Тибеттік монахтардың беймәлім тіршілігі
Мүлдем ас-су ішпей, ондаған жылдар бойы ұйықтап жатып, оянатын да монахтар кездеседі
Қашқария өлкесі, ондағы халықтардың тұрмыс-тіршілігі, Тибет пен Гималай тауларын мекендеген монахтардың таңғажайып құбылыстары мен Шығыс медицинасының кереметтері жайында еміс-еміс естігені болмаса, бүкіл әлемнен оқшауланғандай «Мәдениет қақпасын» тарс бекітіп алған жұрттың құпиясына ХҮІІІ-ХІХ ғасырлардан бастап іргелес жатқан Ресей ғалымдарының ерекше ден қойғаны белгілі. Бөтен жұртты есігінен сығалатпақ түгілі, шекарасынан аттатпайтынын естіген соң Қашқарияны әйтсе де танып-білуге құмартқан, ыңғайы келсе Орта Азия мен Қазақ өлкесі секілді отарлауды ойлаған Ресей патшалығы да экспедициялар ұйымдастыруды қолға ала бастады. Саяхатшылар жасақтап, сауда-саттықпен айналысатын көпестерді барлау үстіне тартуға қанша тырысқанымен, Гималайдың құзар шыңдары мен шыңырау құздарындағы халықтың ішіне кіре алмай сан мәрте талаптары тасқа шабылды. Болмай бара жатқан соң халқымыздың аяулы тұлғасы, жарық жұлдыздай бүкіл орыс жұртының оқымысты қауымын елең еткізген Шоқан Уәлихановты осы қиямет-қайымы бастан асатын мақсатқа пайдалануды ұйғарады. 1858-1859 жылдары Шоқан астыртын түрде саудагер атын жамылып Қашқар жеріне табан тірейді де, осы өлкенің саяси-экономикалық, әлеуметтік-мәдени құрылымы, халқының тарихы туралы баға жетпес материал жинап, азапты жолдан аман-есен өзі өскен ортаға қайтып оралады.
Осы сапардан кейін «Алтышаһардың, яғни Қытайдың Нан лу уәлаятының шығыстағы алты қаласының жайы» атты еңбегі дүниеге келді. Бұл Шығыс Түркістан халықтарының тарихына, әлеуметтік құрылысына арналып, сол заман ғылымының биік деңгейінде жазылған әлемдегі тұңғыш зерттеу жұмысы еді. Қашғар сапарынан кейін Сыртқы істер министрлігі Азия департаментінің арнайы шақыруымен Петербургте келіп, сонда бір жылдай тұрып ғылыми жұмыстармен айналысады. Алайда туберкулез ауруы меңдегендіктен Петербургтен елге, Сырымбетке оралады. Туған халқының екі жақты қанауда езілгенін көріп, 1862 жылғы сайлауда Атбасар округының аға сұлтаны болуға талпынады. «Елдестеріме пайдамды тигізу үшін аға сұлтан болғым келді. Оларды шенеуніктерден, қазақ байларынан қорғамақ болдым. Сондағы ең алдымен көздегенім өз басымның мысалы арқылы жерлестеріме оқыған аға сұлтанның пайдалы екенін көрсету еді» деп жазады ол бұл туралы досы Достоевскийге. Бірақ ол бұл мақсатын орындай алмайды. Шоқан қарсыласынан көп дауыс алып жеңіске жеткенімен, генерал-губернатор оның халық арасында ықпалы мен беделі зор болып кетеді деп сескеніп, «науқасына байланысты қызметтен бас тартты» деген өтірік сылтаумен аға сұлтандыққа бекітпей қояды. 1864 жылы наурыз айында Шоқан полковник Черняевтің шақыруымен Әулиеата жорығына қосылады. Орыс империясының Оңтүстік Қазақстан мен Орта Азияны Ресей қарамағына бағындыру мақсатын көздеген бұл жорыққа аудармашы, жергілікті халықпен бейбіт мәмілегерлік келісімдер жасау үшін қатысқан ол, полковник Черняевтің Әулиеатаны (қазіргі Таразды) алу кезінде шәһар халқына жасаған жауыздығын көргесін, ренжіп, кейін қайтады. Содан Верный қаласына келіп, одан әрі Тезек төренің ауылында (бұрынғы Талдықорған облысы, жазда Күреңбел жайлауы, қыс кезінде Алтынемел асуының күнгейі) тұрақтап қалады. Сонда Тезектің немере қарындасы Айсарыға үйленеді. Сөйтіп жүргенде ескі өкпе ауруы қайта қозып, Шоқан 1865 жылдың сәуірінде қайтыс болады. Оның сүйегі Алтынемел тауының баурайындағы Көшентоған деген жерге қойылады.
