Келмейтін инвестор іздеу немесе 12 миллиард доллар қайда?

Malim Админ

  • 14.05.2020

Мұнай бағасы құлдырап, дағдарысқа ұрынған соң, билік экономикаға жан бітіретін жолдарды іздей бастады. Арзан мұнай бағасы мен карантиннен кейін бұрынғыдай шалқып-шылқып өмір сүре алмайтынын билік басындағылардан бастап үкімет төңірегіндегі сарапшыларға дейін түсініп отыр.  Жыл басында экономикаға жаңа бағыт керек деген  Тоқаев нақты шараларға келгенде Назарбаевтан ұзай қоймады. Төтенше жағдай жөніндегі комиссияның отырысында Тоқаев ұлттық бизнесті қолдап, шетелдік инвестицияларды тарту керектігін айтты.

Дей тұрғанмен Қазақстанға қандай жаңа экономикалық бағыт керек? Қазіргі жүйеде саяси реформаларсыз экономиканы өзгерту мүмкін бе? Осы сұрақты Ulagat Consulting Group консалтинг компаниясының жетекшісі Марат ҚАЙЫРЛЕНОВКЕ қойып көрдік.

Марат Қайырленов елге ең алдымен шетелдік инвестициялар керек дейді.  "Қазақстанда технология, өндіріс жоқ, сол себепті бізге шетелден инвестиция тарту керек. Шетел болғанда да дамыған елдердің инвестициясы қажет. Билік соңғы 20 жылда экономиканы әртүрлі жолмен әртараптандырмақ болды. Әсіресе мұнай бағасы шарықтап тұрған кезеңде түрлі тәсілдер қолға алынды. Мәселен, 2000 жылдары жас түркілер елге шетелдік инвестициялар тартты. Бұл экономикалық өсімге жол ашты.

2003 жылы мемлекеттік капитализм саясаты басталды. Ұлттық холдингтер, даму институттары құрылды. Олардың қатарына Қазақстанның инвестициялық қоры, Инжиниринг және технологиялар трансферті орталығы қосылды. Бұл құрылымдарға "Болашақпен" оқып келгендер барып, Батыс инвесторларын тартсын, экономиканы осылай әртараптандырамыз делінді. Мемлекеттік капитализм  үрдісі 2008-09-жылдары елде мұнайдан түскен ақша көп болған тұста күшейді. БТА Банк пен Альянс банк "Самұрық-Қазына" қорының меншігіне өтті.

Артынша экономиканы әртараптандыруға бағытталған түрлі бағдарламалар қабылданды. Индустриалды, индустриалды-инновациялық, үдемелі индустриалды-инновациялық бағдарламалар қабылданды. Оларға 25-35 миллиард доллардай бөлінді. Осы бағдарлама аясында зауыт ашып, лентасын қиып, артынша ол зауыттар жабылып қалатын.

2014 жылы мұнай бағасы құлдырағанда тағы да шетелдік инвесторларды тартайық деген бастама көтерілді", - деді М.Қайырленов.

Келімбетов келеді деген 40 миллиард доллар

Расында да, Н.Назарбаев президент болып тұрған тұста шетелдік инвесторларды тарту жайын көп сөз ететін. Сол үшін тіпті сыртқы істер министрлігінің жұмысын қайта құрылымдап, ведомствоға инвестицияларды тарту міндетін жүктеген. 11 мамыр күні төтенше жағдай режимін қамтамасыз ету жөніндегі комиссияның қорытынды отырысында президент Қасым-Жомарт Тоқаев Н.Назарбаевтың осы тезисін қайталады. Тоқаев әр инвесторға арналған жекелеген қолдау шаралары қолға алынып, инвестиция тартып, қор нарығын дамыту үшін "Астана" халықаралық қаржы орталығының әлеуетін тиімді пайдалану керектігін айтты.

