Жамаубаев салық жинау үшін президент тапсырмасына қарсы шыға ма?

Елнұр Бақытқызы

  • 10.09.2021

Қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев таяуда шағын және орта бизнесті тексеруге президент жарияланған  мораторийді алып тастауды ұсынды. Министрдің сөзінше, бұл мемлекеттік бюджет табысын арттырады. Пандемиядан онсыз да зардап шегіп, шығынға батқан шағын бизнес өкілдері бұл бастамаға бірден наразылық білдірді. Мысалы, рестораторлар қауымдастығының мәліметінше, пандемия кезінде қоғамдық тамақтану саласындағы 35 мың кәсіпорын жабылып қалған.

Қоғамдық тамақтану қауымдастығы төрағасының кеңесшісі Вероника Нурпеисова 2021 жылы кәсіпкерлерден түсетін салықтың азаюын кәсіпкерлердің салық жалтару әрекетімен емес, түрлі шектеу шараларымен байланыстырады. Жұмыс уақытының қысқаруы, локдаунның салдарынан бюджет шілде айында қоғамдық тамақтану саласынан түсетін 1,8 миллиард теңгеден айырылған. Ал 35 мың кәсіпорынның жабылып қалуынан бюджет 5,49 миллиард теңге салықтан айырылды.

Бірақ қаржы министрлігі бизнес өкілдерінің уәжіне құлақ асып жатқан жоқ. Мемлекеттік кіріс комитетінің төрағасы Жайдар Іңкербеков екі күн бұрын өткен брифингіде кәсіпкерлер мораторийге қарамастан шын мәніндегі табысын көрсетпейді, тұтынушыларға чек ұрмайды деген уәжін келтірді. Іңкербеков министрлік арнайы режимдегі жеке кәсіпкерлер мен салықтан босатылған кәсіпкерлер  көлеңкеден шығып, нақты табысын көрсете бастайды деп үміттенсе де, бұл үміт ақталмағанын жеткізді.

Ал кәсіпкерлер қаржы министрлігінің бұл бастамасын мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаетың адал бизнес принципі туралы қаулысына қайшы дейді. Оның үстіне 2020 жылдың 1 қаңтарынан бастап шағын және орта кәсіпті тексеруге үш жылға жариялаған мораторий мерзімі әлі аяқталған жоқ.

Олай болса, бизнес онсыз да қысылтаяң шақта отырғанда, қаржы министрлігі неге осындай ұсыныс жасады? Мұның астарында не жатыр? Осы сұрақтарды сарапшыларға қойып көрдік.

"Министр бизнесті жазалау әрекетін заңдастыруға тырысып жатыр"

Айман Тұрсынхан, экономист, Eximar форсайт агенттігінің директоры:

– Бұл еш мән-мағынасы жоқ ұсыныс. Өйткені заңнның кері күші жоқ. Президент бизнесті тексеру мораторийінің күшін жоятын жаңа қаулыға қол қоймайынша және  жеке кәсіпкерлер мен шағын кәсіпорындарды төлемдерді кейінге шегеретін әрі корпоративті табыс салығы мен жеке табыс салығынан үш жылға босатқан құжаттардың күшін жоймайынша, бұл бос нәрсе.

Бұл бастама немен байланысты? Бюджет процесін реформалау мен 2018 жылғы өзгерістерден кейін шағын және орта кәсіп субъектілерінің  корпоративті табыс салығы бұрынғыдай республикалық бюджетке емес, жергілікті бюджетке түсетін болды. Оның әсері 2019 жылы-ақ сезілді. Республикалық бюджетке шикізат емес сектордан түсетін салық түсімдері күрт азайды, ал жергілікті бюджетке шикізат емес сектордан түсетін салық керісінше көбейді.

Меніңше, бұл бастама астарында қосымша құн салығын тексеруге тырысу әрекеті жатыр. Неге десеңіз, бұл – респубикалық бюджетке шикізат емес сектордан түсетін жалғыз қапшық. Ал республикалық бюджеттің шығыны қысқармай жатыр. Яғни жергілікті жердегі бюджеттің кірісі өссе, республикалық бюджеттің керісінше тапшылығы қатты өсіп жатыр.