Сонымен, бүкіл әлем ғалымдарына бүгінге дейін жұмбақ болып келген Тибет монахтарының Шоқан Уәлиханов зерттеп қалдырған құпиясынан бөтен қандай қасиеті бар дегенге келсек, мынандай ғажайыптарға кездесеміз.
Қандай да бір керемет-ғажайыптардың адам наным-сенімін қалыптастырмай, әлдебір құдіретті күшке табындырмай пайда болмайтындығы бесенеден белгілі. Әлем ғалымдарын, ойшылдарды әлі күнге дейін таңдандырып жүген Тибет монахтары да өздерінің бүгінгі күнге дейін жеткен құпия-сырларының негізіне ең алдымен өздері табынған Будда дінін алғандығы жасырын емес. Себебі қалай десек те, әлемдегі тұғырлы төрт дін секілді Будда да адамдардың ымырашылдығын, бейбітшілігін, ізгілігін, ізеттілігін, тәубашылдығын көздейтін ілімдердің бірі болғандығы рас. Будда өз дінінің негізін үнділік Веда діні негізінде құрды дейтін де жорамалдар айтылады. Өйткені осы аталған діндердің қай-қайсысы болмасын адамдардың мүлде ашылмаған, тылсым мүмкіндіктерін барынша пайдалануды, сол арқылы адамзат баласын әртүрлі қатерлерден, апаттардан қорғап қалуды көздейді. Сондықтан да Тибет монахтарының ұстанған Будда дініне сәйкес адамзат баласы кез-келген қауіп-қатерден өздерінің ұстамдылығы, төзімділік көрсетуі, қажет кезінде ішкі мүмкіндіктерін сарқа пайдалануы арқылы құтылып отырудың жолдарын қарастырған.
Бүкіл әлем бойынша әлі күнге дейін Тибет монахтары тірлігінің құпия болып келуі тегін емес. Тибет монастырлеріндегі тіршілік ететін адамдардың барлығы барқадарлық пен байлыққа ешқашан құнықпай, тұйық, тақуалық тірлік кешеді. Көбінесе олар сыртқы әлеммен тек азық-түлік жеткізетін керуендер келгенде ғана араласады. Сол монастырлердегі, төңіректегі елді-мекендердегі адамдардың әлде неге абыржып сасқалақтағанын, немесе күйгелектене асығыс қимыл жасағанын ешқашан байқау мүмкін емес. Таңның атысынан күннің батысына дейін сол баяу қимыл үстінде, тіпті кейде қозғалыссыз тапжылмай отырып іштей әлденені күбірлей дұға оқыған монахтар бүкіл ағзаларын ширықтыра әлденеге дайындағандай күйге түседі. Кейде олардың бұл әлемнен мүлде безініп, басқа бір дүниені кезін жүргендей күйге түскенін, бей-жай қалпында белгілі бір нүктеден көз айырмаған қалпында тапжылмай отырғандықтарын байқау қиын емес. Осылайша мына фәни дүниеден бақилыққа аттанған адам секілді тіршілік атаулыдан безініп, бүкіл жан-дүниесін, ішкі сезімін, ақыл-ойын басқа дүниеге аударғандай күй кешеді.
