Ердоған Путин мен Зеленскийді жеке кездесуге шақырды

Түркия президенті Режеп Тайып Ердоған 30 мамырда Украина президентімен телефон арқылы сөйлесті, деп хабарлайды Malim.kz Deutsche Welle-ге сілтеме жасап.
Ердоған Ресей мен Украина делегациялары арасындағы келіссөздерден кейін Владимир Путин мен Владимир Зеленскийдің жеке кездесуін «кешіктірмей өткізу қажет» екенін мәлімдеді. Оның айтуынша, екі ел басшысының тікелей кездесуі бейбіт процестің алға жылжуына оң әсер етеді. Сондай-ақ Стамбұлда өтетін келіссөздердің екінші кезеңі бейбітшілікке жол ашуы тиіс екенін атап өтті.
30 мамырда Ресей Сыртқы істер министрлігі Путиннің көмекшісі Владимир Мединский басқаратын делегацияның 2 маусымда Стамбұлға баратынын хабарлады. Делегация өзімен бірге атысты тоқтату жөніндегі меморандум жобасын және басқа да ұсыныстарды ала келеді. РФ СІМ өкілі Мария Захарова бұл құжаттар тараптарға ұсынылатынын айтты. Дегенмен Ресей тарапы меморандум жобасын жарияламайтынын президенттің баспасөз хатшысы Дмитрий Песков растады.
Бұған дейін Украина СІМ келіссөздер басталғанға дейін Ресейдің ұсыныстарымен алдын ала танысуға мүдделі екенін білдірген еді.
Фото: Janos Kummer/Getty Images

Самое читаемое
