"Түрікменстан да бар": Трамп 12 елдің азаматтарына АҚШ-қа кіруге тыйым салды

АҚШ президенті Дональд Трамп 4 маусымда 12 мемлекеттің азаматтарына елге кіруге толық тыйым салатын жарлыққа қол қойды. Бұл шешім Колорадо штатындағы антисемиттік шабуылдан кейін қабылданған, деп хабарлайды Malim.kz dw.com сайтына сілтеме жасап.
Тыйым салынған елдер қатарына Ауғанстан, Мьянма, Чад, Конго Республикасы, Экваториалдық Гвинея, Эритрея, Гаити, Иран, Ливия, Сомали, Судан және Йемен кіреді. Аталған мемлекеттердің азаматтарына иммиграциялық және кейбір иммиграциялық емес визалар бойынша АҚШ-қа кіруге шектеу қойылады. Алайда АҚШ-та заңды тұрып жатқан резиденттер мен жарамды визасы бар тұлғалар бұл тыйымнан босатылады.
Сонымен қатар Бурунди, Куба, Лаос, Сьерра-Леоне, Того, Түрікменстан және Венесуэла елдеріне ішінара шектеулер енгізілді. Бұл елдердің азаматтарына туристік және студенттік визалар берілмейді, бірақ жұмыс визасы немесе отбасымен қосылуға байланысты визаларға өтініш беруге мүмкіндік бар.
Президент Трамптың айтуынша, бұл шаралар ұлттық қауіпсіздік пен заңсыз көші-қонның алдын алу мақсатында қабылданды. Ол АҚШ-та шетелдік азаматтар жасаған терактілердің артқанына алаңдаушылық білдіріп, мұндай оқиғалардың Еуропадағыдай қайталануына жол бермейтінін айтты.
Жарлық 2025 жылғы 9 маусымнан бастап күшіне енеді.
Фото: Francis Chung/Imago

Ең көп оқылған
