Курьер барып келетін, шауып келетін бала ма?

Төртбұрышты сары, көк сөмке асынғандар қалада қаптап кетті. Метрода қасыңда тұрады, автобус ішінде жаныңда жүреді, көшеде велосипед, самокатпен қағып кетердей немесе көлік пен автобустың астына түсіп кетердей қаңғалақтап бара жатады. Бұлар кімдер? Қайдан шыққандар? Қайда бара жатқандар? Еліміздегі ең танымал жеткізу компанияларының бірінде курьер болып істейтін Рүстем Malim.kz тілшісіне жұмысы, ондағы қиындықтары мен қолайлы тұстары, сондай-ақ, курьер табысының қаншалықты екенін айтып берді.

Айшолпан КЕРІМ

  • 28.05.2021

Рүстем Алматыдағы көп студенттің бірі. Кей замандасындай уақыты болса, тапсырыс жеткізіп, ақша табады.

«Жасым 20-да, университетте 3 курста оқимын. Негізі бұған дейін жұмыс істеп көргем жоқ. Ал курьер жұмысына тұру қиын емес. Сайтқа кіріп, өтініш қалдырасыз. Артынша арнайы сессияға шақырып, қалай жұмыс істейтініңізді түсіндіреді. Екі-үш оңай сұрағы бар тест тапсырған соң, келісімшартқа қол қоясыз, сонымен бітеді. Енді жұмыссыз емессіз.»

Курьер жұмысына тұру үшін жеке көлік (велосипед, самокат, машина),смартфон және жеке банк шоты болу керек. Рүстемнің айтуынша, тапсырысты қандай транспортпен тасымалдасаңыз да ол табысқа әсер етпейді.

«Өз басым транспорттың түр-түрін қолданып көрдім. Алғашында велосипедпен бастадым, кейін электросамокатқа ауыстым, қазір мопедтемін. Курьерлердің кейбірі транспортты жалға алып, жұмыс істейді. Мопедтің жалға алу құны күніне 3-8 мың теңге.

Негізі, қызығы, айлық табысың қанша деген сұраққа бірден жауап беру қиын. Себебі, бізде бекітілген жалақы жоқ. Айлыққа әсер ететін көптеген факторлар бар. Бір айда күніне бір сағаттан ғана жұмыс істеуім мүмкін. Алайда компания клиентке жақсы жеңілдіктер ұсынар болса, осы бір сағат ішінде де көп тапсырыс қабылдап үлгеруге болады. Немесе керісінше, егер бәсекелес өзге де жеткізуші компаниялар жеңілдіктер жарияласа, күніне бірнеше сағат істегеннің өзінде, тапсырыс тым аз болуы мүмкін.

Рүстем - 20 жаста, студент. (суреттер кейіпкердің жеке архивінен)

Өз басым екі сағат жұмыс істеп, 4-5 мың теңге тапқаным бар, 4 сағат істесем де, 2 мың теңге ғана шыққан кездер де болды. Кейде тапсырыс көп болса да, тамақ дайындайтын мейрамханалар тым баяу болғандықтан да, көп тапсырысты жеткізіп үлгермей қалуымыз мүмкін. Бұл да табысқа әсер етеді.

Жалпы, айына курьер болып 600 мың теңгеге дейін табатындар да бар. Ал өзімнің ең көп тапқаным – 350 мың теңге. Соңғы айларда тұрақты түрде 200 мың теңгедей табамын. Ата-анаммен тұратындықтан, аса көп шығыным да жоқ. Бірақ онлайн оқуға көшпестен бұрын, қалада пәтер жалдап тұратынмын.  Орталықта пәтерақы – 90 мың теңге, азық-түлікке 30 мың теңге, шаш қысқарту, ғаламтор деген сияқты ұсақ-түйекке 15 мың теңге кететін, сонымен жеке шығындарыма шамамен 50-100 мың теңгедей қалатын».

Артықшылықтар мен кемшіліктер

«Жұмыстың ең басты артықшылығы – еркіндік шығар. Қалаған уақытта келіп, шаршаған кезде қайтып кетесің. Оның үстіне, сағатына 2 мың теңге жақсы табыс деп есептеймін, жоғары білімі бар адамдар да кейде бұлай табыс таба алмай жатады.

Кемшіліктерге келер болсақ, нақты мен істейтін компанияда рейтингтік жүйе бар. Біраз уақыт жұмысқа шықпай қалсаң, кезекшілікке тұрып, күнтізбені үнемі қарап отырып, бос слотты ұстап қалуға үлгеру керек болады.

