АҚШ туристік және іскерлік виза алуға өтініш беретін Орталық Азиядағы үш елдің азаматтарын визалық кепіл бағдарламасына қосты, деп хабарлады Kazinform меншікті тілшісі.
АҚШ Мемлекеттік департаменті бекіткен 38 елдің тізіміне Қырғызстан, Түрікменстан және Тәжікстан кіреді, олардың азаматтарына B1/B2 категориялы визаны алу кезінде кепіл көлемі 5 мың, 10 мың немесе 15 мың АҚШ долларын құрауы мүмкін. Виза кепілінің сомасы әңгімелесу барысында жеке анықталады.
Қырғызстан мен Тәжікстан азаматтары үшін ережелер 2026 жылдың 21 қаңтарынан бастап, ал Түрікменстан үшін талаптар осы жылдың 1 қаңтарынан бастап күшіне енеді.
Бағдарламаға сәйкес, кепіл АҚШ Қазынашылығының ресми платформасы (Pay.gov) арқылы консулдық қызметкер виза алуға құқылы екенін растағаннан кейін ғана салынады. Кепіл салу визаның берілуіне кепілдік бермейді.
Виза иелері АҚШ-қа немесе одан тек келесі пунктердің бірі арқылы кіріп-шыға алады: Бостон-Логан халықаралық әуежайы, Вашингтон халықаралық әуежайы немесе Джон Кеннеди атындағы халықаралық әуежай.
Егер келуші АҚШ-тан уақытында кетсе, оны пайдаланбаса немесе елге кіруіне рұқсат берілмесе, кепіл толығымен қайтарылады.
Шарттар бұзылған жағдайда, соның ішінде елде болу мерзімін асыру, заңсыз жүру немесе иммигрант емес мәртебесін өзгерту туралы өтініш беру, соның ішінде баспана сұрау сияқты жағдайлар кезінде қаражат ұсталып қалады.