Германия Ресейдің "көлеңкелі флотымен" күресті күшейтті

1 шілдеден бастап Германияның аумақтық айдындарынан өтетін мұнай танкерлері мұнайдың төгілуінен келетін залалды өтейтін сақтандыруға ие болуы тиіс.
Германия Ресейдің Балтық теңізіндегі «көлеңкелі флотымен» күресу аясында 1 шілдеден бастап өз аумақтық суларынан өтетін танкерлерден мұнайдың ластануынан келетін залалды жабатын сақтандырудың болуын талап ете бастады, деп хабарлайды Германия Сыртқы істер министрлігінің сайтында.
Шектеулер Фемарн аралының шығысына қарай жүретін танкерлерге бағытталады, деп нақтылайды Германия СІМ-нің баспасөз хабарламасында. Егер ереже бұзу анықталса, бұл кемелерге түрлі шектеулер енгізіледі: күшейтілген бақылаудан бастап санкциялық тізімге енгізуге дейін. Қазіргі уақытта ЕО-ның шектеу шаралары Ресейдің «көлеңкелі флотына» жататын 342 кемеге қолданылып отыр.
Германияның сыртқы істер министрі Йоханн Вадефульдің айтуынша, жаңа бақылау шаралары аймақтағы серіктестермен координацияны күшейтеді.
«Біздің мақсатымыз анық: біз Ресейдің "көлеңкелі флотына" қысымды күшейтіп, Балтық теңізінің экожүйесін қорғаймыз», – деді Вадефуль.
Фин шығанағындағы "көлеңкелі танкерлерді" әскери сүйемелдеу
24 мамырда Финляндияның қорғаныс министрі Антти Хяккянен финдік Yle телеарнасына берген сұхбатында, Ресей Фин шығанағынан өтетін өз "көлеңкелі флотына" әскери сүйемелдеу жасай бастағанын айтты.
Бұған дейін, 23 мамырда, Финляндия Қорғаныс министрлігі екі ресейлік әскери ұшақтың Порвоо жағалауында елдің әуе кеңістігін бұзғаны туралы хабарлаған болатын.
Хяккянен журналистерге берген сұхбатында Ресейдің Балтық теңізіндегі белсенділігі едәуір артқанын, бұл аймақтағы шиеленісті күшейтетінін атап айтты.
Алайда, ол Финляндия үшін қазіргі уақытта тікелей қауіп жоқ екенін де қосып өтті.
Маусым айында теңіздегі ахуалды бақылау саласының сарапшысы Марк Дуглас SELVA және SIERRA атты санкцияға іліккен екі мұнай танкері Ресей ӘТК кемесінің сүйемелдеуімен Ла-Манш бұғазына синхронды түрде кіріп, ресейлік порттарға мұнай тиеу үшін бет алғанын хабарлады.
Фото: Havariekommando/dpa/picture alliance


Ең көп оқылған