Меніңше, бұл бастаманың ешқандай мән-мағынасы жоқ. Өйткені қазақстандықтар бірнеше жыл бұрын электронды шот фактурасына көшті. Сондықтан шағын және орта бизнесті тексерудің қажеті жоқ. Себебі қосымша құн салығын төлемес үшін жасалатын әрекеттердің бәрі бірден көрінеді. Егер айналымдағы қаржы лимиті өссе, салық органы бірден қосымша құн салығы бойынша есепке тұрғызу жөнінде хабарлама жібереді.

Шын мәнінде, министр мораторийдің күшін жою арқылы салық органдарының шағын және орта бизнесті, жеке тұлғаларды жазалау әрекетін заңдастыруға тырысып жатыр. Барлық жерде жеке тұлғалар мен шағын және орта бизнес шоттарын бұғаттау, айыппұл, пеня салу тәрізді алымдар алынып жатыр. Мұның бәрі президенттің пандемия кезінде орта және шағын бизнесті қолдау туралы бастамаларына қайшы. Айыппұл көлемі керісінше екі есе артты. Жеке тұлғаларға түсетін салық жүктемесі артты.

Бұл түсінікті нәрсе. Өйткені мемлекеттің шоғырландырылған бюджетінің кірісі үш нәрседен тұрады. Біріншісі – жергілікті салық, бұл жергілікті бюджет. Екіншісі – республикалық бюджетке алынатын салықтар. Үшіншісі – ұлттық қор шотына тау-кен, металл, мұнай-газ сатудан түсетін ақша. Бұл үш көзден республикалық бюджетке ең ірі кіріс түседі.  Бірақ одан бөлек бюджеттен тыс қор бар. Ол міндетті әлеуметтік-медициналық сақтандыру қоры мен бірыңғай ұлттық зейнетақы қоры. Шын мәнінде, бұлар әлеуметтік институтқа қатысы жоқ жанама салық көздері.

Ал енді мынаны қараңыз. Егер мемлекеттің шоғырландырылған бюджетінің табысын алсақ, 10 триллион теңге түсімнің 16 пайызы ғана ірі салық төлеушілерден түседі. Олар бұл статистиканы 37 пайыз деп көрсетеді. Бірақ шын мәнінде, ол 16 пайыз.

Бұл 16 пайыз түсімге бизнестен жиналатын қосымша құн салығы, мүлік салығы, кеден төлемдері, корпоративті табыс салығымен әлеуметтік салық жатады. Қалған 21 пайызға не кіреді? Бұл жұмысшылар жалақысынан алынатын жеке табыс салығы. Осылайша 21 пайыз немесе 2 триллион теңге жеке тұлғаның ЖСН-іне емес, жұмыс берушінің бизнес сәйкестендіру нөміріне байланған.

Шикізат емес сектордағы салықтың қалған 73 пайызы да дәл осылайша ыдырап кетеді. Ол да шағын және орта кәсіпке тиесілі салықтар. Одан бөлек жеке кәсіпкерлерден алынатын төлемдер бар. Осылайша үнемі кәсіпкерлік нысандар жыл сайын қысқару үстінде. Ешқандай салық жеңілдіктері болмағандықтан, бизнесін бөлшектеуге мәжбүр. Мысалы, ірі бизнес орталығының иесі қалалық мектептен аз салық төлейді. Неге? Өйткені салықтан жалтару үшін ірі бизнесті көптеген шағын бизнес пен жеке кәсіпкерлікке бөлшектеп тастаған.

Қаржы министрлігі, өінішке қарай, салық төлеушілердің құрылымын, морфологиясын зерттемейді. Ал бұған салық төлеушінің орналасқан жері,  бизнестен түсетін нақты табыс және пандемия жағдайында оның айналымына қандай салық жүктемесінің коэффициентін қолдануға болатыны жатады.

– Шағын бизнес өкілдері Жамаубаевтың ұсынысын сынап, онсыз да пандемияда айналымы қысқарып, бизнес шығынға батып жатқанын айтыпты. Жалпы, пандемия кезінде бизнес қаншалықты зардап шекті

– Карантин кезінде барлық ірі сауда нысандары шектеумен жұмыс істегені белгілі. Ең көп зардап шеккен де солар. Бірақ бұрын, пандемияға дейін ең көп салықтан жалтарған сала да осы еді. Дегенмен "мыстан аулау" басталса, одан бәрі зардап шегеді. Сондықтан бизнес өкілдерінің наразылығы түсінікті нәрсе.

