Вакцина: Ажалың болар еді қу шешектен
Егер сіз 1900 жылы өмір сүрген болсаңыз, онда сіздің өмір сүру орташа жасыңыз небәрі 32 жас болушы еді. Сол заман адамдарының өмірін негізінен туберкулез, түрлі инфекция мен пневмония қиған.
Не болмаса соқырішектен қайтыс болған. Өткен ғасырда қауіпті саналған көптеген ауруды бүгінде бір ғана таблеткамен, бір ғана вакцинамен немесе бір ғана операциямен емдейтін жағдайға жетіппіз. Дүниежүзілік денсаулық сақтау эксперті, статист ғалым, марқұм Ханс Рослинг жылдан жылға адамдардың орташа өмір сүру ұзақтығы көбейіп, ана мен бала өлімі азайып келе жатқанын нақты және сенімді статистикаға сүйене отырып анықтаған. Адамзат мұндай жағдайға медицинаның және адамзаттың тұрмыс жағдайының жақсаруының арқасында қол жеткізген деп тұжырымдайды доктор Рослинг. Мысалы, 1900 жылмен салыстырғанда адамдардың орташа өмір сүру ұзақтығы 2.2 есе ұлғайып, бүгінде бұл көрсеткіш 71.7 жасқа жеткен.
Мұндай прогресске медициның, соның ішінде вакцинаның қосқан үлесі ерекше. «Базарым-ай, Назарым-ай, қу шешектен болды-ау сенің ажалың-ай» деген Кененнің зарлы өлеңін естіген боларсыздар. Әлемдегі ең алғашқы вакцина сол шешекке қарсы сонау-ау 1796 жылы ойлап табылған. Содан бері инфекциялық біраз ауруға қарсы көптеген вакцина шығарылды. CDC* вакцинаның арқасында адамзат 14 түрлі ауруды ұмытты десе де болады деп мәлімдеме жасады. Олардың қатарында полиомиелит (сал), сіреспе, гепатит Б және А, краснуха, дифтерия, қызылша және тағы басқа аурулар бар. Ханс Рослингтің айтуынша, бүгінде әлем бойынша 1-ге толған балалардың 80 пайызында әйтеуір бір ауруға қарсы вакцина бар.
Біз медицинаның көмегімен біраз індетті жеңіп, соңғы 50 жылда айтарлықтай үлкен пандемиялар мен эпидемиялардан аман қалдық. Бағымызға орай, бір кездері соншама адамның өмірін қиған аурулармен жаппай ауырмадық. Көбіміз эбола, шошқа тұмауы сияқты ауруларды тек жаңалықтардан естіп, жәйбарақат өмірге әбден үйреніп алдық. Осылайша біз вакцинаның қадірін ұмыта бастаған сияқтымыз. Оған қоса бүгінде вакцинаның пайдасына күмән келтіру бейне бір сәнге, білімділіктің, мәдениеттің, мықтылықтың өлшеміне айналғандай.
Десек те, вакцинаға күмәнмен қарау әлемде де кездесетін құбылыс. Мысалы, 2019 жылы АҚШ-та бірнеше онжылдықта болмаған қызылша ауруының өршуі тіркелді. CDC-дің айтуынша, ауырғандардың 75 пайызға жуығы діни сеніміне байналысты вакцина салдырмағандар екен. Өршу негізінен Нью-Йорк штатындағы Роклэнд пен Бруклиндегі ортодокс еврейлердің арасында тіркелген. Одан кейінгі көрсеткіш Вайоминг штатындағы меннонит қауымдастығына тиеслі.
Вакцинаға күдікпен қарауға діннен бөлек интернет те әсер еткен сияқты. Бүгінде әрқайсымыз ньюсмейкер бола алатын заманда өмір сүреміз. Кез келген адам расталмаған кез келген ақпаратты оп-оңай тарата алады. Сыни ойлауы дамымаған, ақпараттың дұрыс-бұрысын тексеру мен оның маңыздылығын екшелей алмайтындар қабылдаған ақпараттан қате тұжырым жасауы әбден ықтимал.
Адамдардың вакцинаға күдікпен қарауын Чип және Дэн Хиздің зерттеуімен түсіндіруге тырысайын. Олар өздерінің «Made to Stick» (орысша атауы: Сделано, чтобы прилипать”) кітабында белгілі бір идеялардың, көзқарастардың есте сақталып, кеңінен тарап, өміршең болуының заңдылығын тапқан. Ол үшін сіздің идеяңыз қысқа (short), тосын (unexpected), нақты (concrete), сенімді (credible), эмоциялы (emotional) және оқиға ретінде айтылуы (they are told as stories) қажет. Элементтердің ағылшын тіліндегі атауларының бас әріптерін қосса SUCCES деген акроним шығады. Дейтұрғанмен идеяның есте қалуы үшін осы 6 элементтің барлығы бірдей болуы шарт емес.
