Кремль Украинадағы соғысты тоқтату туралы талаптарды "ультиматум" деп атады

Кремль Батыс елдері басшыларының Украинадағы соғыс қимылдарын тоқтатып, бейбіт келіссөздерді бастау туралы талаптарын «ультимативті» деп бағалап, оларды қабылдауға келмейтінін мәлімдеді. Бұл туралы Ресей президентінің баспасөз хатшысы Дмитрий Песков 12 мамыр, дүйсенбі күні хабарлады.
«Біз мұндай ескертулерді бұған дейін де естігенбіз. Олар ультимативті формада айтылды. Ресей үшін мұндай тіл жарамсыз. Ресеймен бұл тілде сөйлесу мүмкін емес», – деді Песков.
Сол күні Германия үкіметінің өкілі Штефан Корнелиус Берлиннің ЕО серіктестерімен бірлесе отырып, Мәскеу билігі 12 мамырдың соңына дейін соғыс әрекеттерін тоқтатпаса, жаңа санкциялар енгізуге дайын екенін мәлімдеген.
Дмитрий Песков Ресейдің «ұзақмерзімді бейбіт шешім жолдарын шынайы іздеуге ниетті» екенін айтып, Ресей президенті Владимир Путиннің Түркияда тікелей келіссөздерді қайта бастау туралы ұсынысын еске салды.
Алайда, Украина президенті Владимир Зеленскийдің Путинге тікелей қатысу туралы шақыруына қатысты түсініктеме берген жоқ.
Фото: Shamil Zhumatov/REUTERS