Монастырлардағы монахтардың аузынан оқылған дұғадан өзге артық сөз есту мүмкін емес. Егер әлдебір жолаушы немесе хал-ахуалдарын білуге келген бөгде адам монахтармен әңгіме-дүкен құрғысы келсе, сол пенденің айтқандарын үн-түнсіз, бет-әлпеттерінен күйінгенін, сүйінгенін білдірмей тыңдаған олар бірнеше сағат бойы сол қалпынан айнымай отыра беруден танбайды. Осындай үнсіздіктері арқылы әңгімелесуші адамның бойындағы төзімділікті де сынап байқайтындай әсер қалдырады. Осыдан барып-ақ монахтардың мына фәни дүниенің қым-қуыт тірлікке толы екендігін, адамзат баласы ешқашан дәулетке, барқадарлыққа қызықпау керектігін түсіндіруге бар ынтасын жұмсайтындығын байқауға болады. Сондықтан да олардың жан-дүниесін түсіну, құпияларын анықтап білу әсте мүмкін емес. Әлем ғалымдарының қанша мәрте талаптанып, талпынса да әлі күнге дейін Тибет монахтарының құпия-сырын аша алмауы, адам баласының қолынан келе бермейтін құбылыстарды қалай орындайтындығын түсінбеуі, міне, осындай тұйықтығынан да болса керек.
Сырт көзге томаға-тұйық отырғандай көрінгенімен, монахтар әңгіме барысында қарсы алдында отырған адамның ішкі жан-дүниесін айтқызбай-ақ ұғады, сол арқылы оның не ойлап отырғандығын түсінеді, егер әңгімелесуші адамның пейілі бұзық болса, одан бойын аулақ салуға тырысады. Сондықтан да өз құпиясын ашпауға іштей серт байлайды дейтін де әртүрлі жорамалдар айтылады. Егер адамзат баласы Тибет монахтарының осындай ішкі сырларын, тәрбие тетіктерін, жан-дүниесінің құпиясын ұғатын болса, онда көп жайларға қаныға түсер еді. Алайда, бірде-бір монахтың аузынан әлі күнге дейін ғалымдар қанша талпынса да нақты тұжырымды пікірлер, өмірлік тәжірибеге жаратуға тұрарлық, кәдеге асырарлық деректер ала алмай келеді.
Гималай, Тибет тауларында, Моңғолияның Гоби шөлінде ел аралап жүрген монахтарды қазір де жиі кездестіруге болады. Олар шешіліп сөйлемегенімен, жолыққан адамдардың бойына әйтеуір иманшылық пен тәубашылық рухын сіңіріп, оларды әртүрлі кеселдерден, апатты жағдайлардан, болатын қауіптерден құтқаруға шама-шарқынша көмек көрсетіп отырады. Бірақ та нақты нұсқау бермейтін, іс-қимылы, әрекеті, жүріс-тұрысы арқылы ғана адамдарды баурап алатын олардың бойында ерекше бір қасиет бар екендігін де осы монахтар өмірін зерттеген ғалымдар әлі күнге жазып келеді.
