Трамп Сорос және оның ұлына қарсы федералдық айып тағуды талап етті

АҚШ президенті Дональд Трамп демократиялық меценат Джордж Сорос пен оның ұлы Алекс зорлық-зомбылық акцияларын қолдағаны үшін федералдық сот алдында жауап беруін талап етті, деп хабарлайды Kazinform меншікті тілшісі.
Джордж Сорос пен оның керемет радикал ұлы Америка Құрама Штаттарының бүкіл аумағында зорлық-зомбылық шерулерін және тағы басқаларды қолдағаны үшін RICO заңы бойынша жауапқа тартылуы керек. Біз бұл ақымақтардың Американы бөлшектеуіне жол бермейміз. Сорос пен оның есалаңдар тобы елімізге үлкен шығын келтірді! Бұл оның Батыс жағалаудағы ессіз достарына да қатысты. Сақ болыңыз, біз сізді бақылап отырмыз! - деп жазды Дональд Трамп Truth Social-да.
Сорос отбасы қаржыландыратын Open Society Foundations коммерциялық емес ұйымы X-тегі мәлімдемесінде Трамптың қоқан-лоққысын айыптады.
Джордж Сорос негізін қалаған және Алекс Сорос басқаратын The Open Society Foundations зорлық-зомбылық акцияларын қолдамайды және қаржыландырмайды. Керісінше мәлімдемелер жалған, ал негізін қалаушы мен төрағаға қарсы қорқытулар шектен шыққан. Біздің миссиямыз — Құрама Штаттарында және бүкіл әлемде адам құқықтары, әділеттілік және демократиялық принциптерді ілгерілету. Біз АҚШ Конституциясымен кепілдендірілген негізгі бостандықтарды, соның ішінде сөз бостандығы мен бейбіт наразылық құқығын қолдаймыз, бұл кез келген белсенді дамып отырған демократияның белгілері, — деп жазды коммерциялық емес ұйым.
Республикашылдар миллиардер Соросты зорлық-зомбылық шерулері мен тәртіпсіздіктерді қаржыландырды деп айыптап жүргеніне біраз уақыт болды, деп хабарлайды Daily Mail.
Сорос отбасы осы жылдар ішінде «Ашық қоғам» қорлары арқылы прогрессивті кандидаттар мен ұйымдарға жүздеген миллион доллар бөлді.
2024 жылғы сайлау кезінде Алекс Трамп қарсыласы Камала Харристі қолдап, оған ақша жинаған. Кіші Сорос Хиллари Клинтонның жақын көмекшісі Хума Абединге үйленді.
Сорос ұйымы сотта Трамп әкімшілігінің шешімдеріне қарсы шыққан прогрессивті жергілікті прокурорлар мен бас прокурорлар науқандарының негізгі қаржыландырушысы болды.
Фото: tottnews.com

Ең көп оқылған
