Тед Соренсен: Жақсы спич 5 жол, 4 сөзден ғана тұрады

  • 27.05.2022
Тед Соренсен мен Джон Кеннеди

Алдынғы аптада Джон Кеннедидің спичрайтері болған Тед Соренсеннің Линкольн туралы мақаласын жариялаған едік. Бүгін Тед Соренсеннің өмірбаянын, спич жазуда ұстанған қағидалары мен қолданған тәсілдерін назарларыңызға ұсынамыз. 

Тед Соренсен 1928 жылдың 8 мамырында Небраска штатының Линкольн қаласында дүниеге келген. Мектепті де, университетті де сол қалада тәмамдаған. 1951 жылы АҚШ астанасы Вашингтонға қоныс аударады. Бастапқыда Федаралды қауіпсіздік агенттігінде (Federal Security Agency) жұмыс істейді. Кейінрек АҚШ Өкілдер палатасынан уақытша ашылған бір комитетке ауысады. 1952 жылдың соңында комитеттің жұмысы аяқталып, Тед тағы жұмыс іздей бастайды. Комитет төрағасы болған Роберт Уоллес Соренсенге жаңадан сайланған сенаторларға сені ұсынамын деп уәде береді.

Роберт Уоллестің ұсынысымен Тед Соренсенді сенатор Генри Джексон мен Джон Кеннеди интервьюге шақырады. 1953 жылдың қаңтарында Тед Соренсен су жаңа сенатор Кеннедимен кездеседі. Интервью бес минутқа созылады. Бұл кездесу туралы: “Мені Джон өзінің қарапайымдылығымен тәнті еткен еді”, - деп жазады Соренсен кейін. Бай отбасынан шыққан, Гарвардта оқыған, соғыста ерлігімен көзге түскен Кеннеди Соренсенге өзінің маңызды адам екенін көрсетуге тырыспапты. Заң жазуға көмектесетін адам керек екенін айтыпты. Кейін Генри Джексонмен де кездескен. Екі сенатор да Тед Соренсенге жұмыс ұсынады.

Қай сенаторды таңдаймын деген дилемма Соренсеннің басын біраз қатырған сияқты. Ол өзі танитындардан кіммен жұмыс істеген дұрыс деп кеңес сұрайды. Таныстарының барлығы Тедке Генри Джексонді таңда, Кеннеди байдың ерке баласы, оның болашағы жоқ деп кеңес береді. Алайда Кеннедидің жүктеп отырған міндеттері Джексондікіне қарағанда әлдеқайда қызық көрінеді. Ақыры, таңдау жасап, 25 жасында Джон Кеннедимен жұмыс істеуді бастайды. Осыдан басталған Кеннеди-Соренсен тандемі 11 жылға созылады.

Соренсен өзінің мемуарында “Кеннеди мені неге өзінің қасында 11 жыл ұстады?” деген сұрақ қояды. Егер дәл осы сұрақты біреу Джон Кеннедиге қойса, ол Франклин Рузвельттің оқиғасымен жауап беруі әбден мүмкін еді деп үміттенеді. 1940 жылғы сайлауда Рузвельттің қарсылысы Уэнделл Уилки болған. Сайлау кампаниясы кезінде Уэнделл Уилки Рузвельтпен Ақ үйдегі кабинетінде кездеседі. Ол президенттен  кеңесшісі Гарри Гопкинсті өзінің жанынан неліктен тастамайтынын сұрайды. Рузвельт былай депті: “Күндердің күнінде сен де мына мен сияқты президент атанып, осы кабинетте отыруың мүмкін. Анау тұрған есікке қарайсың да, сол есіктен кіретін әрбір жан сенен бірдеңе дәмететінін, бірдеңе сұрайтынын білесің. Сонда сен өзіңнің қаншалықты жалғыз екенін түсінесің. Түсінесің де, ештеңе сұрамай, саған тек қызмет ететін адамды іздейсің.” 

