Саясат Аналитика Қоғам Мәдениет Сұқбат Спорт Абай-175 Ұлттық спорт Экономика Malim podcast Inclusive society Әлем Құқық Денсаулық Тұлға-таным кино Білім-ғылым Шоу-бизнес Әдебиет Оқиға Экология Хикаялар MALIMet

Алматыда Жеңіс күніне орай дрондар шоуы өтті

Қоғам
Алматыда Жеңіс күніне орай дрондар шоуы өтті

Жеңіс күніне арналған дрондар шоуын тамашалау үшін Абай алаңына 60 мыңнан астам адам жиналды, деп хабарлайды Malim.kz.

9 мамырда Алматыда Жеңістің 80 жылдығына арналған ауқымды дрондар шоуы өтті. Бұл әсерлі көрініс мерекенің шарықтау шегі болды. 500-ден астам дрон көкке көтеріліп, жарық пен анимация арқылы ерлік пен жанқиярлықты, соғыс жылдарының есте қалған сәттерін бейнеледі. Абай алаңында өткен шоуға 60 мыңнан аса қала тұрғыны жиналды. 

Шоудың ашылу сәтінде «80 • 1941–1945» жазуы бар жұлдыз пайда болды – бұл ерліктің символы әрі ұлы жеңіс жылдарын еске салатын белгі. Одан кейін аспанда жауынгердің каскасы мен қызыл қалампырлар бейнеленіп, майданда қаза тапқандарға құрмет көрсетілді. Ең әсерлі көріністердің бірі – соғыстан оралмаған сарбаздардың рухын бейнелеген ұшып бара жатқан тырналар композициясы болды.

Шоудың негізгі бөлігі қазақстандық батырларға арналды. Аты аңызға айналған Мәншүк Мәметова – пулеметпен, Әлия Молдағұлова – мылтықпен бейнеленсе, жауынгерлік ұшақпен тұрған ұшқыш Талғат Бигелдинов пен қолбасшы, жазушы Бауыржан Момышұлының бейнесі батырлықтың нышаны ретінде көрініс тапты.

Сонымен қатар, Жеңіс туының көтерілу сәті, жұлдыз пішініндегі Мәңгілік алау мен «Ешкім де, ешқашан да ұмытылмайды!» деген жазу дрондар арқылы аспанда бейнеленді. Шоудың финалында қазақы оюмен көмкерілген композиция мен жарқыраған «Жеңіс күні құтты болсын!» деген жазу көрермендерді ерекше әсерге бөледі.

Бұл жарық шоу – еске алу шарасы ғана емес, тарихи мұраны жас ұрпаққа жеткізудің заманауи тәсілі. Ол өткенді ұмытпай, оған құрметпен қарау керектігін еске салды.

Көрермендер үшін Абай алаңында, «Қазақстан» қонақүйі жанында, Caspian University маңында және Абай даңғылы бойында арнайы аймақтар ұйымдастырылды. Шоу кезінде қала орталығындағы көлік қозғалысы уақытша шектелді.

Алматыдағы дрондар шоуы Жеңіс күнін атап өтудің жарқын әрі есте қаларлық сәтіне айналды. Әр көрініске сүйемел болған әскери жылдардағы әндер мен патриоттық әуендер шоудың эмоциялық әсерін күшейтіп, көрермен жүрегіне мақтаныш ұялатты.
Фото: gov.kz

Ұқсас мақалалар

Жылдам сілтемелер
Іздеу