Трамп: Путиннің «Буревестник» зымыранын сынау туралы мәлімдемесі орынсыз
АҚШ президенті Трамп Путиннің ядролық қуат қондырғысымен жабдықталған шексіз ұшу қашықтығына ие «Буревестник» қанатты зымыранының жаңа сынағы туралы мәлімдемесін «орынсыз» деп атады.
Трамптың айтуынша, Путин бұған уақыт жұмсаудың орнына Украинаға қарсы соғысты тоқтатуы тиіс. Бұл туралы АҚШ президенті 27 қазан, дүйсенбіге қараған түні Air Force One бортында журналистерге мәлімдеді.
«Бір аптада аяқталуы тиіс болған соғыс төртінші жылға ұласты. Ол зымыран сынаумен емес, соғысты тоқтатумен айналысуы керек», — деді Трамп.
Трамп АҚШ-тың атомдық суасты қайықтарын еске салды
Ол сонымен қатар Ресейдің қауіп-қатерлеріне жауап ретінде АҚШ атомдық суасты қайықтарының қозғалыстары туралы да еске салды.
«Олар біздің әлемдегі ең мықты атомдық суасты қайығымыздың дәл олардың жағалауында тұрғанын біледі. Сондықтан бізге 8 000 мильге ұшатын зымыранның қажеті жоқ. Олар бізбен ойын ойнап отырған жоқ, біз де олармен ойнамаймыз. Біз де үнемі зымыран сынақтарын өткізіп тұрамыз, бірақ мен айтқандай, бізде ядролық суасты қайық бар — сондықтан алысқа ату бізге қажет емес», — деді АҚШ президенті.
Бұл уақытта Ресей СІМ басшысы Сергей Лавров Владимир Путиннің Украина жөніндегі АҚШ концепциясын қабылдауға және ұсынылған негізде «практикалық қадамдарға көшуге» дайын екенін мәлімдеді. Министрдің айтуынша, Мәскеу мен Вашингтон ұсыныстарды ой елегінен өткізу үшін үзіліс жасауға келіскен, деп хабарлайды ТАСС агенттігі.
Путин «Буревестник» сынағы туралы мәлімдеді
Сол күні Кремль сайтында Путиннің стратегиялық шабуылдаушы күштердің оқу-жаттығулары туралы мәлімдемесі жарияланды. Онда «стратегиялық ядролық күштердің үш құрамдас бөлігінің де оқу-жауынгерлік ұшырылымдары орындалғаны» және «болашағы бар қару түрлерінің сынақтары өткізілгені», соның ішінде ядролық қондырғысы бар, шексіз ұшу қашықтығына ие «Буревестник» қанатты зымыранының сыналғаны айтылған. Путин «Буревестникті» бірегей әзірлеме деп атап, оны қолданудың ықтимал тәсілдерін анықтау жоспарын жеткізді.
Өз кезегінде Ресей Қарулы күштері Бас штабының бастығы Валерий Герасимов «Буревестник» сынағы 21 қазанда өткенін, зымыран 14 000 шақырымды еңсеріп, шамамен 15 сағат әуеде болғанын хабарлады.
«Зымыранның техникалық сипаттамалары оны кез келген қашықтықтағы жоғары қорғалған нысандарға дәл тигізуге мүмкіндік береді», — деді Герасимов.
Алайда «Буревестник» зымыранының сынағына қатысты тәуелсіз растаулар мен Батыс елдерінің ресми түсініктемелері жоқ.
«Буревестник» зымыраны, НАТО классификациясы бойынша Skyfall деп аталады, оны Ресей 10 жылдан астам уақыт бойы әзірлеп келеді. Ресей әскери өкілдерінің айтуынша, зымыран қозғалтқышына орнатылған шағын ядролық реактор арқылы жұмыс істейді, бұл оған бірнеше күн бойы әуеде болуға мүмкіндік береді.
2019 жылғы Вашингтон ядролық қауіп бастамасының есебіне сәйкес, Skyfall «ядролық оқтұмсық алып жүріп, Жер шарын төмен биіктікте айналып өтіп, зымыранға қарсы қорғаныс жүйелерінен және жер бедерінен жалтарып, содан кейін болжауға қиын аймаққа оқтұмсық тастай алады» деп сипатталған.
Фото: Jonathan Ernst/Pool/Reuters