Тибет ғибадатханаларында монах болу, осы қасиетті атақты алып жүру мәртебесі де әркімге бұйыра бермейді. Монахтар әрбір елдегі әлеуметтік топтардың орналасуы секілді белгілі бір таптан шықпайды. Монахтардың өздері де ғибадатханада қызмет атқару үшін бөгде адамдарға беймәлім, тек Будда ілімі негізінде қарастырылатын бірнеше талаптарды мүлтіксіз орындап шығуы керек. Осы ғибадатханадағы монахтардың барлығы фәни дүниедегі кездесетін пендешілік атаулының барлығын бойынан ада етіп қана сол қасиетті орынның табалдырығын аттай алады. Сондықтан да ғибадатханада монах болуға ниет білдірген жастар үстіндегі киімі, төсек-орны мен тамақ қайнататын ыдыстарынан өзге ештеңені қажет етпейді. Сондай-ақ ел аралайтын диуана монахтарға да нақты жол көрсететін, атқарылатын істерін әйгілеп беретін белгілі бір жазылған ереже болмайды. Өзінің монастырдағы қызметінің шеңберінде ғана емес, Будда ілімін ел ішінде нақты ісімен көрсетуді қалаған монахтар ғибадатханаға келеді де, сондағы ересек монахтың алдына барып өзінің диуаналық кейіпке түскісі келетінін білдіреді. Оның бұл тілегі қанағаттандырыла ма, жоқ па ол жағы да әлдебір кеңестердегі, одақтардағы секілді жаппай талқыланып жатпайды, монахтың айтқан уәжі бірден қабылданады да, осыдан соң ол өзінің диуаналық жолын бастайды. Өйткені монахтар әрбір айтатын сөзін мың мәрте іштей сараптамадан өткізіп барып сыртқа шығарады. Сондықтан да диуаналықты қалаған монах дәл осы іске өзін лайықты санағаннан кейін ғана осындай әрекетке қадам басады. Диуаналарды шартты түрде екі түрге бөлуге болады. Олардың қай-қайсысы да жан-дүниесін тазартудың, сол тазалыққа басқаларды жетелеудің жеке дара жолын таңдап алады. Ал осының ең жоғарғы әмір етуші күші оның өз жан-дүниесі болып саналады. Диуаналардың белгілі бір бөліктері Тибет өңірінде көптеп кездесетін үңгірлерді паналап, сол жерлерде тақуалық күйге түседі. Диуаналардың бұл санатына кіргендер өздерінің танып-білген дүниелерінің құпиясын ешкімге жария етпеуге ант береді. Алайда олар алдына келген адамдардың сөздерін тыңдап, шама-шарқы келгенше соларға рухани жағынан қолдау көрсетіп отырады. Тибетте, Гималай мен өзіміз айтқан Гоби шөлінде жүрген диуаналардың ел ішінде ерекше бағаланатыны соншалықты, олар қандай да бір адам аяғы баспайтын үңгірлерді паналаса да, соны естіген маңайдағы жұртшылық әлгілерге киім-кешек, қажетті ауқаттарын үнемі жеткізіп беріп тұрады. Бұған қоса монахтардың сауабын алу үшін алыс сапарға шыққан сауда керуендері де жолдары бұрыс болса да сол диуаналар мекендеген жерлерге соғып кетуді дәстүрге айналдырады. Олардың аса кемел ақыл-кеңестері, жан-дүниесін тазарту жолындағы уағыздары шындығында да сауда ісімен айналысатын керуенбасыларды әртүрлі қауіп-қатерлерден қорғап отырады. Ал енді монахтардың екінші тобындағы диуаналар болса, олардың рухы тіпті өзгеше жағдайда қалыптасады. Осындай жолды таңдаған монахтар шағын ғана жер кепелердің есігін сыртынан тас бекіткізіп тастап, саңылаудан түскен күн мен таза ауадан өзге ешқандай табиғи жан рахатын пайдалана бермейді. Осындай күйге түскен соң артық сөйлемеуге ант ішкен олар тамақ әкеліп берген бөтен адамдармен де бір ауыз сөз сөйлеспейді. Өзін осындай қапасқа қаматып тастауды ұйғарған монахтар мұндай шешімді ғибадатханадағы дінбасына ғана айта алады. Осындай диуаналар монахтар ішінен өзіне күзетші таңдап алады. Ертеректе сол диуана мен күзетшісі болашақта тұратын баспаналарын өздері жасап алатын. Әлгі баспана дайын болғаннан кейін бөлмелердің біріне диуана кіреді де, күзететін адамы оның бергі жағын таспен қалап бекітіп тастайды екен. Қалдырылған шағын қуыс арқылы қажетті суы мен тамағын беріп тұратын болыпты.