1953 жылдан бастап, 8 жылдың ішінде Кеннеди-Соренсен тандемі Ақ үйден бір-ақ шығады. Кеннедидің ел есінде қалған спичтері президент кезінде айтылды және сол сөздерін жазуға Тед Соренсен көмектескен. Тед Соренсеннің ойынша, ең тиімді коммуникация орнату үшін спич шынайы әрі жүректен шығуы керек, құрылымы айқын болуға тиіс. Сонымен қатар, спичтің жеткілікті деңгейде қызық болмағы маңызды. Сонда ғана спичте айтылған идеяларға көпшілік құлақ түреді, назар аударады, спикердің талабына сай шешім қабылдап, әрекет етеді. 

Адамдардың есінде қалатындай, назар аударатындай спичті жазуға Соренсон бірнеше жол ғана жетеді деп есептеген. 

Бірінші, жоспар жолы (outline) — барлық спичті жоспарлаудан бастаңыз;

Екінші, тақырып жолы (headline)  — спичіңіз басты жаңалығы қандай, сіз қандай жаңалық айтқыңыз келеді?

Үшінші, бастапқы жол (front line) — бүкіл спичіңіздің бағыты мен мазмұнын айқындайтын және түсінікті тілмен жазылған спич басындағы жол. 

Төртінші, қосалқы жолдар (sidelines) — қанатты сөз, өлең немесе әзіл;

Бесінші, түйін жол (bottom line) — спичіңіздің соңында тыңдаушының есінде қалуға тиіс жол.

Сонымен бірге Тед Соренсен мықты спичтің келесідей 4 сипатын атайды: 

1. Айқын (clarity) – айтатын месседжіңіз айқын болуы керек, бұл жоғарыда айтылған жоспар жолдың мәселесі; 

2. Рух беретін (charity) – тыңдаушыларды рухтандыратын сөздер айтыңыз; 

3. Қысқа (brevity) – мейілінше қысқа сөйлеңіз. Кеннеди айтуға тұрарлық кез келген ойды 20 минутқа сыйғызуға болады деп есептеген; 

4. Әзіл (levity) – орынды айтылған әзіл тыңдаушылардың назары мен пейілін өзіңізге бұруға көмектестеді.

Әзіл демекші, 1958 жылы Сенаттағы орнын сақтап қалу үшін Джон Кеннеди тағы да сайлауға түседі. Сол кезде қарсыластары Кеннеди туралы түрлі өсектер тарата бастайды. Кеннедидің әкесі бай адам, көп ақша құйып, сайлаудағы дауыстарды ұлына сатып алмақшы деген дақпырт жайылады. Бұл пыш-пыш әңгімеге жауап берудің мүмкінідгі Кеннедиге 1958 жылдың 15 наурызында Гридирон кешкі асы кезінде туыпты. Ол сөзін былай бастайды: 

Мен қазір ғана әкемнен телеграмма алдым. Ол былай деп жазып жіберіпті: “Балам, Джон! Саған айқын басымдықпен жеңудің қажеті жоқ. Жеңіске қажет дауыстан артық бір дауыс та сатып алушы болма. Егер айқын жеңіспен ұтатын болсаң, онда мен банкрот боламын”. Осындай иронияға толы жауаптан кейін “Кеннедилер сайлауды сатып алмақшы” деген дақпырт күрт азайыпты деседі. 

Өз-өзіне күле алу, кемкішіліктеріне ирониямен қарай алу - саясаткерге ең керек қасиеттердің бірі. Себебі, бұл саясаткердің өз-өзіне сенімді екенін көрсетеді. Ал, мұндай қасиет қарапайым халыққа ұнайды. Халық тіпті, “аузында әзілі жоқтың, қолында шоқпары болар” деген мақал да шығарған. Сол себепті, юморға жақын болған АҚШ  президенттері әлі күнге дейін танымал. Олардың қатарында Авраам Линкольн, Джон Кеннеди, Рональд Рейган және Барак Обама бар. Орынды юмор - үлкен тапқырлық пен интеллектіні талап ететін жанр. Ал, сәтсіз айтылған юмор саясаткерді жарға жығуы мүмкін. Осыған орай, саясаткерлер әдетте кәсіби комиктер мен сатириктердің көмегіне жүгінеді. Ал, Тед Соренсен мен Джон Кеннедиге құдай юморды молынан берген. 

