Біреуге бала туып берудің бағасы қанша?
Қазақстандағы ерлі-зайыптылардың 18 пайызы сәби сүйе алмай жүр. Ресми статистиканың дерегі осы. Мұндай жандарға бала сүюдің екі жолын ұсынады. Бірі – ЭКО процедурамен сәби сүю, екіншісі суррогат ана көмегіне жүгіну.
Суррогат ана болу қандай екенін білмекке ғаламторға үңілген едік, толып тұрған жарнамаға жолықтық. «Суррогат ана» деп терсеңіз, ұзын-сонар тізім шығады екен. Қоңырау соқсаңыз, өз қызметтері жайлы құлшыныспен тәптіштеп айтып, саудаласып та жатады. Алайда көбі журналистермен көзбе-көз жүздесуге келгенде атын атамай, түрін көрсетпеуді өтіне сұрайды.
Суррогат аналарды іздеу сайты
Сондай кейіпкерлеріміздің бірі Ақнұр (есімі өзгертілді – ред.) да өзі жайлы ақпарды мейлінше жасырын ұстауымызды өтінді.
«Осыдан бес жыл бұрын сәбилі болып, қызым екі жасқа келгенде осы табыс көзі жайлы көбірек ойлана бастадым. Жалғызбасты анамын, сәбиім кішкентай болғандықтан, материалдық қажеттіліктер, оның ішінде ақша керек болды».
Ақнұр суррогат ана ретінде ғаламторға өзі жайлы ақпар жүктегініне көп болмаған. Осы уақыт ішінде әлі бірде-бір клиент таппағанын айтқан Ақнұрдың суррогат аналар сайтына «шетелдік клиенттер ғана хабарлассын» деген ескертпесі бізге қызық болып көрінді.
«Өкінішке қарай, біздің елімізде суррогат ананың гонорары өте төмен. Ал шетел азаматтары бұл қызмет үшін әлдеқайда жоғары төлейді. Ғаламторда сыйақы 10 миллион, ай сайынғы 200 мың теңгелік төлем мен пәтер жалдау үшін бөлек төлем талап ететінім жазулы тұр. Алайда бекітілген бір талап жоқ, бағаны төмен де, жоғары да қоюға болады. Шұғыл ақшаға мұқтаж аналар әдетте тіпті 2-3 миллион теңгеге де суррогат ана болуға келісіп жатады.
Менің суррогат ана бағдарламасына келгеніме көп бола қойған жоқ. Қазақстандық клиенттер өте аз ақша үшін дені сау, жағдайы жақсы суррогат ана тапқысы келеді. Психологиялық проблемалар мен өзге де денсаулық мәселелерінің болмауы, бұған дейін кемінде бір бала сүйген болуы, егер тұрмыста болса, жұбайының нотариуспен расталған рұқсаты болуы талап етіледі. Түрлі талап жазылған тізіммен келсе де, соның ақшасын айтсаң, қымбат көреді. Сол үшін шетелдік клиенттермен жұмыс істегім келеді».
Отыз жастағы Альбина бұл істе Ақнұрға қарағанда тәжірбиелі. Өзінің үш баласы бар, бұған дейін бір рет суррогат ана болған. Альбина жүктілікке жұмыс деп қарағаннан болса керек, балаға бауыр басып қалу болмады дейді.
«Бала менікі емес екенін білемін. Бұл – менің жұмысым ғой, сол үшін бауыр басып қалып, жыладым дей алмаймын».
Біз бірнеше келіншекке хабарласқанымызбен, ашылып әңгіме айтуға бәрі бірдей келіспеді. «Табыстың бұл түрі жайлы қайдан білдіңіз?» деген сұраққа көбінің жауабы бір болды – бәрі құрбыларынан естіген.
«Осыдан үш жыл бұрын қиналып жүргенде құрбым осы жолды ұсынды. Бір жағынан қайырлы жол ғой, біреуге пайдаң тиіп, ата-ана бақытын сезінуге көмектесесің. Оның үстіне осылай баспана алуға кішкене болса да, ақша жинап алсам деген ой болды».