Мұндай диуаналардың ішетін тамағы да шектеулі болған екен. Аптасына бір рет бір тостаған тцампы көжесі мен бір саптаяқ су ғана берілетін көрінеді. Бөлменің жан-жағы таспен бекітіліп тастағандықтан, аптасына бір рет қана арнайы тесік ашылып таза ауа енгізіледі екен. Өркениеттің барлық рахаттарын көріп өскен бүгінгі ұрпақтың дәл осындай диуаналар өміріне таңданыс білдірмеуге қақылары жоқ. Себебі тағамнан, қызықты дүние атаулының барлығынан безіну шындығында да ақылға қонбайтын дүниедей көрінетіндігі рас. Алайда, тибеттік монахтар адамның тәні қаншалықты азапқа түссе, жан-дүниесі де соншалықты тазаланып рахатқа бөленеді дейтін ұстанымға табан тіреген. Мынау қоршаған әлемнен оқшауланған диуана бұл дүниенің барша зұлымдығы мен қатыгездігін, рахаты мен сүйіспеншілігін сол қамау ішінде отырғанда анық сезінеді дейтін де әлдебір сенім болса керек. Қараңғылыққа үйренген мұндай диуаналардың есту қабілеттері одан сайын күшейе түседі. Ол өздері тұрғызған шағын шалықтың маңайында болып жатқан әртүрлі өзгерістерді естіп-білумен қатар қан тамырларындағы қанның ағысын, тіпті жүрек соғысы мен өкпе өзекшелерінде жүрген ауаның жылжығанын да естіп-білетін дәрежеге жететін көрінеді. Монахтардың көп ретте адам баласы жасай алмайтын құбылыстарға қол жеткізуі, бірнеше сағат қана емес, тәулік бойы жүрегін тоқтатып тастап қайтадан тірілуі міне, олардың осындай ерекше бір құбылыстарының жемісі емес деуге де аузымыз бармайды. Тамақтың аздығы, оттегінің жетіспеуі монахтардың бұлшық еттерінің өз-өзінен ширығып қайтадан қалпына келуіне, бір сәтке өліп қалғандай жағдайға көшіп, ішкі түйсігі арқылы қайта тірілуіне, осылайша рухани бостандық алуына да ықпал етуі әбден мүмкін.
Тибеттік монахтар өлімнің алдында тұрып қана одан әрі өмір сүрудің амалдарын табуға болады деп есептейді. Сондықтан да олар осы бір диуаналық жолды таңдап алғанда адам баласының барлық ішкі мүмкіндігін сыртқы әсерге қарсы қоюдың жолдарын дәлелдеуге де тырысқан секілді. Тибет монастырлеріндегі дінбасылар қажет болған кездерде сыртқа кеткен диуаналармен ешқандай байланыссыз-ақ хабарласып отыратындықтарын жасырмайды. Осыны зерттеп білгісі келген әлем ғалымдары Тибет монастырындағы дінбасыларының бірімен сөйлесіп отырғанда әлдебір жаңалыққа орай оның өз-өзінен елегізгенін байқайды. Сөйтсек ол бірнеше шақырым жердегі қапаста отырған диуананың міне енді ғана өліп қалғанын сезгендігін айтады. Әлгі ғалымдар іле-шала айтқан бағыттағы жерге барса, диуананың күзетшісі бірнеше минут бұрын ғана монахтың көз жұмып кеткендігін хабарлайды. Бұл дағы болса Тибет монахтарының ешкімге жария етпейтін ерекше бір құпиясы болса керек.