Алайда бизнесті қанап бюджет табысын арттыру қажет емес. Өйткені републикалық бюджет, жергілікті бюджет шығынын зерттеп, білім беру, денсаулық сақтау, медицина, инфрақұрылымдық қамту тәрізді шығындарға бөліп тастасақ, салық мұның бәрін артығымен жабатынын байқауға болады. Тіпті бізден керек межеден анағұрлым көп салық көп жиналатынын аңғаруға болады.

Шын мәнінде, бізде үлкен көлеңкелі касса бар. Ол – бюджеттен тыс қорлар. Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры мен бірыңғай зейнетақы қоры. Барлық әлеуметтік кепілдік бойынша қажет ақшаны халықтың өзі осындай жанама төлемдер арқылы жауып отыр.

Меніңше, республикалық бюджет пен жергілікті бюджеттің кірісі мен шығынының нағыз аудитін жүргізсе, бюджетте салық онсыз да жеткілікті екеніне көз жеткізуге болады.

"Одан да табысы көп, салығы аз ірі бизнесті тексерсін"

Марат Қайырленов, Ulagat Consulting Group консалтингтік компаниясының директоры:

– Шикізат емес секторында дағдарыс болып жатқандықтан, қаржы министрлігі шағын және орта бизнесті тексеруге мораторийді алып тастау туралы ұсыныспен шықты деп есептейді.  Сарапшы қадағалаушы органдар тексерісті азайтқанымен, санитарлық-эпидемиологиялық қызмет бәрібір бизнесті тексеріп, дрон жіберіп, тойханаларды түсіріп жатқанын мысалға келтірді.

"Қаржы министрлігінің мұндай ұсыныспен шығуына салықтың аз түсіп жатқаны себеп. Бірақ мораторийді алып тастау дұрыс нәрсе емес. Себебі мәселе дағдарыстан туындап отыр. Одан гөрі салық аз төлетін, бірақ көп пайда табатын ірі кәсіпорындарды тексеріп, салық төлеудегі сәйкессіздікті анықтау керек. Қаржы министрі Жамаубаев Қытаймен сауда-саттықтағы айырма бірнеше миллиард долларға сәйкес келмейді деді. Мұның бәрі – жиналмай қалған салық. Сондықтан бизнесті қорқытып-үркітпей, осы жайттарды тексеріп, қосымша қаржы көздерін табу керек", – деді Марат Қайырленов.

Суреттер: inbusiness.kz, camonitor.kz

Байланысты жаналықтар

Қанат Бозымбаев ТЖМ, ІІМ және әкімдіктердің мереке күндеріндегі қауіпсіздікке дайындығын тексерді

09.12.2024

Еліміздегі жолдардың сапасы сын көтере ме? Мониторинг жүргізілді

02.12.2024

Сириядағы соғыс: Асад жанталасуда. Бірақ…

02.12.2024

Елімізде 26 млн ұялы байланыс абоненті бар – Статбюро

30.11.2024

Қыркүйектің басынан елімізде 7 әскери қызметші мерт болды - журналист

14.10.2024

Халықаралық деңгейде ынтымақтастық нығайып келеді

27.09.2024
MalimBlocks
Қанат Бозымбаев ТЖМ, ІІМ және әкімдіктердің мереке күндеріндегі қауіпсіздікке дайындығын тексерді

Мереке қарсаңында ІІМ мен ТЖМ қызмет көрсетудің күшейтілген жұмыс режиміне көшуде

Еліміздегі жолдардың сапасы сын көтере ме? Мониторинг жүргізілді

Мониторинг қатысушыларының 60% астамы сапасыз жол кесірінен өзі немесе жақындары апатқа түскенін айтқан

Сириядағы соғыс: Асад жанталасуда. Бірақ…

Сирияның “Хаят Тахрир аш-Шам” бастаған антиүкіметтік құрылымдары Мәскеу мен Асад режиміне нағыз “блицкригтің қандай болатынын” көрсетіп бағуда.

Елімізде 26 млн ұялы байланыс абоненті бар – Статбюро

Оның 18,7 млн-ы интернетке қосылған

Қыркүйектің басынан елімізде 7 әскери қызметші мерт болды - журналист

Халықаралық деңгейде ынтымақтастық нығайып келеді

Алты мемлекеттің арнаулы операциялар күштері әріптестік, практикалық іс-қимылдарды пысықтады