Моңғолия парламенті премьер-министрді отставкаға жіберді

Моңғолияның Премьер-министрі Лувсаннамсрайн Оюун-Эрдэнэ ел астанасы Ұлан-Баторда бірнеше апта бойы жалғасып жатқан жемқорлыққа қарсы наразылықтар аясында отставкаға кететінін мәлімдеді, деп хабарлайды Malim.kz dw.com-ге сілтеме жасап.
Оған дейін Моңғолияның Ұлы мемлекеттік хуралы (Парламенті) Премьер-министрдің отставкасы туралы қаулыны жабық дауыс беру нәтижесінде қабылдаған болатын.
Ақпарат агенттіктерінің хабарлауынша, Лувсаннамсрайн Оюун-Эрдэнэ жаңа Премьер-министр тағайындалғанға дейін өз міндетін уақытша атқара береді. Заң бойынша, жаңа үкімет басшысы 30 күн ішінде тағайындалуы керек.
Жаһандық БАҚ таратқан мәліметтерге сәйкес, наразылық білдірушілер Оюун-Эрдэнэден оның 22 жастағы ұлының табыс көзін атауды талап етуде. Оның қалыңдығы әлеуметтік желіде ұлы сыйға тартқан қымбат бұйымдардың — бриллиант жүзік, автокөлік пен брендтік сөмкенің суреттерін жариялаған.
AFP агенттігінің жазуынша, жастар белсенді қатысып жатқан наразылықтарда кең таралған ұран: «Отставка – бұл оңай».
Лувсаннамсрайн Оюун-Эрдэнэ Моңғолия үкіметін 2021 жылдан бері басқарған. Ол өзіне тағылған барлық жемқорлық айыптауларын жоққа шығарып отыр.
Фото: Ng Han Guan/AP/picture alliance

Ең көп оқылған
