Франция Палестина тәуелсіздігін мойындады

Франция президенті Эммануэль Макрон Палестина мемлекетінің тәуелсіздігін мойындау жөнінде шешім қабылдады, деп хабарлайды Malim.kz.
Бұл туралы ресми мәлімдемені ол қыркүйекте өтетін БҰҰ Бас Ассамблеясында жасауды жоспарлап отыр. Бұл жөнінде Макрон 24 шілде, бейсенбі күні өзінің әлеуметтік желілерінде жариялады.
«Бейбітшілікке қол жеткізу мүмкін. Ол үшін дереу атысты тоқтату, барлық тұтқындарды босату және Газа халқына ауқымды гуманитарлық көмек көрсету қажет. Сонымен қатар ХАМАС ұйымын қарусыздандыру, Газа қауіпсіздігін қамтамасыз ету және оны қалпына келтіру міндет. Соңында Палестина мемлекетін құру, оның өміршеңдігін қамтамасыз ету және, егер ол қарусыздандырылып, Израильді толық мойындаса, бүкіл Таяу Шығыс қауіпсіздігіне үлес қосуға мүмкіндік беру қажет», – деп жазды Франция президенті.
AFP агенттігінің мәліметінше, бүгінде Палестина мемлекетін 142 ел ресми түрде мойындаған. Олардың қатарында Ресей, Қытай, Үндістан, Түркия, Швеция және Польша бар. Ал АҚШ, Германия және Ұлыбритания секілді елдер әлі мойындамаған.
Фото: Dursun Aydemir/Anadolu/picture alliance

Ең көп оқылған
