Бавария премьері: Германия әскерін Украинаға жіберу туралы айтты

Бавария премьері Маркус Зёдер Германияда жоғары білімді украиналықтардың жұмыс істемейтін жағдайын сынға алды. Саясаткер Германия әскері – Бундесверді Украинаға жіберу туралы пікірталасты артық деп санайды.
"Украиналықтар Германияда көбірек жұмыс істеуі керек", – деді Бавария премьер-министрі әрі Германия үкіметіндегі коалицияға кіретін Христиан-әлеуметтік одағының төрағасы Маркус Зёдер 24 тамыз, жексенбі күні ARD телеарнасына берген сұхбатында.
Бавария премьері: Украиналықтар – өзгелерге қарағанда жақсырақ білім алған
Ол Германияда, соның ішінде украиналық босқындарға да қатысты, жұмысқа ынталандыру жүйесін арттыруға шақырды.
"Қазіргі жүйе Германияда басқа елдермен салыстырғанда жұмыс істейтін украиналықтардың саны әлдеқайда аз болуына әкеліп отыр, бұл – олардың басқа өңірлерден келген адамдардан үлкен айырмашылығы. Бізде жоғары білімді адамдар бар, бірақ біз оларға жұмыс істемеуге ынталандыру жасап отырмыз. Мұндайды тек Германия ғана істейді. Еуропада ешкім бұны түсінбейді", – деді Зёдер.
Кейін ол: "Көптеген украиналықтар қазірдің өзінде Германияда жұмыс істеп жатыр. Бірақ бұдан да көбірек болар еді", – деп толықтырды.
Зёдер: Германия әскерін Украинаға жіберу туралы пікірталастың қажеті жоқ
"Меніңше, мұндай мәселе (яғни Германия әскерін Украинаға жіберу туралы) қарастырылмауы керек", – деді Зёдер сол сұхбатында. "Өйткені қандай шешім қабылданса да, Ресеймен байланысты жағдайда НАТО-ның сарбаздары қатыспайды", – деп түсіндірді ол.
Сонымен қатар, ол Германия әскері Украинада шынайы қандай үлес қоса алатыны жөнінде сұрақ қойды. "АҚШ-сыз шетел әскерін Украинаға орналастыру – мәнсіз", – деп түйіндеді ол.
Зёдер қазіргі Германия үкіметінің сыртқы саясаттағы жұмысын бес балмен, бірақ кейбір ескертпелермен бағалады. Ол канцлер Фридрих Мерцті "еуропалықтарды біріктіріп, Трамп қатысқан жағдайда да күрделі мәселелерді қозғай алғаны үшін" мақтады.
Зёдер Германиядағы украиналықтарға берілетін жәрдемақыны алып тастауды ұсынды
3 тамыз күні Зёдер барлық украиналықтарға берілетін базалық әлеуметтік көмек немесе "бюргергельд" деп аталатын азаматтық жәрдемақыны тоқтату қажет екенін мәлімдеді.
"Бюргергельд жүйесіне түбегейлі өзгеріс енгізу қажет. Жұмыс істей алатындардың барлығы жұмысқа шығуы тиіс. Мысалы, украиналықтарға бюргергельд беруді тоқтату керек. Бұл тек болашақта келетіндерге ғана емес, Германияда қазір тұрып жатқан украиналықтарға да қатысты болуы тиіс", – деді Зёдер.
Осыған жауап ретінде Еуропарламент депутаты, Христиан-демократиялық одақтың (ХДО) әлеуметтік мәселелерге жауапты өкілі Деннис Радтке Зёдердің ұсынысы ХДО/ХӘО мен Социал-демократиялық партия (СДПГ) арасындағы коалициялық келісімге қайшы екенін айтты. Құжатқа сәйкес, "бюргергельд" жүйесіндегі өзгерістер тек 2025 жылдың 1 сәуірінен кейін келген босқындарға ғана қатысты. Олар тек баспана іздеушілерге арналған төмендетілген жәрдемақы алуға құқылы болады деп көрсетілген.
Фото: Revierfoto/dpa/picture alliance

Ең көп оқылған
