Түнгі клубтың шатыры опырылып, 124 адам қаза тапты
Доминикан Республикасындағы танымал түнгі клубтардың бірінде шатыр опырылып құлағаннан кейін кемінде 124 адам қаза тапты. Билік үйінді астынан адамдарды іздестіру жұмыстарын жалғастырып жатқанын мәлімдеді

Доминикан Республикасындағы танымал түнгі клубтардың бірінде шатыр опырылып құлағаннан кейін кемінде 124 адам қаза тапты. Билік үйінді астынан адамдарды іздестіру жұмыстарын жалғастырып жатқанын мәлімдеді, - деп хабарлайды Malim.kz тілшісі usatoday.com-ға сілтеме жасап.
Доминикан Республикасының Ұлттық полициясы қаза тапқандардың қатарында бір облыс губернаторы, сахнада өнер көрсетіп жатқан танымал әнші және бірнеше бұрынғы MLB (АҚШ-тың Бейсбол Лигасы) ойыншысы барын айтты. Тағы 155 адам түрлі жарақат алып, медициналық мекемелерге жеткізілген.
Апат сейсенбіде Санто-Доминго қаласындағы Jet Set клубында меренге жанрының әншісі Рубби Перес өнер көрсетіп жатқан сәтте болған. Оның денесі сәрсенбі таңертең табылды. Шатырдың не себепті құлағаны әзірге анықталмады, тергеу жүргізіліп жатыр.
Іздестіру-құтқару жұмыстарына Пуэрто-Рико мен Израильден келген арнайы топтар қосылды.
Jet Set клубында не болды?
Апат сейсенбіге қараған түні Перес өнер көрсетіп жатқан сәтте болған. Оның менеджері Энрике Паулиноның айтуынша, концерт түнгі сағат 12-ге жуық басталып, бір сағаттан кейін шатыр құлаған. Әлеуметтік желілерде жарияланған видеоларда әншінің сахнада тұрған сәттері көрінеді – шатыр сол сәтте опырылып түседі.
Шатырдың құлау себебі әзірге белгісіз. Сәрсенбіде Доминикан Республикасының Ұлттық полициясы тергеудің барысына қатысты сұрақтарға жауап бермеді.
Клубта болғандардың туыстары ғимарат маңында жиналып, жақындарынан хабар күтіп отыр.
"Менің бірнеше туысым әлі үйіндінің астында. Біз не болғанын білмейміз", – деді Major League Baseball-да 17 маусым ойнаған Педро Мартинес сейсенбі кешкісін әлеуметтік желіде жариялаған видеосында.
Құрбандар кімдер?
Сәрсенбі таңында қаза тапқандар саны 124-ке жетті. Құтқарушылар үйінді астынан адамдарды іздеп, қаза болғандардың кім екенін анықтауға тырысып жатыр.
Қаза тапқандардың арасында әнші Перес пен Төтенше жағдайлар орталығының директоры Хуан Мануэль Мендес бар екені хабарланды. Сондай-ақ, бір саксофоншы да көз жұмған.
Фото:
Байланысты жаналықтар
MalimBlocks