2018 жылы бұрынғы президент Н.Назарбаевтың бастамасымен ашылған астанадағы халықаралық қаржы орталығын мемлекет ішіндегі мемекет деуге болады. Халықаралық қаржы орталығының жұмысы ағылшын құқығының принциптеріне негізделген, онда жеңілдетілген салық режимі, тәуелсіз сот жұмыс істемек. Атап айтқанда, қаржы орталығына қатысушылар мен органдар және олардың жұмысшылары 50 жылға дейін салықтың көптеген түрінен босатылмақ. Қазақстан барлық аймақта бірыңғай заң жүретін унитарлық мемлекет болғанына қарамастан, Астана халықаралық қаржы орталығында  ерекше құқықтық аймақ мәртебесін беру үшін Конституцияға өзгерістер енгізілген болатын.

Астана халықаралық қаржы орталығының басқарушысы, «есепке жүйрік» дейтін Қайрат Келімбетов қаржы орталығы алдағы  бес  жылда болмады деген жағдайда елге 5 миллиард доллар алып келеді деген. Ал 10 жыл ішінде қаржы орталығы 40 миллиард  доллар тартамын деген.

Марат Қайырленов түбегейлі саяси реформалар жасалмайынша, елге шетелдік инвесторлардың келуі екіталай дейді. Билік елдегі белгілі бір аумақты инвестициялық тартымды етпек болды, алайда жалпы инвестициялық климат одан өзгермеді. "Бізде авторитаризм, соттар түсініксіз шешім шығарады. Инвестициялық тартымдылық мемлекеттің белгілі бір аумағында қалыптастырылады. Олай болса, мемлекет ішінен жұмақ аралын ашып, ол аймақты инвестициялық тартымды етейік, Халықаралық қаржы орталығын құрайық, ондағы сотта ағылшын лордтары отырады делінді. Барлық инвесторлар қорғалады деді. Алайда бірнеше жыл өтсе де, бұл стратегия іске аспағанын көріп отырмыз", - деді М.Қайырленов.

Ulagat Consulting Group жетекшісі экономикалық реформалау жасау үшін ең алдымен заң бәріне бірдей болуы керек дейді. "Олигархтарға бір заң, басқаға бөлек заң болмауы керек. Заң бәріне бірдей жұмыс істеп, бәрін бірдей қорғауы керек. Қазір ешкімді "мемлекет ішінде жұмақ аралы бар" деп алдай алмайсың. Айналып келгенде, түбегейлі саяси реформаларсыз, бәріне ортақ заңсыз елге инвесторлар келмейді. Мысалы, астанадағы Халықаралық қаржы орталығына кім келді? Ешкім", - деді М.Қайырленов.

М.Қайырленовтің айтуынша, жаңа экономикалық бағытты іске асыру қиын болмақ. Өйткені Стати ісінен кейін шетелдік инвесторлар алдында беделіміз түсіп кеткен. "Біз халықаралық инвестициялық қауымдастық алдында беделімізді түсіріп алдық. Стати ісі Қазақстан шетелдік инвесторларға қатысты дұрыс әрекет етпегенін әшкереледі. Бұл Қазақстанға қарсы басқа шағымдардың түсуіне жол ашуы мүмкін. Қазақстан үкіметі бұрын да жауапсыз саналатын, бүгін уәде берсе, ертең өзгеріп шыға келеді. Осы себепті бізге Қытайдан басқа ешкімнің келгісі келмейді. Ал қазір Қытайдың өзінде проблемалар басталды. Олар да 2-3 жыл инвестиция құюды доғаратын шығар".

М.Қайырленов жекешелендіруге шетелдік инвесторлар қатысуы үшін  ашық тендер өтуі керек дейді. "Бізде нағыз жекешендіру өтуі керек. Қайда барсаң, олигархтар немесе мемлекет. Сондықтан жекешендіруге инвесторлар қатысуы керек. Онсыз экономикаға қан жүгірмейді", - деді ол.

