Ресей Әскери-теңіз флоты бас қолбасшысының орынбасары қаза тапты

2024 жылдың наурыз айында Ресейдің Әскери-теңіз флоты (ӘТФ) бас қолбасшысының орынбасары қызметіне тағайындалған генерал Михаил Гудков Курск облысында «міндетін орындау кезінде» қаза тапты, деп хабарлайды Malim.kz BBC-ге сілтеме жасап.
Бұған дейін ол Мариупольді шабуылдау операциясына қатысқан 155-ші теңіз жаяу әскер бригадасының командирі болған. Сол кездері Ресей президентінің назарына ілігіп, Батыр атағына ие болған.
Генерал-майордың қаза тапқаны туралы Приморье өлкесінің губернаторы Олег Кожемяко хабарлады.
Айта кетейік, осы аймақта Тынық мұхиты флотының 155-ші жеке гвардиялық теңіз жаяу әскер бригадасы орналасқан.
Кожемяконың айтуынша, Гудков «офицерлік борышын атқара жүріп, өз қаруластарымен бірге қаза тапқан».
«ӘТФ бас қолбасшысының орынбасары бола тұра, ол біздің теңіз жаяу әскерлерінің позицияларына жеке өзі баруын тоқтатпаған», – деп жазды губернатор Telegram-арнасында.
Ресей Қорғаныс министрлігі де бұл ақпаратты растады. Министрліктің хабарлауынша, ӘТФ-ның жағалаудағы және құрлықтағы күштері жөніндегі орынбасары Курск облысының шекара маңындағы аудандарының бірінде ұрыстық міндет атқару кезінде көз жұмған.
Алайда генералдың нақты қандай жағдайда қаза тапқаны туралы губернатор да, Қорғаныс министрлігі де нақтыламаған. Тек 2 шілде күні болғаны белгілі.
Ресей әскери билігінің мәлімдеуінше, олар Украина Қарулы күштерін 2023 жылдың тамызында басталған басып кіруден кейін, биыл көктемде Курск облысынан толықтай ығыстырған.
Фото: mil.ru


Ең көп оқылған
