Украина шабуылынан Ресей 10 бомбалаушы ұшағынан айырылды

Спутниктен түсірілген суреттер мен өзге де деректер 1 маусым күні украин дрондары Ресей әскери аэродромдарына жасаған шабуылдың салдарынан Ресей кемінде 10 стратегиялық бомбалаушы ұшағынан айырылғанын растайды. Бұл туралы Азаттықтың Орыс қызметіне сілтеме жасап Malim.kz хабарлайды.
OSINT-талдаушы Крис Биггерс 2 маусым күні таңертең Ресейдің Иркутск облысындағы Белая аэродромына украин дрондары жасаған шабуылдан кейін спутниктен түсірілген суреттерді жариялады. Бұл суреттер тіпті бұлттың ар жағынан да жер бетіндегі нысандарды "көре" алатын жасанды апертуралы радардың (SAR) көмегімен түсірілген.
Фотосуреттерге қарағанда, әскери әуе базасында 4 Ту-95 және 4 Ту-22 стратегиялық бомбалаушы ұшақ жойылғанға ұқсайды.
Шабуылға ұшыраған Ресейдің екінші әскери әуе базасы – Мурманск облысындағы Оленья аэродромының әзірге спутниктен түсірілген суреттері жоқ. Алайда Украинаның қауіпсіздік қызметі (СБУ) жариялаған дроннан түсірілген видеолардың көмегімен 1 маусымда Ресейдің әскери аэродромдарына жасалған, бұрын-соңды болмаған шабуылдың жалпы ауқымын бағамдауға болады.
Intelshizo деген атпен тіркелген Х әлеуметтік желісін қолданушы жүргізген есептеулерге жүгінсек, Белая және Оленья аэродромдарында кемінде:
• 7 Ту-95 стратегиялық бомбалаушы ұшағы (тағы біреуі зақымданған),
• 4 Ту-22 стратегиялық бомбалаушы ұшағы,
• 1 Ан-22 әскери-көлік ұшағы жойылған.
Украинаның қауіпсіздік қызметі (СБУ) бұған дейінгі мәлімдемесінде жексенбі күнгі бірнеше өңірде жасалған шабуылдың нәтижесінде "Ресейдің негізгі аэродромдарында тұрған қанатты зымыран тасымалдаушы стратегиялық ұшақтардың 34%", яғни 43 ұшақ зақымданды немесе жойылды деп хабарлаған. Алайда олардың санын тәуелсіз дереккөздер растау әзірге мүмкін болмай отыр.
Фото: Courtesy image

Ең көп оқылған
