Египетте перғауынның қабірі табылды

Египетте V әулетінің негізін қалаған перғауын Усеркафтың ұлының қабірі табылды, - деп хабарлайды Malim.kz тілшісі Naked Science-ке сілтеме жасап.
Египет Туризм және ежелгі жәдігерлер министрлігі Усеркаф перғауынның ұлына тиесілі қабірдің табылғанын айтты.
Экспедицияның басты жаңалығы — биіктігі 4,5 метр, ені 1,15 метр болатын қызғылт граниттен жасалған жалған есік болды. Мамандардың айтуынша, дәл осындай көлемдегі жалған есік бұрын-соңды табылған емес.
Ежелгі Египет мәдениетінде мұндай есіктер тірілер әлемі мен өлгендер патшалығы арасындағы өткелді бейнелеп, культ рәсімдердің орталығына айналатын еді.
Қабірдің ішінен Жосер перғауыны, оның жұбайы және он қызының мүсіндері табылған.
Бұрынғы ежелгі жәдігерлер істері жөніндегі министр Захи Хавасстың айтуынша, бұл мүсіндер бастапқыда Жосердің өзі жерленген жерінде тұрған, кейін белгісіз себептермен қазіргі табылған жерге көшірілген.
Жосер — б.з.д. XXVII ғасырда билік еткен әйгілі перғауын. Ол тарихта Имхотеп жобалаған, Саккарада орналасқан әлемдегі алғашқы тас пирамидаға тапсырыс берген билеуші ретінде белгілі.
Египет билігінің пікірінше, бұл жаңалық әулеттер арасындағы байланыс пен ұлы перғауындарды кейінгі кезеңдерде қалай еске алғанын түсінуге мүмкіндік береді.
Фото: © Египет Туризм және ежелгі жәдігерлер министрлігі

Ең көп оқылған