Әлемдегі әртүрлі табиғат апаттарының қандайынан болмасын аман-есен құтылатын әлдебір адамдардың бар екендігі жайындағы деректер де әр жерден қылаң беріп жатады. «Мәңгілік материк» дейтін аумақтағы үңгірледі мекендейтін адамдар жер сілкіністері, су тасқындары секілді апатты жағдайларда бірнеше тәуліктен соң қайтадан тірілген екен дейтін әңгімелерді де естігенбіз. Ғалымдар йог ісімен айналысатын, кез-келген ағзаларын орнынан қозғай алатын осындай адамдарды жете зерттегенімен, олардың бойындағы қасиеттерінің түп-төркінін әлі де ашып біле алған жоқ. Гималай мен Тибетті мекендейтін монахтарды да сол йог ілімін меңгерген пенделер қатарына жатқызғанымызбен, әйтеуір бойларында ерекше бір құбылыс бар екендігін, Будда ілімі негізінде адамға беймәлім қуат-күшті қалай игеруге болатындығы жөнінде жазылмаған қағида қалыптастырғаны жайында да болжамдар айтылып жүр. Бірталай ғалымдар Тибет монахтарының осындай керемет әрекеттерін «сомати» іліміне негіздейді. Ал сомати дегеніміз – медитацияның ең жоғарғы формасы. Оны летаргиялық ұйқымен немесе клиникалық өліммен ешқашан шатастыруға болмайды. Егер летаргиялық ұйқыға берілген адамның жүрегі мен миы жұмыс істеп жататын болса, ал сомати жағдайында өлген адамның денесі сұп-суық болып қатып қалады. Бірақ денесі өлгенімен жаны бойынан кетпейді. Бірнеше уақыттан соң әлгі қатып қалған денеге жан қайтадан қан жүргізіп, оны тірілтеді.
Дәрігерлер мен биологтар адам денесінің мұз болып қатуы, клеткалардың бұзылуына апарып соқтыратынын жақсы біледі. Сондықтан мұз болып қатқан адам міндетті түрде өледі. Ал сомати – йогалардың мың немесе миллион жылдан кейін де мәңгілік мұз құрсауынан тірі шығуының себебі ғылымға әлі белгісіз. Мұны аюдың 9 ай бойы үңгірде ұйықтап жатқанымен салыстыра алмайсыз.
Әрине, жоғарыдағыдай сомати жағдайына ерекше таңдалған адамдар ғана ене алады. Ал ондай ерекше күшке ие емес монахтар күніне үш рет сомати жасап, үш сағатқа ғана өліп, қайтадан тіріліп, жаттығатын көрінеді.
Жаратқан Иеміз жаһандық катаклизм болып, жер бетіндегі күллі адам баласы қырылып қалатындай жағдай туса да, Адам ата ұрпағын сақтап қалудың амалын алдын ала ойластырып, бүгінгі тілмен айтқанда, сақтандырып қойған екен-ау дейсіз. Оның бір жолы біз айтып отырған – сомати. Тибеттік ламалардың айтуынша, қажет уақытында бұл адамдар тіріліп, адамзаттың қайтадан ұрпақ жаюына мүмкіндік береді. 850 000 жыл бұрын Атлантиданы жұтып қойған Бүкіләлемдік топан су кезінде, үңгір ішінде аман қалғандар кейін жер шарына тарап, адамзат ұрпағын жайған деседі.
Бір қызығы, Тибет монахтарында адам рухын шыңдаудың неше түрлі амал-тәсілдері болған. Соның бірі – тас қараңғы терең үңгірден жылдар бойы сыртқа шықпау. Яғни адамды өзінің қалауымен көзге түртсе көргісіз тас түнек үңгірге қамайды. Өліп қалмау үшін кішкене тесіктен сусын мен тамақ қойып қояды. Тірі екенін содан білуге болады. Болды, тас қараңғы үңгірде жападан-жалғыз жатасыз. Тірі тіршілік иесі тұрмақ, тырс еткен дыбыс болмайды. Мәңгілік тыныштық. Тастай қараңғылық. Уақыттың қанша екенін, қай жыл мезгілі екенін сезіп-білу, айыру мүмкін емес. Жай жатпайды, үнемі дұға оқумен болады. Соның арқасында ешқандай аурумен ауырмайды. Шамасы үңгірде аса қуатты энергия болатын болса керек, қандай ауыр сырқат та жазылып шығады екен. Кейбіреу мұндай жағдайда үш күн, кейбіреу үш ай не асып кеткенде бір жыл ғана шыдауы мүмкін. Шыдамаса, шығарып алады. Өлсе, ішіне жерлейді. Ал енді кейбір монахтар осындай үңгірде 6-7 жылға дейін шықпай жатып алады екен. Осынша уақыттан кейін шыққандары анасынан жаңа туғандай болып жарық дүниеге оралады. Оларды күллі монахтар Құдайдай көріп, әспеттеп күтіп алады. Төбелеріне көтереді. Өйткені ол ерекше тылсым күшке ие болып шығады.