Осыдан бірнеше жыл бұрын елімізде міндетті вакцинациялауға байланысты қоғамдық талқылау болған кезді еске алайықшы. Әлеуметтік желіде вакцина салдарынан мүгедектікке ұшыраған немесе қайтыс болып кеткен кішкентай балалардың жантүршігерлік оқиғалары кеңінен тарады. Ондай оқиғаларды көрген, естіген кезде жүрегің ауырып, жаның қынжылады. Себебі ондай фактілер шынымен тіркелген, оны ешкім жоққа шығара алмайды. Баласынан айырылған, кішкентайы мүгедек болып қалған ата-аналарға Алла Тағала қуат берсін деуден басқа амалымыз жоқ.
Мұндай оқиғаларда Чип және Дэн Хиздің зерттеп тапқан 6 элементтің кемінде төртеуі кездеседі. Аталмыш оқиғаларды көп жағдайда аты-жөні көрсетілген ата-аналардың өздері айтқандықтан нақты (1) әрі сенімді (2), эмоциялы (3) болады және ол оқиға түрінде (4) баяндалады. Сол себепті вакцина салдарынан болған қайғылы оқиғалар кеңінен тарайды және адамдардың есінде мықтап сақталады. Осындай оқиғаларды оқыған, естіген ата-ананың баласына вакцина салдырғысы келмейтіні түсінікті шығар. Себебі ешбір ата-ана өз баласына жамандық ойламайды.
Дейтұрғанмен мұндай қайғылы жағдайлар жалпы халық санына шаққан кезде статистикалық тұрғыдан алғанда адам шошитындай, дабыл қағатындай көп емес екенін статистика мен фактілер көрсеткен. Джон Адамс айтпақшы, «фактілер - ол бір қырсық дүние». Біздің жүрек қалауымыз қандай болса да, бүйрегіміз басқа нәрсеге бұрып тұрса да, олар фактілер мен дәйектерді өзгерте салмайды. Сол қырсық фактілер мен дәйектер вакцинаналардың айтарлықтай деңгейде қауіпсіз көрсетіп отыр. Олардың қауіпсіз болатынын вакцина әзірлеудің тыңғылықты және мұқият процесімен түсіндіруге болады. Тек клиникалық сынақтың өзі үш кезеңінен тұрады: 1-кезеңде вакцина 20-80 адамға, 2-кезеңде 100-300 адамға, ал 3 кезеңде 1000-3000 адамға салынады. Ғалымдар вакцина қауіпсіз екеніне әбден көзге жеткізгенде ғана оны көпшілікке сала бастайды. Десек те, ешкім ешбір вакцинаның 100 пайыз қауіпсіз екеніне кепіл бере алмайды. Себебі, бұл теңдеуде вакцина қабылдаушының денсаулығы, вакцинаның сапасы, оның тасылмалдануы мен сақталуы сияқты айнымалылар бар.
Өкінішке қарай, осыдан бірнеше жыл бұрын билік және медицина жүйесі ақпараттық соғыста антиваксерлерге ойсырай жеңілді. Мыңдаған адам міндетті вакцинациялауға қарсылық білдіріп, петицияға қол қойды. Ең өкініштісі, ақпараттық соғыстағы жеңіліс дәл әлемдік коронавирус пандемиясымен тұспа-тұс келді. Сондықтан Қазақстан жағдайда адамдардың тек коронавирус вакцинасына емес, жалпы вакцинаға, оншақты жылдар бойы тиімділігі мен қауіпсіздігін көрсетіп келе жатқан, әбден тексерілген, миллиардтаған адамның өмірін сақтап келе жатқан вакциналарға күмәнмен қарай бастады.
Мен ешкімді вакцина салдыруға үгіттемеймін - бұл әркім өз жауапкершілігіндегі мәселе. Жеке өз басым жоғарыда аталған вакциналардың барлығын алғанмын. Осыдан бірер күн бұрын коронавирусқа қарсы Спутник V екпесінің екінші компонентін салдырдым. Ковидке қарсы вакцина салдыруға келгенде маған америкалық ғалым Адам Гранттың позициясы жақын. Ол «вакциналар қауіпсіз» деу дұрыс емес месседж деп есептейді. Адамдардың вакцинаға деген үрейін жоққа шығармай, оларды ашық мойындаған тиімдірек екенін алға тартып, келесідей месседж айтуды ұсынады: «Біз вакцинаның адам ағзасына тигізетін ұзақ мерзімді зардаптарын әлі толық білмейміз. Біз сонымен бірге ковидтің де ағзамызға тигізер ұзақ мерзімді зардаптарын білмейміз. Алайда қолда бар ақпаратқа сүйене отырып, вакцинаның пайдасы оның зиянына қарағанда көбірек екенін айта аламыз».
Ауырмаңыздар! Еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын!
(*Centers for Disease Control and Prevention (CDC) - АҚШ-тағы ауруларды қадағалау мен алдын алуға жауапты АҚШ денсаулық сақтау министрлігінің федералды агенттігі)
Нұрбек Мәтжани