегенмен кейбір деректерді айтайық.

• 2025 жылдың 14 ақпанында BBC мен «Медиазона» Ресейдің адам шығыны 564 мың болғанын жазды. Өлгені мен жараланғанын қоса есептепті.

• Ал нақты өлгендердің саны әлгі сеператистік ДНР мен ЛНР сияқты құрылымдарды қосқанда 234669 деседі. BBC осындай дерек тартты.

• 2024 жылдың желтоқсанында Украина президенті В.Зеленский 43 мың украиналық азамат қаза тапқанын мәлімдеген еді. Сәл төмендетілген дерек болуы мүмкін.

• Ukraine losses сайтында қазір 70 мың 400 адамның есімі жазылыпты. Демек Украина тарапынан қаза тапқандар саны осы 70 мыңнан төмен болмайтын сияқты.

• БҰҰ деректеріне сүйенсек соғыс салдарынан Украинада 12600 ден астам бейбіт тұрғын қаза тауып, 29 мыңнан астамы жараланған көрінеді. Қаза тапқандар мен жараланғандардың 2400 ден астамы бала екен.

• Украинадағы тұрғын үй қорының 10%-тен астамы бүлінген. Соның салдарынан 2 млн-нан астам отбасының баспанасы адам тұруға жарамайтын болып қалыпты.

• Соғыс салдарынан Украинада 3600 ден астам білім беру мекемесі бүлініпті.

• Соғыс басталғаннан кейін Украина ішінде 3,6 млн адам басқа аймаққа көшіпті.

• 2024 жылы Киев тұрғылықты жерінен көшуге мәжбүр болған 1,2 млн адамға әлеуметтік көмек беріпті. Оған жұмсалған қаржы 1,38 млрд долларды құраған. Бұл дегеніңіз соғыс басталардан бұрынғы көрсеткіштен 20 есе көп.

• БҰҰ 2025 жылдың қаңтарында Украинадан шетелге кеткен адам саны 6,9 млн болғанын хабарлады. Олардың 6,3 млн-ы Еуропада жүр екен. Бірер жыл бұрын шетелге қашқандар саны 8 млн-нан асқаны жайлы мәлімет тараған. Ол дерек өтірік сияқты.

• 2024 жылы Украинаның қорғаныс пен қауіпсізідкке арналған бюджеті 51,9 млрд долларды құрапты. Соғыс шығыны күн шамамен 142 млн долларды құрап жатыр.

• 2022-2025 жылдары Украина бюджетіне одақтастарынан 115 млрд доллар түскен деседі. Одан бөлек қару-жарақ та аз берілген жоқ.

• Киль университетінің дерегіне қарағанда АҚШ-тың әскери көмегі 64, қаржылай көмегі 50 млрд доллар болыпты.

• Соғыс салдарынан Украинаның коммуналдық шаруашылығына 3,5 млрд доллардың зияны келіпті. Мыңға жуық жылу қазандығы, 214 орталық жылу пункті, 354 шақырым жылу желісі бүлінген.

• Транспорт инфрақұрылымына 38,5 млрд долларлық зақым келіпті. 260 мың көлік бүлінген немесе жойылған деседі.

Дегенмен Украина осы соғысқа қарамастан тіршілігін жалғастырып жатыр. 2024 жылы Украинаның экспорты 41 млрд долларды құраған. Соғысып жатқан ел үшін меніңше бұл үлкен жетістік.

Ал майдандағы Ресейдің шығынына келсек, ол да аз емес. Украиналықтар орыстың 10168 танкін, 21 мыңнан астам әскери бронды машинасын, 23 мыңнан астам артиллериялық жүйесін (зеңбіректер, минометтер, өздігінен жүретін артқондырғы), 1300 ге жуық дүркіндетіп ататын реактивті қондырғысын (РСЗО), 1081 әуе қорғанысы кешенін, 370 ұшағын, 331 тікұшағын, 26 мыңнан астам ұшқышсыз ұшу аппаратын, 3064 қанатты зымыранын, 28 кемесін, 1 сүңгуір қайығын, 38 мыңнан астам автомобиль мен автоцистернасын, 3700 ден астам арнайы техникасын жойғанын мәлімдеді.

Солай. Іштей тілеулес болсақ та, Украинадағы соғысқа етіміз үйрене бастаған сыңайлы. Азаматтық қоғам өкілдерінің басқыншылардан зардап шеккен халыққа көмек ұйымдастырып, тілеулестік білдіруі де азайғандай көрінеді. Тек медиадағы жаңалықтарға ғана көз тігіп отырмыз. Бәлкім сабақ алғымыз келгендіктен болар.

Өйткені әлдінің әлсізді илей беретініне күн сайын куә бола бастадық. Черчилль жарықтықтың «мәңгі одақтас жоқ» дегеніне де соңғы күндері көзіміз тағы жетті. Халықаралық құқықтық нормалардан пана тапқымыз келгенімен, оның да жағдайы белгілі болып қалды. Трамптың әрекеттерінің өзі БҰҰ жарғылары, халықаралық норма дейтіндерді шайқап-ақ тұр. Қасым-Жомарт Тоқаев Украинаның аумақтық тұтасығының сақталуын қолдайтынын бірнеше мәрте айтты. Мәселенің келіссөздер арқылы шешілуі керек екенін атады. Қазақстан АҚШ-пен де, Қытаймен де, Ресеймен де, Еуропамен де жылы қарым-қатынасын сақтап қалудың бар амалын жасап жатыр. «Халықаралық құқық, БҰҰ жарығысы» деген сөздер жиі айтылғанмен, қазір мемлекеттің амандығы сауатты сыртқы саясатқа ғана байланысты болып тұр. Оған көзіміз әбден жетті. Әрі ел амандығын сақтайтын үміт де осындай саясатта.

Фото: Caravan.kz

Байланысты жаналықтар

Америкадан депортацияланған қазақстандықтар Коста-Рикаға келді

22.02.2025

Трамп Зеленскийдің келіссөздерге қатысуы маңызды емес деп санайды

22.02.2025

Үш адамды атып өлтірген қылмыскер өмір бойына сотталды

22.02.2025

Әлем елдеріндегі блогерлер салықты қалай төлейді?

21.02.2025

ХАМАС Израильге 4 адамның табытын қайтарды

20.02.2025

Ердоған Зеленскийге Украина жерінің тұтастығы даусыз екенін мәлімдеді

18.02.2025
MalimBlocks
Америкадан депортацияланған қазақстандықтар Коста-Рикаға келді

Трамп Зеленскийдің келіссөздерге қатысуы маңызды емес деп санайды

АҚШ президенті Украина басшылығының келіссөздерде ұстанатын ешқандай «карталары» жоқ екенін атап өтті

Үш адамды атып өлтірген қылмыскер өмір бойына сотталды

Мен кінәлі екенімді білемін, бірақ жауапкершілікті сезінбеймін, — деді ол

Әлем елдеріндегі блогерлер салықты қалай төлейді?

АҚШ-та серіктестерден, жарнамалық кірістер мен демеушілерден түскен кез келген қаражатқа салық салынады

ХАМАС Израильге 4 адамның табытын қайтарды

Ердоған Зеленскийге Украина жерінің тұтастығы даусыз екенін мәлімдеді