Сосын, арқамызға іліп жүретін үлкен сары төртбұрыш сөмке, көзге біртүрлі көрінетін сияқты (күліп). Бәрі осы сөмкемізді ауыр деп ойлайды, олай емес, жеп жеңіл, қатты сезілмейді де».

Расында, түрлі-түсті төртбұрышты үлкен сөмкелерді асынып, қала кезіп жүрген курьерлерді көріп, бірден сол сөмкенің салмағын білгің келеді. Рүстем сөмкеге байланысты қиындығы мұнымен бітпейді, әңгіме барысында бұл тақырыпқа қайта ораламыз. Оған дейін кейіпкеріміз клиенттер арасында әдепсіздік танытатындары бар екенін айтып қалды.

«Бұдан бөлек, клиенттердің кейде өздерін тым дөрекі ұстайтыны ұнамайды. Кейде мейрамханадан тапсырысын апара жатсақ, хабарласып, «Темекі ала сал», «Жолдан ананы ал, мынаны ала сал» деп, «барып кел-шауып кел» жасағысы келеді. Алайда бұл мүлде басқа қызмет, басқа сектор, тапсырыстың мүлде басқа түріне жатады. Кейде тіпті үйіне жетіп, тапсырысты клиент қолына ұстатқан кезде, дүкенге жұмсағысы келетін клиенттер болады. Мен мұны курьерге жасалған қорлық деп білемін, адамдар бір-бірін сыйлауы керек қой».

Рүстем мұндай жағдайлардың жиі болмайтыны сәл де болса, қуантатынын айтты. Бірақ кейде клиенттер мекенжайды дұрыс жазбайтыны, жазса да, келген кезде тұтқаны көтермейтіні де жұмысқа сәл кедергі келтіретінін жасырмады. Қалай дегенмен, курьер күн ішінде қанша тапсырыс жеткізіп үлгергеніне байланысты ақша алады. Бұдан бөлек курьер оларды жолда қарапайым жүргізушілер мазақ етіп, апатқа ұшырай жаздаған кездері де болғанын жасырмады.

«Әр курьер әртүрлі жүреді, кейде тәуекелге барып, тым қауіпті жолды таңдайтындары да бар. Бірақ неге екенін әлі түсіне алар емеспін, бізді қарапайым көлік жүргізушілері де адам құрлы көрмейді. Жолда әдейілеп келіп, артыңнан тақалып айдайды, шеттен келіп үнемі ығыстырып отырады. Өте жоғары жылдамдықпен келіп, бірнеше сантиметрлік қашықтық ұстап, сырып өте жаздайды. Бұл оларға бағдаршамның қызыл түсіне менен бір-екі секунд ерте барғаннан басқа қандай бақыт сыйлайды, түсінбеймін? Қарапайым бір күн: транспорттамын, алдымда көлік тұр, артымнан тағы біреуі келіп, шамдарын қайта-қайта қосып, тоқтамастан сигнал басады. «Жоқ болып кет» дейді.

Жаманы – оларды жазалап жатқан ешкім де жоқ, олар – жол жүру ережесін білмейтін, жүргізуші куәлігін сатып ала салғандар, ал қорлықты біз көреміз.

Жаза

«Егер дөрекі сөйлеп қойсақ, тапсырыс қабылдайтын жеке аккаунтымызды бұғаттап тастауы мүмкін. Жиі кешігіп, тапсырысты бүлдіріп қойған жағдайда тағы сол әдіс – бұғаттау қолданылады. Егер сондай жеңіл айып үшін жазаланған болсаңыз, қайта оқу арқылы, біраз уақыттан кейін аккаунты бұғаттан шығартуға болады. Егер алаяқтық сынды ауыр қылмыс болса, курьердің аккаунты мәңгілікке бұғатталады. Кейін оның компанияға қайта жұмысқа тұруы мүмкін емес».

Қазақстандағы курьерлер одағын құру идеясы жайлы

12, 18, 22 мамыр күндері Алматыда Wolt курьерлері төлем жүйесінің өзгеруіне байланысты табысы азайғанына шағымданып, компания офисінің алдында наразылық шараларын өткізген еді. Жеткізіп берушілер табыстың қысқаруы компанияға жаңа қызметкерлер алуымен де байланысты екенін айтқан болатын. Кейінірек компания басшылығы курьерлермен мәмілеге келіп, олардың барлық талаптарын орындауға, жаңа ыңғайлы төлем тарифі дайын болғанша, төлем ескі жүйемен жүретініне уәде берген болатын. Міне, осы наразылық кезінде алматылық курьерлер одақ құру мәселесін көтерген еді. Біздің бүгінгі кейіпкеріміз ондай одақ құрылса, шағым түсірер жерім де бар дейді. 

