Зеленский: Біз бейбітшілікті қалаймыз, бірақ қауіпсіздік кепілдіктері қажет

Ақ үй басшысы Дональд Трамппен сәтсіз келіссөздерден кейін Украина президенті Владимир Зеленский америкалық Fox News телеарнасына сұхбат берді, деп хабарлайды Malim.kz.
Журналистпен әңгіме барысында ол АҚШ-пен серіктестік қатынастарды сақтап қалғысы келетінін және табиғи ресурстар бойынша келісімге қол қоюға дайын екенін айтты. Алайда, ол бұл келісімнің Украинаға қауіпсіздік кепілдіктерін беруге алғашқы қадам болуы керек екеніне сенімді екенін жеткізді.
"Бұл соғыстың аяқталуын украиналықтардан артық ешкім қаламайды", – деп атап өтті Зеленский.
Бірақ, оның айтуынша, Украина халқы әділ әрі берік бейбітшілікті қалайды, ал ол АҚШ-тың қауіпсіздік кепілдіктерінсіз мүмкін емес. Егер кепілдіктер болмаса, украиналықтар "ертең Путин қайта оралады" деп қорқады, өйткені Ресей президенті бұған дейін де келісімдерді бірнеше рет бұзған, – деп түсіндірді ол.
Зеленский Трамппен келіспеушілікті "екі тарап үшін де жаман жағдай" деп атады, бірақ өзінің "бірдеңе дұрыс емес жасағанына" сенбейтінін және кешірім сұрауға міндетті емес екенін айтты. Ол Ақ үйге келіссөздерді жалғастыру үшін қайта оралуға дайын ба деген сұраққа: "Жоқ", – деп жауап берді.
Сұхбат барысында студияда Трамптың Зеленский туралы айтқан пікірі көрсетілді: "Ол соғысты жалғастыра бергісі келеді, соғысады, соғысады және соғысады".
Біз әлемде бәрінен де артық соғысты қаламаймыз. Мен өз азаматтарымызды, сарбаздарымызды құрметтеймін. Сондықтан мен Украинаға нақты қандай кепілдіктер қашан берілетінін білмейінше, оларға қайта орала алмаймын, – деп жауап берді Зеленский.
Вашингтондағы Ақ үйде 28 ақпанда АҚШ пен Украинаның сирек кездесетін металдар және басқа да пайдалы қазбалар бойынша келісімге қол қоюы тиіс болған. Алайда кездесу шиеленіскен жағдайда өтті: Зеленский Трамппен және АҚШ вице-президенті Джей Ди Вэнспен сөзге келіп, Ақ үйден келіссөздерді мерзімінен бұрын аяқтап кетті. Келісімге қол қойылған жоқ.
Кездесу барысында Трамп Зеленскийді бірнеше рет "ризашылығы жоқ" деп айыптады. "Сіз үшінші дүниежүзілік соғысты тудыру қаупіне иесіз. Сіз істеп жатқан нәрсе сізге көмектескен елге құрметсіздік болып табылады", – деп мәлімдеді АҚШ президенті. Ол егер Киев келісім жасамаса, Украина бойынша келіссөздерден шығып кететінін ескертті.
Кейін журналистерге берген сұхбатында Трамп Зеленскийді "тым тәуекелге барды" деп айыптады. Оның айтуынша, Ақ үй басшысы өзі дереу атысты тоқтатқысы келеді, ал Зеленский "Ресеймен қақтығысты созғысы келеді".
Фото: Chip Somodevilla/Getty Images

Самое читаемое
