"Рамштайндағы" кездесу: Украинаға 21 млрд еуро әскери көмек көрсетіледі

Ресей армиясының шабуылдарына қарсы қорғанысын жалғастырып жатқан Украинаға 21 миллиард еуро (шамамен 23,8 миллиард доллар) көлемінде әскери көмек көрсетілмек. Бұл туралы 11 сәуір, жұма күні Ұлыбританияның қорғаныс министрі Джон Хили Украина қорғанысын қолдайтын «Рамштайн» форматындағы байланыс тобының кезекті отырысы нәтижесінде мәлімдеді.
Айта кетейік, бұл жолы кездесу алғаш рет НАТО-ның Брюссельдегі штаб-пәтерінде Ұлыбритания мен Германияның төрағалығымен өтті.
Германияның қорғаныс министрі Борис Писториустың сөзінше, халықаралық серіктестердің мәлімдемелері мен уәделері "алаңда нақты әсер ететін" болады.
«Мен серіктестер тарапынан көрсетілген қолдауға риза әрі алғыс білдіремін. Бұл соғыс алаңындағы жағдайға биылдың өзінде ықпал етеді», — деді ол.
Писториус Украинада жақын арада бейбітшілікке қол жеткізу мүмкін еместігін атап өтті.
«Біз Украинаға бірлескен әскери қолдауымыздан нақты нәтиже алуына көмектесуді жалғастырамыз. Ресей Украина күресті жалғастыра алатынын түсінуі тиіс — және біз бұл жолда Украинаны қолдаймыз», — деді ол.
Ұлыбритания министрі Джон Хили де өз кезегінде Ресей президентінің тактикасына тоқталып: «(Владимир) Путин бейбітшілікке ұмтылады дегенімен, оның әскері Украинаға – әрі әскери, әрі бейбіт нысандарға шабуыл жасауды жалғастыруда», — деп мәлімдеді.
Нақты көмек көлеміне келсек, Борис Писториус биыл Украина қосымша төрт IRIS-T зениттік-зымыран кешенін, 300 басқарылатын зымыран мен 100 жерүсті радар жүйесін алатынын айтты. Сонымен қатар 100 мың артиллериялық оқ-дәрі, 300 барлау дроны, 25 Marder жаяу әскерге арналған жауынгерлік машинасы, 15 Leopard 1A5 негізгі танкі, 120 Manpads жерүсті әуе шабуылына қарсы қорғаныс жүйесі мен 14 артиллериялық жүйе жеткізілмек.
Ұлыбритания атынан 350 миллион фунт стерлинг (шамамен 458,2 миллион доллар) бөлініп, бұл қаржы радар жүйелеріне, танкіге қарсы миналарға, жаңа дрондарға, сондай-ақ әскери техниканы жөндеу мен қызмет көрсетуге жұмсалатыны айтылды.
Фото: Anna Ross/dpa/picture alliance
Байланысты жаналықтар
MalimBlocks