Кейіпкеріміз осыдан кейін байланысқа шықпай қалғандықтан, баспана мәселесін шеше алды ма, жоқ па, біле алмадық.
Айта кетейік, елімізде суррогат ана жайлы Заң 1998 жылы қабылданды. Осыдан бір жыл өткен соң осы жолмен алғаш қазақстандық дүниеге келді. Яғни бұл бағдарлама тұңғышы қазір 20 жаста. Процесс толық заң аясында жүзеге асады, тараптар арасында келісімшарт жасалды. Ал келісімшарт мәні – тірі адам, көп күттірген нәресте.
Көрнекі сурет
Заңға сәйкес, елімізде 20-35 жас аралығындағы кез келген әйел суррогат ана бола алады. Бастысы – ананың кемі бір дені сау сәбиі болуы керек. Егер әйел тұрмыс құрған болса, жұбайының нотариат тәртібімен куәландырылған рұқсаты сұралады. ЭКО процедура шығындары, жүктілік кезіндегі және жүктіліктен кейінгі 56 күн шығынын тапсырыс берушілер төлеуге міндетті. Бұл – мәселенің заңмен бекітілген тұсы, ал қалғанын тараптар келісімшартқа енгізу үшін жеке талқыға салады. Хабарласқан бір кейіпкеріміздің сөзінше, тапсырыс беруші талабында суррогат ана жүктілік кезінде тек классикалық музыка тыңдауы керек деген талап болған екен.
«Тапсырыс беруші сондай талап қойды. Баланың іште жақсы жетіліп-өсуі үшін классикалық музыка тыңдап, көп кітап оқып, медитациямен айналысу басты талап болған. Түрлі жағдай болады».
Сонымен, бөтен ана болу қанша тұрады, құны қандай? Ғаламторда өз қызметін ұсынған әйелдердің жарнамасы өте көп. Қызмет ақысы 3,5 – 4 миллионнан басталады. Сондай-ақ суррогат аналар жүктілік кезінде ай сайынғы шығын үшін 100 – 200 мың теңге төлеуді сұрайды. Біз хабарласқан әйелдердің көбі бұл қызмет түрі осыдан он жыл бұрынғы кезеңмен салыстырғанда әлдеқайда арзандағанын айтты.
«10-15 жыл бұрын бір сәби құны – пәтер бағасымен бірдей еді. Қазір суррогат аналар көп, ал қызмет құны әлдеқайда арзан».
Ал психолог Камила Мергенбаева бала сүюдің бұл әдісі отбасыларды үнемі бақытты ете бермейтінін айтады.
«Кейде тәжірбиеде тапсырыс беруші жұптағы ер адам жүктілік кезінде суррогат анаға тым көп көңіл бөліп, отбасылардың шырқы бұзылатын жағдайлар да болып жатыр. Ажырасып кетіп, суррогат анамен үйленіп, жаңа отбасын құрғандар да болды» дейді К.Мергенбаева.
Психологтан кейіпкерлеріміздің суррогат ана атануға «жұмыс» деп қарауының психологиядағы мәнін сұрап көрдік.
«Бала дүниеге келген соң суррогат ананың баладан айырылуы өте қиын. Қанша жерден жұмыс дегеннің өзінде, аналық инстинкт деген нәрсе күйзеліске ұшыратпай қоймайды. Өз тәжірбиемде байқағаным, суррогат ана болып, кейін баласын өзгеге беріп келген аналар ұзақ уақыт терапияны қажет етіп жатады.
Бәрі бітіп, кейде ата-ана баланың осы жолмен дүниеге келгенін жасыратыны бар. Бұл қате, баламен мейлінше ерте отырып сөйлесіп, шындықты айту керек. Сәби сүю, ата-ана атану, әрине, керемет. Алайда бұл нәрсенің ешкімге зарары тимегені абзал».