Елге инвесторлар тарту мәселесін 2017 жылы көтерген бұрынғы президент Н.Назарбаев қазақстандық бизнес пен ұлттық компаниялар алдымен үлгі көрсетіп, шетелдегі 12,5 миллиард долларын елге алып келуі керек деген. "18 отандық компания 12,5 миллиард долларды шетелде ұстап отыр. Ақшаны қайтармаса, мен олармен басқаша сөйлесемін. Осыны бүкіл Қазақстанның алдында ескертіп қояйын. Біз ол ақшаны қайтарудың жолын табамыз. Бірақ ол кезде сіздер болмайсыздар. Сіздерге жаман бір нәрсе істейміз деп отырған жоқпын. Мемлекет сіздерге ақша табуға жағдай жасады. Сіздер болса, ол ақшаны мемлекеттен тығып отырсыздар. Олай болмайды. Жетеді осымен», - деді ол.

Қызығы, 11 мамыр күні Тоқаев осы пікірді дәлме-дәл айтпаса да, ұлттық компанияларды "Астана" халықаралық қаржы орталығының құзырына көшіруді тапсырды. "Егер өз компанияларымыз басқа ел заңнамасының құзырында болуды қалап жатса, шетелдік инвесторлардың сеніміне ие бола алмаймыз", - деді Тоқаев. Тоқаевтың ұлттық компанияларға өтініш айтып, инвесторларды шарқ ұрып іздегеніне қарағанда, ұлттық компаниялар Назарбаевтың 2017 жылы айтқан ескертуін құлағына ілмеген.

МАТЕРИАЛДЫ КӨШІРІП БАСУҒА БОЛМАЙДЫ

Байланысты жаналықтар

Нациестроительство по-токаевски: услышат ли голоса граждан?

08.06.2023

БҚО-да 20 метр жолға 20 млн теңге қаржы жұмсамақ

07.06.2023

«Мұхамедиұлы жала жапты». Антикор қамаудағы музей директорының сырын ашты

06.06.2023

Потомки жертв Ашаршылыка страдают до сих пор – родолог Алия Сагимбаева

31.05.2023

Растет тревога. Казахстанцы изменили мнение о войне в Украине

17.05.2023

Ойын бизнесін реттеу: Қазақстанда көзқарасты өзгертетін уақыт келді

21.04.2023
MalimBlocks
Нациестроительство по-токаевски: услышат ли голоса граждан?

На XXXII сессии Ассамблеи народа Казахстана президент поручил своей администрации до конца года подготовить доклад с анализом текущего состояния нациестроительства. О проблемах формирования гражданской нации мы поговорили с филологом, автором книги «Деколонизация Казахстана» Айнаш Мустояповой.

БҚО-да 20 метр жолға 20 млн теңге қаржы жұмсамақ

Батыс Қазақстан облысы Шыңғырлау ауданына қарасты Ащысай мен Мырзақара арасындағы грейдер жолдың 10-15 метр жерін көктемде су шайып кеткен.

«Мұхамедиұлы жала жапты». Антикор қамаудағы музей директорының сырын ашты

Ұлттық музейдің ақшасын жымқырды деген айыппен қамауға алынған Арыстанбек Мұхамедиұлының таяуда сотта айтқан сөзінен кейін Антикор қызметі мәлімдеме жасады.

Потомки жертв Ашаршылыка страдают до сих пор – родолог Алия Сагимбаева

Страх - одна из самых базовых эмоций и чувств человека, играет важную роль в жизни каждого человека: и позитивную, и негативную. Как утверждают специалисты, человек обрабатывает всю поступающую информацию в первую очередь сквозь призму страха, особенно жители постсоветского пространства, и на это есть причины, рассуждает родолог, тектанушы Алия Сагимбаева.

Растет тревога. Казахстанцы изменили мнение о войне в Украине

В начале мая этого года Бюро экспресс-мониторинга общественного мнения DEMOSCOPE совместно с исследовательским центром PaperLab провели очередной опрос граждан на тему «Отношение казахстанцев к войне в Украине».

Ойын бизнесін реттеу: Қазақстанда көзқарасты өзгертетін уақыт келді

Посткеңестік және Еуропа мемлекеттерінде ойын бизнесі заңмен қалай реттелген? Еуропа елдері букмекерлер жұмысына қалай қарайды? Бұл салада қандай заңдарды қабылдаған? Елордада өткен ойын бизнесін реттеу жөніндегі халықаралық конференцияда осы мәселелер талқыға салынды.