Ресей СІМ: Алдымен Стамбулдағы келіссөздер, содан кейін ғана бітім туралы талқылаулар

Ресей Федерациясының Сыртқы істер министрлігі Украинамен Стамбулда келіссөздер өткізбей тұрып, ұзақ мерзімді атысты тоқтату режимін талқылауға болмайды деп санайды, деп хабарлайды Malim.kz.
Бұл туралы 11 мамыр күні РФ СІМ-нің ресми өкілі Мария Захарова мәлімдеді. Ол түнде айтылған Владимир Путиннің мәлімдемесіне сілтеме жасады, онда Ресей президенті соғыстың түпкі себептері жөнінде келіссөз жүргізу қажеттігін нақты айтқан.
"Тек содан кейін ғана бітім жайлы сөйлесуге болады", – деп Захарованың сөзін ТАСС агенттігі келтіреді.
Бұған дейін Путин Украинаға 15 мамырда Стамбулда алдын ала шарттарсыз тікелей келіссөздер жүргізуді ұсынған болатын.
Оның айтуынша, бұл келіссөздер қақтығыстың алғашқы себептерін жою және ұзақ мерзімді бейбітшілік орнатуға бағытталуы тиіс. Алайда Путин Украина мен төрт еуропалық елдің 12 мамырдан бастап 30 күнге атысты тоқтату туралы ұсынысына тікелей жауап бермеді.
Кремльдің баспасөз хатшысы Дмитрий Песков бұған дейін "нақты нюанстар" ескерілген жағдайда Ресейдің бітімге дайын екенін айтқан.
Алайда бұл ұсынысты Киев жағы қабылдамады. Украина президенті Владимир Зеленский:
"Бір күнге болса да адам өлтірудің мәні жоқ", – дей келе, толық, ұзақ мерзімді және сенімді атысты тоқтату болғанға дейін агрессор елмен келіссөз жүргізілмейтінін айтты.
АҚШ президенті Дональд Трамп екі тараппен де соғысты тоқтату үшін жұмыс істей беретінін жеткізді.
Ал Париж бен Берлин Кремльді бейбітшілікке шынайы қадам жасаудан жалтарып отыр деп айыптады.
Бұдан бұрын Киевте өткен кездесуде Украина президенті Зеленский, Германия канцлері Фридрих Мерц, Франция президенті Эмманюэль Макрон, Ұлыбритания премьері Кир Стармер және Польша үкіметінің басшысы Дональд Туск 12 мамырдан бастап кемінде 30 күнге толық, сөзсіз атысты тоқтату режимін орнатуға Ресейді шақырған болатын. Бұл бітім құрлықта, әуеде және теңізде қамтылуы тиіс.
Фото: Vladimir Pesnya/SNA/IMAGO