"Хочу жить" жобасы Ресей Қорғаныс министрлігімен келісімшартқа отырған қырғызстандықтар тізімін жариялады
Ең жасы 18-де

Украинаның "Хочу жить" мемлекеттік жобасы Украинаға қарсы соғысқа қатысу үшін Ресей Қорғаныс министрлігімен келісімшартқа отырған 360 қырғызстандықтың есімін жариялады, - деп хабарлайды Мalim.kz тілшісі currenttime.tv-ға сілтеме жасап.
Жоба өкілдерінің айтуынша, бұл тізім толық емес және соғысқа қатысқан қырғыз азаматтарының саны бұдан да көп болуы мүмкін.
Тізімдегі ең жас қырғызстандық – 18 жаста, ол келісімшартқа кәмелет жасқа толған бойда қол қойған. Ең егде азамат – 63 жаста.
Бұл тізімдегі кемінде 38 адам қаза тапқан. Жоба өкілдерінде олардың қаза болған күні мен жерлеу орны туралы мәлімет бар. Соғысқа кеткендердің бірі келісімшартқа қол қойғаннан кейін небәрі 12 күн ішінде қаза тапқан.
"Хочу жить" жобасы Қазақстаннан Ресей жағында Украинаға қарсы соғысқа қатысқан 661 адамның есімін де жариялады. Солардың 78-і қаза тапқан.
Азаттық радиосының Қырғыз қызметінің журналисі тізімнен Покровск ауданының Авдеевка қаласында келісімшартқа қол қойғаннан кейін бір ай өткен соң қаза тапқан 57 жастағы қырғызстандықтың есімін тапқан. Оның інісі Абдулазиз (аты өзгертілген - еск.) ағасының нақты қандай себеппен соғысқа барғанын білмейтінін айтты. Ол таныстары келісімшартқа қол қоюға үгіттеген болуы мүмкін деп ойлайды. Себебі олар соғысқа қатысып, ақша алған.
Абдулазиздің айтуынша, отбасы Ресей билігі уәде еткен төлемдерді алуға тырысып жатыр. Қазірге дейін тек төлемнің жартысын ала алған.
Сондай-ақ, журналистер Ресей түрмесінен соғысқа тартылған, 35 жастағы қырғызстандықты анықтаған. Ол ұзақ уақыт Екатеринбургте тұрған, 2022 жылы адам өлтірді деген айыппен 9 жылға сотталған. Ол 5 мамырда соғысқа аттанған, 20 мамырда қаза тапқан.
Қырғызстан билігі әзірге "Хочу жить" жобасының бұл ақпаратына ресми пікір білдірген жоқ.
"Хочу жить" жобасы Ресей тарапында соғысып жүрген әскери қызметкерлерге, шетел азаматтарына және Ресей басып алған Украина аумағында мобилизацияланған адамдарға қауіпсіз түрде тұтқынға берілуге көмектеседі.
Фото: pixabay.com
Байланысты жаналықтар
MalimBlocks
