Германия Украинаға алысқа ұшатын TAURUS қанатты зымырандарын бере ме?

Германия канцлері Фридрих Мерц (Friedrich Merz) оның үкіметі Украинаға алыс қашықтыққа ұшатын TAURUS қанатты зымырандарын жеткізуі мүмкін екенін жоққа шығармады, деп хабарлайды Malim.kz dw.com сайтына сілтеме жасап.
"Әрине, бұл — мүмкін нәрсе", — деді ол 28 мамыр, сәрсенбі күні кешке ZDF қоғамдық телеарнасының эфирінде.
Оның айтуынша, зымырандарды алты ай немесе бір жылдан кейін жеткізу "Украинаға бүгін көмектеспейді", сондықтан Берлин қазірден бастап Киевке әскери көмекті күшейтіп отыр.
Сонымен қатар, Мерц TAURUS зымырандарын жеткізу жағдайында украиналық әскерилерді оқытуға бірнеше ай қажет болатынын атап өтті.
Бұған дейін бірнеше сағат бұрын Фридрих Мерц Берлинде Украина президенті Владимир Зеленскиймен кездесті. Кездесуден кейін Германия Украинаға алыс қашықтықтағы қаруларды алуға қолдау көрсететіні жарияланды. Өз кезегінде Зеленский RTL неміс телеарнасына берген сұхбатында Мерцпен TAURUS зымырандарын жеткізу мәселесін талқылағанын растады.
"Украинаның жағдайы апта сайын жақсарып келеді, соның ішінде өзін-өзі қорғау қабілеті де артып отыр", — деді Мерц ZDF эфирінде.
Сонымен бірге ол "соғысты тоқтатудың кілті Ресейдің қолында" екенін баса айтты.
"Егер Ресей бүгін атысты тоқтатса, соғыс бүгін кешке-ақ аяқталар еді", — деді Фридрих Мерц.
Фото: Defense Ministry/ZUMAPRESS.com/picture alliance

Ең көп оқылған
