Алматы тауларында бірнеше күн бойы байланысқа шықпай кеткен турист құтқарушылардың көмегімен аман-есен табылды, деп хабарлайды Malim.kz.
20 мамыр күні ер адам Шымбұлақ жағынан тауға көтерілген. Ол екі күннен кейін оралуы тиіс болғанымен, белгіленген уақытта хабарласпаған. Кейін телефоны да қолжетімсіз болып, жақындары құтқарушылардан көмек сұраған.
Іздестіру жұмыстарына ҚР ТЖМ-нің «Барыс» республикалық жедел-құтқару жасағы мен Алматы қаласы Төтенше жағдайлар департаментінің Құтқару қызметі жұмылдырылды.
Құтқарушылар 3200 метр биіктікке көтеріліп, Шымбұлақ шыңы бағытындағы тау беткейлерін жаяу тексерген.
Іздеу барысында жоғалған турист табылды. Мамандардың мәліметінше, оған медициналық көмек қажет болмаған.
Құтқарушылар ер адамды «Медеу» биік таулы мұз айдынына дейін қауіпсіз жеткізіп, туыстарына тапсырды.
ТЖМ тауға шығар алдында жақындарға бағыт пен жорық уақытын міндетті түрде хабарлауды ескертті.