Ал енді мүлдем ас-су ішпей, ондаған жылдар бойы ұйықтап жатып, оянатын да монахтар кездеседі. Мұндай жағдайға жету үшін олар мың күн, яғни үш жыл бойы тек қана жаңғақ пен пістемен ғана қоректенетін көрінеді. Нәтижесінде, денеде титімдей де май қалмайды. Одан кейін монахтар тағы диетаға отырып, енді тек шөп тамырларымен ғана қоректенуге көшеді. Бұл да үш жылға созылады. Нәтижесінде, денесі тірі қаңқа болып шығады. Одан кейін улы шайға көшеді. Оның пайдасы – өлгенде денесін бактериядан қорғайды.
Жер астындағы монастырларда қандай құпия бар? 1577 жылы орыс жеріне басып кірген шведтер Валаам монастырын қиратып, 35 монахты өлтіреді. Марқұмдардың денесін өртемек болғанмен, жаулаушылар оған үлгермейді. Түнде өлген монахтардың мәйіттері өз-өзінен жоғалып кетеді. Шведтер кеткен соң, әулие әкейлер бауырларының денесін іздемеген де, таппаған да.
Жалпы, Гималай мен Тибетте әлемді басқарудың «кілті» бар делінеді. Британия, Германия, кезіндегі КСРО миллиондаған қаржы бөліп, ондаған экспедицияларды құпия түрде Тибетке аттандырғанына қарағанда, «кілттің» бары рас болуы да мүмкін. Барлығы да құдіреті күшті тылсымды игеріп, әлемді билеп тұруға ұмтылғаны шындық. Жалпы, аңыздағы Шамбаланы іздеп аттанған ондаған экспедициялар оны тапты ма, жоқ па, белгісіз. Бәрі бүгінгі күні құпия. Шынтуайтында, Тибет әлемдегі ең жұмбағы ашылмаған мекенге жатады. Ондағы бар құпия тылсымды бойына сақтаған Нам-цо көлі, Ярлунг Цангпо өзені, Қайлас тауы әлі сырын адамзатқа аша қойған жоқ. Тіпті Қайлас тауынан «тірі» және «өлі» су табылғаны жөніндегі сенсациялық дерек әлем баспасөзінің «нанына» айналғаны да белгілі. Тибет йогалары осы «өлі» суды ішіп, өздерін біраз уақыт, не болмаса ондаған жылдарға «өлтіріп», сосын «тірі» суды ішіп, қайтадан тіріледі деседі. Бұл сулардың қасиеті адамдардың ағзасын жасарта алатын құдіретке де ие. Қылтамақ секілді ғасыр обаларының да бірден-бір емі көрінеді.
«Ауру – астан, дау – қарындастан» дейтін аталы сөз қалдырған ата-бабаларымыз да адамның тойымсыздығы, ашкөздігі, әлдебір дүниеге бола құмарлықтан безінбеуі секілді кеселдердің бетін қайтармаса, табиғи күштерге қарсы жан-дүниенің күресе алмайтындығын тұспалдап болса да жеткізген еді. Шындығында да егер біз байлық пен барқадарлыққа қызығудан, қызғаншақтық пен нәпсіқұмарлықты бойымызға жолатудан тыйылмасақ, әртүрлі қиыншылыққа төзіп бермесіміз анық. Тибет монахтарының да мың жыл жасамағанымен, әйтеуір мынау жарық дүниеде бойы мен ойының таза жүретіндігі, әртүрлі табиғи апаттардан аман қалып, сыртқы жаулардан қасқая қорғанғандығы осындай ерекше құбылыстар нәтижесі болса керек.