Трамп Путин мен Зеленский кездесуіне қатысты жаңа шешім қабылдады

АҚШ президенті Дональд Трамптың пікірінше, Ресей мен Украина президенттері Владимир Путин мен Владимир Зеленскийдің саммитін Мәскеу мен Киев өздері ұйымдастыруы тиіс. Ол бұл үдерісте тікелей рөл атқаруға ниетті емес, деп хабарлайды Malim.kz Deutsche Welle-ге сілтеме жасап.
The Guardian басылымының жазуынша, 21 тамыз, бейсенбі күні АҚШ әкімшілігінің өкілдері осы ақпаратты растаған. Соңғы күндері Трамп кеңесшілеріне екі ел басшысы өзара кездескеннен кейін ғана үшжақты келіссөз өткізуге дайын екенін айтқан.
19 тамызда WABC-TV телеарнасына берген телефон сұхбатында Трамп:
“Мен жай ғана олардың кездесуінде не болатынын көргім келеді. Қазір олар оны ұйымдастырып жатыр, ал біз кейін нәтижесін көреміз,” – деді.
The Guardian атап өткендей, Трамптың Путин мен Зеленскийді кездестіруге асықпауына Украинадағы соғысты тоқтату оның 2024 жылғы сайлауалды науқаны кезінде ойлағаннан әлдеқайда күрделі екендігін соңғы күндері мойындауы себеп болған
Өз кезегінде Владимир Зеленский Украина серіктестерінен қауіпсіздік кепілдіктерінің архитектурасына қатысты түсінікті 7–10 күн ішінде күтетінін, содан кейін ғана үшжақты форматтағы кездесуге келісетінін айтты (AFP).
Ал Ресей Сыртқы істер министрі Сергей Лавров 21 тамызда Путиннің әзірге украиналық әріптесімен кездесуге ниеті жоқ екенін, мұндай саммит тек барлық мәселе егжей-тегжейлі дайындалғаннан кейін ғана мүмкін болатынын мәлімдеді.
Лавровтың айтуынша, Путин бірнеше рет, соның ішінде Зеленскиймен де, тек жоғары деңгейде қаралуы тиіс мәселелер толық пысықталған жағдайда ғана кездесуге дайын екенін жеткізген.
Еске салайық, бұған дейін Зеленский кеңсесінің кеңесшісі Михаил Подоляк Украина қақтығысты майдан шебі бойынша “қатып қалу” сценарийін жоққа шығармайтынын, яғни Ресей басып алған аумақтар іс жүзінде Мәскеудің бақылауында қалатынын, бірақ де-юре Украинаға тиесілі болып саналатынын мәлімдеген еді.
Фото: x.com/whitehouse

Ең көп оқылған