Егер байқасаңыздар, бұл жерде Тед Соренсен спичайтерлердің өмірін жеңілдету үшін және өзінің тәсілдерін тез жаттап алсын деген мақсатпен мнемоника техникасын қолданған. Яғни жақсы спич неден тұрады деген кезде ол “жақсы спич бар болғаны 5 жол мен 4 сөзден ғана тұрады” деген. 5 жол деген кезде спичрайтерлердің ойына бірден жоспар жолы (outline), тақырып жолы (headline), бастапқы жол (front line), қосалқы жолдар (sidelines), түйін жол (bottomline) келеді. Себебі, бұл жерде жол сөзі 5 рет қайталанып тұр. Ал, 4 сөз дегенде, Соренсен буын саны бірдей, бірдей рифмалармен аяқталатын 4 сөзді қолдаған - clarity, breavity, charity, levity

Келесі мақалада Тед Соренсеннің стильге байланысты 6 қарапайым ережесіне тоқталатын боламыз.

Нұрбек МАТЖАНИ

Байланысты жаналықтар

Қыркүйектің басынан елімізде 7 әскери қызметші мерт болды - журналист

14.10.2024

Халықаралық деңгейде ынтымақтастық нығайып келеді

27.09.2024

Президент жүктеген міндет. Қорғаныс саласындағы нәтижелі қадамдар

16.09.2024

Украинаға уәде етілген F-16 ұшақтарының алғашқы легі жеткізілді

05.08.2024

Ресей мен АҚШ сотталғандарды алмасу бойынша бірнеше адамды түрмеден босатты

02.08.2024

Зеленский Ресейдің екінші бейбіт саммитке қатысуы туралы айтты

01.08.2024
MalimBlocks
Қыркүйектің басынан елімізде 7 әскери қызметші мерт болды - журналист

Халықаралық деңгейде ынтымақтастық нығайып келеді

Алты мемлекеттің арнаулы операциялар күштері әріптестік, практикалық іс-қимылдарды пысықтады

Президент жүктеген міндет. Қорғаныс саласындағы нәтижелі қадамдар

Заңның қатаң сақталуы, оны қадағалау, темірдей тәртіпке бағыну сынды ерекше міндеттер жүктелді

Украинаға уәде етілген F-16 ұшақтарының алғашқы легі жеткізілді

Шілде айының соңғы күнінде Украинаға Ресей шабуылынан қорғану үшін АҚШ-тан уәде етілген 79 F-16 истрибелдерінің алғашқы он данасы жеткізілді. Биыл Украина тура осындай тағы 20 ұшаққа қол жеткізбек. Ал олардың қалған бөлігі 2025 жылы елдің қорғаныс саласына беріледі деп күтіліп отыр.

Ресей мен АҚШ сотталғандарды алмасу бойынша бірнеше адамды түрмеден босатты

Президент Байден мақұлдаған алмасу барысында Ресейде түрмеде отырған журналист Эван Гершкович пен Алсу Құрмашева, саясаткер Владимир Қара-Мырза және теңіз жаяу әскерінде бұрын қызмет еткен Пол Уилан бостандыққа шыққан.

Зеленский Ресейдің екінші бейбіт саммитке қатысуы туралы айтты

Ресейді Украинадағы жағдайды реттеуге арналған екінші бейбіт саммитке қатысуы тиіс. Себебі, жағдайды реттеуді әлемнің көптеген елдері қолдап отыр. Бұл туралы Украина Президенті Владимир Зеленский фрациялық журналистерге берген сұқбатында айтты.