НАТО ресейлік зымырандар мен дрондарды атып түсіретінін ескертті

Брюссельде өткен Солтүстікатлантикалық кеңестің отырысы қорытындысында НАТО елдері өз аумағын қорғау үшін халықаралық құқық шеңберінде әскери және әскери емес құралдарды қолданатынын мәлімдеді, деп хабарлайды Malim.kz.
«Ресейде ешқандай күмән болмауы керек: НАТО өзін-өзі қорғау және кез келген бағыттан төнетін қауіп-қатерлердің алдын алу үшін халықаралық құқыққа сәйкес барлық әскери және әскери емес құралдарды қолданады», – делінген НАТО-ның негізгі саяси шешім қабылдау органы – Солтүстікатлантикалық кеңестің 23 қыркүйекте Брюссельде өткен отырысының қорытынды мәлімдемесінде.
Бұл мәлімдемеге Ресей ұшақтары мен ұшқышсыз аппараттарының НАТО елдерінің әуе кеңістігін соңғы рет бұзуы себеп болған.
dpa агенттігі атап өткендей, құжатта альянс аумағындағы кез келген қатердің алдын алу үшін тек дрондар ғана емес, ресейлік ұшақтардың да атып түсірілуі мүмкін екені тағы да ескертілді.
НАТО-ның Еуропадағы Біріккен қарулы күштерінің қолбасшысы, АҚШ ӘӘК генерал-лейтенанты Алексус Гринкевич Ресейдің кез келген шабуылына «қуатты жауап» берілетінін айтты. Ол сондай-ақ одақтастар Украинаға қолдау көрсету бойынша ұзақ мерзімді міндеттемелерінен Ресейдің мұндай «жауапсыз әрекеттері» үшін бас тартпайтынын атап өтті.
Альянс өкілдері Ресейдің НАТО әуе кеңістігін бұзуын «Мәскеудің барған сайын жауапсыз болып бара жатқан әрекеттерінің кеңірек көрінісі» деп атады. НАТО Мәскеуді мұндай әрекеттерді тоқтатуға шақырып, олардың «шиеленістің ушығуына, қате есепке және адамдар өміріне қауіп төндіретініне» назар аударды.
Фото: Yves Boucau/dpa/picture alliance