Ресей Украинаға тағы 1245 сарбаздың мәйітін қайтарды

Ресей Украинаға қаза тапқан тағы 1245 адамның мәйітін тапсырды. Осылайша Стамбұл келіссөздеріндегі репатриациялық бөлім аяқталды, деп мәлімдеді 16 маусымда Украинадағы әскери тұтқындар мәселелері жөніндегі үйлестіру штабы, деп хабарлайды Malim.kz.
Стамбұлда маусым айының басында өткен келіссөздер аясында Украина жалпы 6057 мәйітті қабылдады.
"Құқық қорғау органдарының тергеушілері ІІМ-нің сараптама мекемелерімен бірлесіп, барлық қажетті сараптамаларды жүргізіп, репатриацияланған мәйіттердің кімге тиесілі екенін анықтайды", – делінген штаб мәлімдемесінде. Ресей тарапының мәліметінше, табысталған мүрделердің барлығы украин азаматтарына, соның ішінде әскери қызметшілерге тиесілі.
Бұл ретте РФ делегациясын Стамбұлдағы келіссөздерге бастап барған президент көмекшісі Владимир Мединский Украинаға жалпы саны 6060 украин офицері мен сарбазының мәйіті берілгенін және Ресейдің Стамбұлда берген уәделерін орындағанын айтты. Оның сөзінше, Ресей жағы Украинадан 78 мәйіт алған.
Ал Ресей Қорғаныс министрлігі 16 маусымда Киевке 1248 марқұмның денесі берілгенін, ал Мәскеу 51 әскери қызметкердің мәйітін алғанын хабарлады. Сонымен қатар, Ресей тарапы Украина жағына тағы 2239 мәйітті беруге дайын екенін мәлімдеді.
Фото: Handout/Coordination Headquarters for the Treatment of Prisoners of War/AFP

Ең көп оқылған
