Түркістан мен Жамбыл облысында мерзімінен бұрын түрмеден босаған ер адамдар тағы да қылмыс жасады. Олар алдын ала сөз байласып, Ақмола облысының Астрахан ауылындағы отбасыны тонап кеткен. Жәбірленушілерді кішкентай баласымен қосып, жертөлеге қамап қойған, деп хабарлады Azattyq Rýhy.
Былтыр шілдеде Тараз қаласының екі тұрғыны мен Шымкент қаласының тұрғыны бірігіп, Астрахан ауылына барады. Түн ортасында беттеріне маска киіп, сол ауылдағы үйге ұрлыққа түседі. Үйде төрт ересек және 3 жасар бала болған. Баукеспелер оларды қорқытып, бүкіл ақшасы мен құнды заттарын тонап, ауладағы көлігін мініп кеткен.
Ұрылар Астанаға жол тартып, одан ары Таразға жөнеледі, тапқан заңсыз олжасы – 4,2 млн теңгені пайдаланады.
Сот үкімімен екі сотталушы бұрын өтелмеген жаза мерзімін ескере отырып, қауіпсіздігі барынша жоғары мекемеде 8 жыл 6 айға бас бостандығынан айырылды. Үшінші сотталушыға орташа қауіпсіз мекемеде 5 жылға бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды. Сот Жамбыл және Түркістан облыстары полиция департаменттерінің атына жеке қаулылар шығарып, шартты түрде мерзімінен бұрын босатылған адамдарды тиісті бақылауға алмаған жауапты қызметкерлерге шара қабылдауды тапсырды.
Сот жәбірленушілердің пайдасына 4,2 млн теңге материалдық залалды, сондай-ақ екі жәбірленушінің әрқайсысына 2 млн теңгеден моральдық зиянды солидарлық тәртіппен өндіріп алуды міндеттеді.
Сот актілері заңды күшіне енген жоқ.