Трамп Иранның ядролық бағдарламасын толық тоқтатуды көздейді

АҚШ президенті Дональд Трамп Иранмен туындаған жанжал аясында бұл елдің ядролық бағдарламасын толықтай тоқтатуға қол жеткізгісі келеді, деп хабарлайды Reuters агенттігі.
Бұл ақпарат Трамппен бірге Канададағы G7 саммитінен қайтып келе жатқан тілшілерге сілтеме жасай отырып жарияланған. Агенттіктің мәліметінше, Трамп Израиль мен Иран арасындағы атысты тоқтату емес, "ядролық бағдарламаның нақты аяқталуы" туралы айтып отыр.
Ақ үй басшысы Иран басшылығымен келіссөздер жүргізу үшін АҚШ вице-президенті Джей Ди Вэнсті немесе Таяу Шығыс бойынша арнайы өкіл Стив Уиткоффты жіберу мүмкіндігін де жоққа шығармады.
Сонымен қатар, Трамп Израильдің Иранға қарсы соққыларының қарқынын бәсеңдету жоспары жоқ екенін айтып, алдағы екі күнде жағдай өзгеруі мүмкін екенін мәлімдеді. Алайда ол нақты қандай өзгеріс туралы айтып отырғанын түсіндірмеді.
Бұған дейін Трамп Канададағы Кананаскис қаласында өтіп жатқан G7 саммитіне қатысуын шұғыл түрде тоқтатып, бірінші күннің соңында АҚШ-қа оралған болатын. Ақ үйдің баспасөз қызметі мұны Таяу Шығыстағы жағдаймен байланыстырды. Айта кетейік, 17 маусымда Трамптың Мексика президенті Клаудия Шейнбауммен және Украина президенті Владимир Зеленскиймен кездесулері жоспарланған еді.
CBS News мәліметінше, Трамппен бірге АҚШ мемлекеттік хатшысы Марко Рубио да Канададан Вашингтонға ұшып шыққан. CNN арнасы болса, Трамп ұлттық қауіпсіздікке жауапты әкімшілік қызметкерлеріне Ақ үйдегі Ситуациялық бөлмеде (Situation Room) шұғыл жиын өткізуге бұйрық бергенін хабарлады. Бұл – президент пен оның кеңесшілері, әскери және арнайы қызмет өкілдері төтенше жағдай кезінде кеңес өткізетін арнайы байланыс құралдарымен жабдықталған кешен. Бұл бөлме арқылы АҚШ президенті әлемнің кез келген жеріндегі америкалық әскерлерге пәрмен бере алады.
Фото: Kevin Lamarque/REUTERS

Ең көп оқылған
