Үндістан Пәкістанға шабуыл жасады

Сұлу Бөлек

  • 07.05.2025

Исламабад сегіз адамның қаза тапқанын және қарсы шабуылдар жасалғанын хабарлады, - деп хабарлайды Malim.kz BBC-ге сілтеме жасап.

Үндістан Пәкістан мен Пәкістан бақылайтын Кашмир аумағындағы нысандарға әуе шабуылдарын жасағанын мәлімдеді. Бұл әрекет Делидің Пәкістанды Үндістан бақылауындағы Кашмирде туристерге жасалған шабуылға қатысы бар содырларды қолдады деп айыптағаннан екі апта өткен соң болды. Ол шабуыл кезінде 26 адам қаза тапқан еді. Пәкістан бұл айыптауларды жоққа шығарды.

"Үнді қарулы күштері "Синдур" операциясын бастап, Пәкістан мен Пәкістан басып алған Джамму мен Кашмирдегі лаңкестік инфрақұрылымдарға соққы берді. Дәл осы аумақтардан Үндістанға қарсы шабуылдар жоспарланып, жүзеге асырылып келген", — делінген ресми мәлімдемеде.

Үнді билігі тоғыз нысанаға дәл соққы жасалды дейді, бірақ Пәкістан мұны теріске шығарып отыр.

"Біздің әрекеттеріміз нақты, сараланған және арандатуға жол бермейтін сипатта болды. Пәкістан әскери нысандары соққыға ұшыраған жоқ. Үндістан мақсатты таңдау мен әдіс жағынан барынша ұстамдылық танытты", — делінген Үндістан мәлімдемесінде.

Reuters агенттігіне пікір білдірген үнді әскери дереккөз шабуылдар радикал исламшыл топтардың базаларына бағытталғанын айтқан.

Пәкістан армиясы соққылар азаматтық нысандарға тигенін мәлімдеді. Олардың айтуынша, үнді ұшақтары ракеталарды өз аумағынан атқан. Пәкістан сегіз адам қаза тауып, 35 адам жараланғанын, тағы екі адам хабар-ошарсыз кеткенін хабарлады. Қаза тапқандардың арасында екі бала бар екенін армияның баспасөз хатшысы Ахмед Шариф BBC-ге растаған. Оның айтуынша, бір соққы мешітке тиген.

Пәкістан премьер-министрі Миан Мұхаммад Шахбаз Шариф Үндістанға жауап берілетінін мәлімдеді:

"Айлакер жау Пәкістан аумағындағы бес нысанға шабуыл жасады. Пәкістанның бұл әрекетке жауап қайтаруға толық құқығы бар, және жауап қайтарылады", — деді ол.

Кейін сәрсенбіге қараған түні Пәкістан армиясы Үндістанның алты нысанға 24 түрлі қарумен шабуыл жасағанын нақтылады. Әскери өкілдің айтуынша, Пәкістан "қашан және қайда жауап беретініне өзі шешім қабылдайды".

"Барлық ұшақтарымыз әуеге көтерілді. Бұл — Үндістан аумағынан жасалған арсыз әрі қорқақ шабуыл", — деді ол.

Үнді дереккөздеріне сәйкес, кейін Пәкістан армиясы Кашмирдегі шекаралық аймақтарда артиллериялық от ашқан.

Сәрсенбіге қараған түні Пәкістан армиясы Үндістанның бес әскери ұшағын — үш Rafale және екі Су-30МКИ мен МиГ-29 ұшағын атып түсіргенін хабарлады. Үндістан бұл ақпаратты растап, не жоққа шығарған жоқ.

Сондай-ақ, Пәкістан армиясы Үндістан армиясының бір бригадасының штабын жойғанын мәлімдеді.

Үнді билігі бақылау сызығы маңындағы барлық мектепті жапты. Пәкістан да Исламабадта және шекараға жақын басқа аймақтардағы мектептерді уақытша жауып тастады.

Кейінгі күндері екі ел шекарасында атыстар жиілеген. Бұған дейін сарапшылар Үндістан лаңкестік шабуылдарға жауап ретінде әскери қадамдарға барады деп болжаған (бұған дейін 2019 және 2016 жылдары болғандай).

Үндістанның шабуыл жасауы күтілгенімен, зымыран соққыларының ауқымы көпшілікті таңғалдырды.

Үнді билігі шабуылдаған нысандардың кейбірі лаңкестікпен байланысы бар екенін айтса, Пәкістан армиясына тиесілі нысандарға соққы жасалмағанын алға тартады.

Пәкістан жауап қайтаруға уәде берді. Оның қандай болатыны Үндістанның келесі әрекетіне әсер етуі мүмкін.

Әзірге екі тарап та жағдайды бақылауда ұстаймыз дегенімен, шиеленіс деңгейі жоғары. Әскери қақтығыстың қалай өрбитінін болжау қиын.

Бұған дейін АҚШ пен өзге елдер тараптарды сабырға шақырып, жағдайды ушықтырмауға ықпал еткен еді. Алайда қазір Трамп әкімшілігі өзге жаһандық мәселелерге көңіл бөліп отырғандықтан, Вашингтон бұл жолы қаншалықты жедел әрекет ететіні белгісіз.

Фото: AFP

Байланысты жаналықтар

Қазақстан Үндістан мен Пәкістанды ұстамдылыққа шақырды

08.05.2025

Үндістан мен Пәкістандағы қазақстандықтар эвакуациялана ма? СІМ жауабы

08.05.2025

Солтүстік Корея Жапон теңізіне белгісіз зымыран ұшырды

08.05.2025

Air Astana Үндістанға бағытталған рейсті тоқтатты

08.05.2025

Үндістанның Пәкістанға жасаған әуе шабуылынан 31 адам қаза тапты

08.05.2025

Ресей мен Қытай Үндістан мен Пәкістанды сабырлыққа шақырды

07.05.2025
MalimBlocks
Қазақстан Үндістан мен Пәкістанды ұстамдылыққа шақырды

Үндістан мен Пәкістандағы қазақстандықтар эвакуациялана ма? СІМ жауабы

Солтүстік Корея Жапон теңізіне белгісіз зымыран ұшырды

Air Astana Үндістанға бағытталған рейсті тоқтатты

Үндістанның Пәкістанға жасаған әуе шабуылынан 31 адам қаза тапты

Ресей мен Қытай Үндістан мен Пәкістанды сабырлыққа шақырды