Германия Израильдің Газа секторындағы әрекеттерін сынға ала бастады

Германия канцлері Фридрих Мерц Израиль армиясының Газа секторындағы әрекеттерінің ықтимал салдарына байланысты үкіметте келіссөздер өткізуді жоспарлап отырғанын айтты, деп хабарлайды Malim.kz dw.com сайтына сілтеме жасап.
Финляндияға сапары барысында саясаткер соңғы күндері болған оқиғаларға "өте, өте сын көзбен қарайтынын" мәлімдеді.
"Біз бейбіт тұрғындардың тағдыры мен олар шеккен ауыр азаптарға қатты күйзеліп отырмыз", – деп келтіреді оның сөзін AFP агенттігі.
Агенттік дерегінше, Германия үкіметінің басшысы бұл мәселеге қатысты Израиль билігімен келіссөздерді "белсендірек жүргізуге" уәде берген.
Ол Израильге қандай нақты шаралар қолданылуы мүмкін екенін ашып айтқан жоқ:
"Біздің көмегіміздің қаншалықты шектелуі мүмкін екені – үкімет ішіндегі кеңестерге байланысты", – деді Мерц.
Ол қабылданатын шешімдер "жария етілмейтінін", тіпті бекітілсе де, көпшілікке хабарланбайтынын атап өтті.
Израильдің Газа секторындағы саясатына қатысты сынға Германия сыртқы істер министрі Йоханн Вадефуль де қосылды. WDR телерадиокорпорациясына берген сұхбатында ол Берлинді еврей мемлекетімен автоматты түрде ынтымаққа итермелеуге болмайтынын айтты:
"Біз антисемитизмге қарсы табанды күрес жүргізіп келеміз және Израиль мемлекетінің өмір сүру және қауіпсіздік құқығын толық қолдаймыз. Алайда бұл ұстанымдар қазіргі уақытта Газа секторында жүріп жатқан қақтығысты ақтау үшін пайдаланылмауы тиіс", – деді министр.
Сонымен қатар ол палестиналық анклавтағы бейбіт халықтың жағдайына алаңдайтынын жеткізді.
"Қазір біз келесі қадамдарды өте мұқият ойластыруымыз керек", – деп қосты ол.
Германияның қаржы министрі және вице-канцлері, социал-демократиялық партия өкілі Ларс Клингбайль бұған дейін билеуші коалиция Израильге саяси қысымды күшейтуді жоспарлап отырғанын мәлімдеген. Оның айтуынша, Берлин Израильге қазіргі жағдайдың "енді қабылдауға келмейтінін" түсіндіруі керек.
Фото: Liesa Johannssen/REUTERS

Самое читаемое
