Еуропалық Eutelsat Украинада Starlink-ті алмастыра алмайды

Франциялық-британдық Eutelsat компаниясының басшылығы олардың OneWeb жерсеріктік жүйесі Украинадағы америкалық миллиардер Илон Масктың Starlink жүйесін алмастыра алмайтынын мойындады. Бұл туралы Politico басылымына берген сұхбатында компания басшысы Ева Бернеке мәлімдеді.
Оның айтуынша, Eutelsat Starlink Украинаға жеткізген ондаған мың терминал деңгейіне жақындай алмайды.
"Біз оған жақындауымыз қажет деп ойламаймын. Бірақ ең болмаса бірнеше мың құрылғыны маңызды аймақтар үшін қорда ұстау жағын ойластыруға болады", — деді ол.
Бернеке ашық айтты:
"Егер Украина мен оның бүкіл халқы үшін байланыс қызметін толықтай қамтамасыз ету міндеті бізге жүктелсе, біз мұны атқара алмайтын едік. Ашық айтайық. Бірақ біз үкіметтің кейбір маңызды салаларына байланыс ұсына аламыз деп ойлаймын".
Сонымен қатар, Eutelsat басшысы Starlink-ті сынап, бұл жүйе "байланысты Ақ үйде немесе Мар-а-Лагода қабылданатын шешімдерге тәуелді етеді" деп атап өтті.
Фото: Metin Aktas/AA/picture alliance