Германия жаңа ережелерге байланысты 160 мигрантты елге кіргізбей қойды

8 мамырдан бастап күшіне енген жаңа тәртіп бойынша, Германия шекарашылары 4 апта ішінде елге кіруге талпынған 3 278 мигрантқа рұқсат бермеген. Бұл туралы 5 маусым күні Потсдамдағы Федералды полиция мәлімдеді, деп хабарлайды Malim.kz dw.com-ге сілтеме жасап.
Алайда, олардың тек 160-ы ғана Германияның Ішкі істер министрі Александр Добриндтің қаулысымен тікелей байланысты.
Аталған ережеге сәйкес, кейбір жағдайларда шекараның өзінде-ақ босқын мәртебесін беру туралы өтініштер кері қайтарылады.
Сонымен қатар, осы уақыт аралығында шекарада "әлсіз топтар" қатарына жататын 46 адамның босқын мәртебесін алу өтініші қабылданған. Бұл топқа балалар, жүкті әйелдер мен ауыр науқастар кіреді.
Соңғы айларда Германияға заңсыз келген мигранттар саны өскені байқалады. Сәуірде бұл көрсеткіш 5 079 адамды құраса, мамырда 10 пайызға артып, 5 571-ге жетті – бұл жыл басынан бергі ең жоғарғы көрсеткіш. Дегенмен, былтырғы жылмен салыстырғанда көрсеткіш төмендеген: 2024 жылдың мамырында – 7 124, ал 2023 жылдың мамырында – 8 532 заңсыз кіру тіркелген.
Бұл азаю Германия шекарасында бақылау шараларының күшеюімен байланысты. Жалпы, жыл басынан бері Германияға рұқсатсыз кіргендердің саны – 25 298 адам. Егер үрдіс осы қарқынмен жалғасса, биылғы жылы соңғы бірнеше жылдағы ең төменгі көрсеткіш тіркелуі мүмкін.
Фото: John Macdougall/AFP/Getty Images

Ең көп оқылған
