Вице-премьер Қанат Бозымбаев Azerbaijan Airlines (AZAL) әуе компаниясының Ақтаудағы ұшақ апатына байланысты тергеудің қалай жүріп жатқаны туралы ақпарат берді, деп хабарлайды Malim.kz.
Оның айтуынша, тергеу екі бағытта жүргізілуде. Біріншісі – қылмыстық іс, оны Қазақстан Бас прокуратурасы Ресей тарапымен бірлесіп қарастырып жатыр. Екінші бағыт – техникалық сараптама, бұл жұмысты Көлік министрлігі жүргізуде.
"Көлік министрлігі тергеудің соңғы кезеңінде тұр. Қазір біз лицензия иелерінен немесе технология иелері – аэронавигациялық құрылғылар бойынша жауапты компаниялардан түпкілікті қорытындыны күтіп отырмыз. Жалпы, министрлік тарапынан тергеуді биыл немесе келер жылдың басында аяқтауға дайынбыз", – деді ол Мәжіліс кулуарында.
Бозымбаевтың айтуынша, Бас прокуратура желісі бойынша да жұмыс алға жылжып жатыр.
"Генпрокуратура тарапынан да белсенді байланыс орнатылған. Сіздер көріп жүргендей, көршілес мемлекеттердің лидерлері де бұл мәселеге қатысты түрлі мәлімдемелер жасады. Сондықтан келесі жылы ол тергеудің де аяқталуына үміттіміз", – деді вице-премьер.