Wolt курьерлерінің компания офисінің алдындағы митингі - Malim

«Одақ құруды қолдаймын, қоғамда курьерлердің құқығы бұзылып, түрлі жағдайға тап болып жатамыз. Одақ құрылар-құрылмастан, Розыбакиев көшесіндегі Mega Center Alma-Ata ойын-сауық кешеніне шағымданар едім. Кешен бізді бір жылдан бері орталық кіру аймағынан өткізбейді, себебін де түсіндірген емес.

Бір кезде күзет бастығы мен меңгерушінің «сөмке кешеннің сырт келбетіне кері әсер етеді» дегенін естіп қалдым. Сөмке – біздің жеке мүлкіміз, біз оны сатып аламыз. Сол себепті есік алдында тұрған күзетші қай кезде менің қызметте екенімді, қай кезде арқама сөмке ілсем де, жай ғана дәріханаға кірмек ниетте екенімді біле алмайды. Тек сол сөмкем болғаны үшін, бізден артқы есіктен айналып кіруді талап етеді. Ол үшін шамамен 300 м жүріп өту керек. Бұл менің азаматтық құқықтарыма қол сұғу деп есептеймін. Осы уақытқа дейін бірде-бір күзетші себебін түсіндірместен, итеріп-соққан кездері де болды. Полицияға хабарлассам, сотқа жүгініңіз деді. Осындай құқықбұзушылық пен шеттеулерді айтып шағымданатын одақ болғанын қалар едім».

Елдегі алғашқы тағам тасылмалдаушы курьерлердің бірі Рүстем оқып жатқан мамандығы бойынша орташа жалақы қазіргі табысынан төмен екенін біліп қапа болғанын жасырмады.

«Келесі жылы бакалавр дәрежесі бойынша оқуды бітіремін. Одан кейін магистратураға Чехияға тапсыруды жоспарлап отырмын. Техникалық мамандықта оқимын, бұл мамандық бойынша Қазақстанда орташа айлық қазіргі курьерлік табысымнан 3 есе төмен, елестете аласыз ба? Осыны естіген соң, мамандық бойынша елде жұмыс істемейтінімді нақты шештім».

Рүстем клиенттер мен қоғам бірлесіп курьерлерді түрлі жағдайда қалдырса да, тамақ тасымалы қызметі елдегі жұмыссыздықты азайтуға әсер етіп отырған табысты кәсіп деп есептейді.

«Бұған дейін де айтқанымдай, біз табатын табыс 4 жыл оқып, қолына диплом ұстаған жоғары білімді азаматтардың көбіне арман. Рас, алғашында курьермін десең, бәрі мұрнын шүйіріп, менсінбей қарайды. Кейін қызығып, айлығыңды сұрайды. Оны естіген соң, өздерін де жұмысқа тұрғызуды сұрап, артыңнан жүгірумен болады. Пандемия кезінде табысымыз арта түсті, жол ашық, жын қуғандай жүретін көлік жоқ, курьерлер үшін сол кезең бір керемет болды (күліп).»

Кейіпкеріміздің айтуынша, соңғы кездері курьерлер арасында қыздар да көп, жасы 50-ге таяған ер азаматтарда бар.

«Меніңше, қазір былтырғыдай тапсырыс болмаса да, тамақты жеткізіп беру қызметі – сұраныстағы қызметтердің бірі боп қалады. Оның үстіне қазір онлайн сауда дамып, тауар жеткізіп беру дамып келеді. Бұл да курьерлердің жұмысы. Таңнан кешке жұмыста отырмайсың, бастығың жоқ, жүріп тұруың өз еркіңде. Табысы нарыққа сай. Меніңше, бұл қызмет пандемиядан кейінгі кезеңде де дами береді енді. Тіпті, зейнеткерлер смартфонды меңгеріп алса, біздей жастармен бәсеке де болуы ықтимал.»

Байланысты жаналықтар

Wolt: Ашынған жеткізіп берушілер талаптарын орындатты

18.05.2021
MalimBlocks
Wolt: Ашынған жеткізіп берушілер талаптарын орындатты

Бүгін Алматыдағы Жамбыл мен Әди Шәріпов көшелерінің қиылысында Wolt жеткізу компаниясының курьерлері наразылық шарасына шықты. Түскі 12.00-ге жоспарланған шараға шамамен 80-нен аса жұмысшы жиналды.