Алматы – елдегі энергияны ең көп тұтынатын мегаполис, сондықтан энергия тиімділігі мәселесі мұнда ерекше өзекті. Инженерлік желілердің тозуы, тұтыну көлемінің өсуі, климаттық өзгерістер – осының бәрі қаланың энергетикалық инфрақұрылымына тікелей әсер етеді.
Биыл қала әкімдігі энергия үнемдеу бойынша жүйелі саясат ұстанды. Жылу желілері жаңартылып, қазандықтар модернизацияланды. Ал цифрлық бақылау технологиялары коммуналдық қызметтерге энергетикалық шаруашылықты нақты басқаруға мүмкіндік берді. Негізгі мақсат – энергия шығынын азайту, тұрғындарға көрсетілетін қызметтің сапасын арттыру және бюджеттік шығынды қысқарту.
Жылу және электр инфрақұрылымын жаңарту: шығын аз, сенімділік жоғары
Алматы әкімдігі 2025 жылы шамамен 40 км жылу желісін жөндеуді, сондай-ақ 20-дан астам қазандықты жаңғыртуды жоспарлаған болатын. Бұл – тозығы жеткен учаскелерді алмастырып, жылу жоғалуын азайтуға бағытталған негізгі шаралардың бірі. 2024–2025 жылдар аралығында жылу жүйесіндегі тозу деңгейін 4 пайызға төмендету көзделген.
Отын үнемдеу тек күрделі жөндеу арқылы емес, жабдықтарды ауыстыру арқылы да жүргізілді. «Алматытеплокоммунэнерго» мәліметі бойынша, 2025 жылы ондаған қазан агрегаттары, сорғылар, бойлерлер және газ реттегіш құрылғылар жаңартылған. Жаңартылған жабдық жылуды нақты реттеуге мүмкіндік береді, ал бұл газдың да, электр энергиясының да шығынын тікелей азайтады.
Бұған қоса, биылдан бастап жылу желілеріне онлайн режимде бақылау жүргізетін «ақылды» мониторинг жүйесі іске қосылуда. Бұл сенсорлар арқылы қысым мен температураны қашықтан қадағалап, ақауды нақты жерде анықтауға мүмкіндік береді. Қалалық коммуналдық қызметтер үшін ең бастысы — ақауды тез тауып, энергия ысырабының алдын алу.
«Ақылды» жарықтандыру – энергия үнемдеудің тиімді бағыты
Алматы әкімдігі 2025 жылы көшелерді жарықтандыру жүйесін толық жаңартуды негізгі міндеттердің біріне айналдырды. LED технологияға көшу – энергия шығынын бірнеше есе азайтатын басты шешім.
2025 жылы қаланың барлық аудандарында 10 мыңнан астам жаңа жарық шам орнатылып, тозған жарық құралдары біртіндеп ауыстырылып жатыр. Бұрын жарық жетпейтін аулалар мен жаяу жүргінші аймақтарына ерекше көңіл бөлінуде.
Энергоүнемдеу әсерімен қатар, қала тұрғындары үшін қауіпсіз орта қалыптастыруға көмектеседі. LED шамдар энергияны аз тұтынады, жарық беру сапасы жоғары, ал қала бюджетіне жүктеме төмендейді. Әкімдік мақсат еткен көрсеткіш – 2025 жылдың соңына дейін Алматы көшелерінің 100% жарықтандырылуы.
Энергетикалық жүйені цифрландыру
Алматы энерготиімділікті тек инженерлік жобалар арқылы емес, басқару тәсілін өзгерту арқылы да дамытуда. 2025 жылы қала әкімдігі цифрлық технологияларды жылу және электр жүйелеріне белсенді енгізуді талап етуде.
Цифрлық жүйелер ақаудың алдын алуға, желілердің жағдайын нақты бағалауға, жөндеу жұмыстарын жоспарлауға мүмкіндік береді. Бұл – «апат болғанда жөндейміз» деген тәсілден бас тартып, алдын ала қызмет көрсету моделіне көшуге қадам болып отыр.
Алматыда энергия тиімділігі бойынша мамандарды оқыту, семинарлар өткізу, тұрғын үй мен инженерлік желілерді басқару саласына кәсіби тәжірибе енгізу бағытындағы белсенді жұмыстар биыл да жалғасуда. Қаладағы жоғары оқу орындары да энергия тиімділігіне арналған ғылыми-тәжірибелік жобаларды кеңейтіп жатыр, бұл алдағы жылдарға мамандар даярлауда маңызды рөл атқарады.
2025 жылдың қорытындысы Алматыда энергия үнемдеу саясаты нақты іс-шараларға айналғанын көрсетеді. Қала инфрақұрылымын жаңарту, цифрландыру, инженерлік желілердегі шығындарды азайту – мұның бәрі жүйелі түрде жүзеге асуда.
Тұрғындар үшін бұл - жылы үйлер, тұрақты жылу, қауіпсіз көшелер, ал қала үшін - бюджетті үнемдеу, энергияны тиімді пайдалану және жаңа жобаларды жүзеге асыру мүмкіндігі.