Маңғыстау облысында жоғалып, кейін өлі күйінде табылған 33 жастағы Александр Насибаридің денесінен 20-дан астам пышақ жарақаты мен басынан алған ауыр соққылар анықталған. Ал қылмысқа күдікті тұлғалар Қазақстан аумағынан шығып кеткен. Бұл туралы жәбірленуші тараптың адвокаты Ажар Әбділ мәлімдеді, деп хабарлайды Malim.kz.
Lada.kz жазуынша, адвокат Ажар Әбділ Facebook парақшасында Александр Насибаридің қазасына қатысты мәліметтерді жариялаған.
Оның айтуынша, Александр Насибари 24 қараша күні Ақтауда үйіне қайтып оралмаған. Туыстары оның жоғалғаны туралы полицияға 27 қарашада арыз түсірген. Ал 8 желтоқсанда ер адамның денесі өлі күйінде табылған.
Туыстарынан алынған ақпаратқа сәйкес, қылмысқа күдіктілер 27 қараша күні, яғни марқұмның жақындары полицияға ресми түрде жүгінген күні-ақ ел аумағынан шығып кеткен. Қазіргі таңда олар Ресей Федерациясының аумағында бой тасалап жүр. Осылайша, күдіктілер еш кедергісіз елден кетіп қалған деген сұрақ туындайды, деп жазды адвокат.
Ажар Әбділ тергеуден жасырынған күдіктілерге тікелей үндеу жолдады.
Оның айтуынша, қасақана адам өлтіру — Қазақстан Республикасының қылмыстық заңнамасы бойынша аса ауыр қылмыстар санатына жатады және мұндай қылмыс үшін жауапкершіліктен босату мүмкін емес. Тергеуден жалтару, қылмысты жасыру, елден кету және іздеуде жүру — барлығы құқықтық жағдайды одан әрі қиындата түсетін мән-жайлар.
Сонымен қатар заңда кінәні мойындап, өз еркімен келу және тергеуге белсенді түрде көмектесу жазаны жеңілдететін жағдайлар ретінде қарастырылатыны атап өтілген. Мұндай әрекеттер сот үкім шығару кезінде міндетті түрде ескеріледі және жаза түрі мен мерзіміне әсер етуі мүмкін.
Адвокаттың сөзінше, үздіксіз қашып жүру күдіктілердің жағдайын тек ушықтыра түседі.
Ол сондай-ақ қай жерде жүрсе де, күдіктілердің ұсталып, экстрадицияланатынын атап өтті. Себебі олар Қазақстан азаматтары. Бұл жерде жауапкершіліктен қашу туралы сөз болып отырған жоқ, тек заң аясындағы жалғыз дұрыс таңдау — қашуды тоқтатып, құқық қорғау органдарына өз еркімен келу екені айтылды.
Бұдан бөлек, Ажар Әбділ әлеуметтік желілер арқылы қылмыстық қудалау органдарына да үндеу жасап, бірқатар сұрақтарға ашық жауап беруді талап етті. Атап айтқанда, күдіктілерге республикалық, мемлекетаралық (ТМД аясында) және халықаралық іздеу жарияланған-жарияланбағаны, олардың елден шығуына қандай шектеу шаралары қолданылғаны және туыстар полицияға арыз берген күні күдіктілердің қалайша елден шығып кеткені туралы түсініктеме сұралды.
Адвокат бұл үндеудің резонанс үшін емес, өмір сүру құқығы, әділ тергеу және жазаның бұлтартпастығы үшін жасалғанын атап өтті. Оның айтуынша, жасырынып жүру жауапкершілікті кейінге қалдырғанымен, одан құтқара алмайды. Өз еркімен келу әлсіздік емес, заң шеңберіндегі соңғы мүмкіндік.
Қазіргі уақытта Lada.kz редакциясы Маңғыстау облыстық полиция департаментінен ресми пікір күтуде.
Еске салайық, Александр Насибари 24 қараша күні үйінен шығып кеткеннен кейін жақындарымен байланысқа шықпаған. Оның жоғалғаны туралы ақпарат әлеуметтік желілерде кеңінен тараған. 8 желтоқсанда Ақтау тұрғынының денесі радон көздері маңынан табылғаны белгілі болды.