Таиланд пен Камбоджа оқ атуды тоқтатуға келісті

Таиланд пен Камбоджа бірнеше күн бұрын басталған әскери қақтығысты тоқтату туралы келісімге келді, деп хабарлайды Malim.kz dw.com сайтына сілтеме жасап.
Екі тарап "жедел және сөзсіз оқ атуды тоқтатуға" уағдаласты. Бұл келісім жергілікті уақыт бойынша алдағы түнгі сағат 00:00-де күшіне енеді. Бұл туралы 28 шілде күні келіссөздерге араағайындық еткен Малайзия премьер-министрі Анвар Ибрагим мәлімдеді. Қарсылас елдердің басшылары Путраджая қаласындағы Ибрагим резиденциясында кездесті.
Анвар Ибрагим бұл келісімді "өмірлік маңызды алғашқы қадам" деп атап, екі елдің де бейбітшілік пен қауіпсіздікті қалпына келтіруге және қақтығысты дереу тоқтатуға ниетті екенін жеткізді.
Келіссөздер халықаралық қысым күшейген тұста өтті. Оған АҚШ пен Қытай өкілдері де қатысты. Таиланд үкіметінің міндетін атқарушы Пхумтхам Вечаячай мен Камбоджа премьер-министрі Хун Манет АҚШ президенті Дональд Трампқа келіссөздерді қолдағаны үшін алғыс білдірді.
Қарулы қақтығыстар 24 шілдеде Таиланд пен Камбоджа шекарасында басталып, соңғы 10 жылдан астам уақыттағы ең ауыр әскери шиеленіске айналды. Қақтығыс ұзақ жылдар бойы шешілмей келе жатқан шекара дауының ушыққан тұсы болды. Даулы аймақ – Таиландтың Сурин, Камбоджаның Оддар-Меанчей провинциялары және Лаоспен шектесетін "Зүбәржат үштағаны" деп аталатын аумақ.
Ұрыс негізінен шекараның солтүстік бөлігінде жүрді. Бұл – Оңтүстік Қытай теңізі жағалауындағы танымал курорттардан алыс аймақ. Қақтығыс салдарынан кемінде 36 адам, оның ішінде 20-дан астам бейбіт тұрғын қаза тапты. Шекара маңындағы аудандардан 200 мыңнан астам адам эвакуацияланды. 26 шілдеде шайқастар Паттайя жағажай курортына таяп қалғаны хабарланды.
АҚШ президенті қақтығыс тараптарын оқ атуды тоқтатуға шақырған болатын. 27 шілдеде Таиланд үкіметі Пхумтхам Вечаячай мен Хун Манет 28 шілдеде кездесіп, бейбіт келісім мәселесін талқылайтынын хабарлаған еді.
Айта кетейік, Таиланд пен Камбоджа арасындағы 800 шақырымға созылатын шекара дауы бір ғасырдан астам уақыттан бері жалғасып келеді. Қақтығыстың басты себептерінің бірі – Прэахвихеа индуистік храм кешені мен оған іргелес жерлер. Жағдай 2025 жылдың мамырында Камбоджа сарбазының атыс кезінде қаза табуынан кейін ушыққан. Таиланд Камбоджаны даулы аумақта мина орнатты деп айыптап отыр.
Фото: Mohd Rasfan/REUTERS

Ең көп оқылған
